Осы аптада Павлодар соты бұрынғы облыс әкімі Болат Бақауовтың бостандығын 3,5 жылға шектеді. Сондай-ақ оның өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салып, наградаларынан айырды және 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге үкім кесті. Жалпақ тілмен айтқанда, біздің «ізгі» сот экс-әкімді үйіне қоя берді. Жалпы, Қазақстанда жоғары лауазымды шенеуніктердің жеңіл-желпі жазамен сытылып кететіні қалай? Бұл халықтың билікке сеніміне селкеу түсірмей ме? Заң алдында бәрі бірдей деген қағида қайда?
Бастапқыда Бақауов «Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттi асыра пайдалану» бабымен ұсталған. Кейінірек іс «Лауазымын теріс пайдалану» бабына алмастырылды. Негізі, бұл айып бойынша дүние-мүлкін тәркілеп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сөйтсек, Бақауов кінәсін мойындап, процессуалдық келісім жасаған екен. Тергеу материалына сенсек, Бақауовтың туысы басқаратын AksuTransLogistic компаниясы 2014-2018 жылдары мемлекетке 200 миллион теңгеден аса салық төлеуден жалтарған. Өз кезегінде экс-әкім Салық департаментінен тексеру қорытындысын өзгертіп, төленбеген салықты 5 миллион теңгеге дейін азайтуды талап етіпті. Биыл 16 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Бақауовты кісендеп, 2 айға тұтқындады. Ең қызығы, әдетте құқық қорғау органдары қандай ауыр айып тақса да, тергеу барысында жоғары лауазымды тұлғаларды темір торға қамамайтын. Оның үстіне, Бақауов «бар болғаны» қызметін пайдалану арқылы туысына көмектесуді көздеген. Ал ондай жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстық Қазақстанда қалыпты құбылысқа айналғаны жасырын емес. Шым-шытырық хикая мұнымен бітпейді. Арада аз уақыт өткен соң Бақауов денсаулығы нашарлады деген желеумен үйқамаққа ауыстырылды. Сот процесі кезінде прокурор Елена Белова экс-әкімнің дүние-мүлкін тәркілеу жазасын алып тастауды өтінді. Оның сөзінше, Болат Бақауовтың атында арам жолмен тапқан ештеңе жоқ екен. Қысқасы, шенеунік үшін оқиғаның басы қатты болғанымен, аяғы тәтті болды. Әйтеуір, адамның ақылына сыймайтын түсініксіз нәрсе көп. Желідегі желауыздар «Бақауов – саяси ойындардың, яғни кланаралық қақтығыстың құрбаны» деседі.
Бірақ біз ұзынқұлаққа емес, ресми дерекке жүгінеміз. Ресми дерек былай дейді: осы уақытқа дейін ел қаржысын талан-таражға салған 30 мыңнан астам шенеунік ішкен-жегенін кері қайтарып, жазадан босатылған. Болат Бақауов та мемлекетке 165 миллион теңге төлепті. Қарапайым қазақтың түсіне кірмейтін орасан соманы экс-әкімнің қайдан алғаны, әрине бізге беймәлім. Былтырдың өзінде жемқорлар мемлекетке 24,6 миллиард теңге көлемінде шығын шектіріп, 22,7 миллиард теңгенің орнын толтырған. Өйткені қазір Қазақстанда коррупционерлерге қатысты заң біршама жұмсарған. Сот қылмыскердің жеке басын, қаржылық мүмкіндігін, өзге де мән-жайын ескеріп, еселенген айыппұл тағайындай алады. Қылмыстық заң оған рұқсат береді.