Депортация – Ұлы дала қасіреті
Депортация – Ұлы дала қасіреті
947
оқылды
Заманында Кеңес Одағы сан тайпадан құралған үндіс­терді жойып, тірі қалғанын резервацияға күштеп көшір­генін АҚШ-тың бетіне баса­тын. Бірақ КСРО идеологтері орта ғасырдан кейінгі әлем тарихында кездеспейтін «ха­лық­тарды жаппай депорта­циялау» секілді жауыздық жайында ауыз ашпады. Оған қатысты көп құжат сол бойы жасырулы. Әйтсе де, бүгінде там-тұмдап «құпия» грифі алы­нып жатқан деректердің өзі адамның тұла бойын түр­шіктіреді. «ХХ ғасыр ортасына таман халықтарды зорлықпен жаппай қоныс аудартудың баламасыз бұл науқанының астарында қандай себептер жатыр? Бұл мәселе онда­ған жылдан бері ғалымдар мен сарапшыларды толғантып келеді. Алайда түпкілікті, нақты жауап жоқ. Ресми нұсқа «осы халықтар­дың өкілдері Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде гитлерлік басқын­шы­лармен астыртын әрі белсенді ынтымақтасты, Кеңес әскерлері­нің тылында бандиттік бүлік салу қоз­ғалыстарын өрістетті-мыс» дегенге саяды. Ал жүргізілген егжей-тегжейлі, әрі бейтарап талдау бұл байламның жалған екенін көрсетіп отыр», – дейді белгілі зерттеуші, тарихшы ғалым, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситетінің доценті Манара Қалыбекова.  

Қазақ жерінде: Кавказ халықтары

Қап тауы етегіндегі халық­тарды қазақ еліне күштеп көшіру үшін тұтас операция әзірленген. Оның анық-қанығы былайғы жұрттан қатаң құпияда ұсталды, жергілікті тұрғындарға жаңсақ хабар тара­тылды. Көзбояу ретінде Халық комиссарлары кеңесі (ХКК) мен БК(б)П Шешен-Ингуш облыстық комитетінің «Солтүстік Кавказ әскери округі әскери бөлімдерінің тау жағ­дайындағы тактикалық жат­тығу­ларын дайындауды қамта­масыз ету туралы» арнайы шешімі қа­былданды. Ресейлік тарихшы ғалым Илесс Сигауридің мәліметінше, Қап тауында азын-аулақ бандалық элементтер Ұлы Отан соғысына дейін әрекет етті, Германия басып кіргенде олар жағдайды пайда­ланып қалуға тырысты. Неміс диве­р­санттары олармен байла­нысқа шығып, Шешенстанға әуеден қару-жарақ тастамаққа талпынған. Дегенмен бұл талаптар осы өңірдегі Кеңес билігіне елеулі қауіп төндірмеген. Оның үстіне, НКВД органдары сол мезетінде диверсанттардың көзін жойып отырды. ІІ жаһандық соғыс жүрген барлық жылда Шешенстан мен Ингушетияда ірі зауыттардың немесе көлік жолының бірде-бірінде ауқымды диверсия жасал­маған. Ендеше халықты көшіруге бұл салмақты негіз болмады. Соған қарамастан, 1944 жылғы 23 ақпанда, жұрт шырт ұйқыда жатқан таң азанда шешендер мен ингуштерді толығымен Қазақ­станға қоныс аударту бойынша кең ауқымды операция басталды. Оған НКВД, НКГБ және Смерш (әскери барлау) органдарының 19 мың арнайы жедел қызметкері, 100 мыңға жуық әскери офицер мен жауынгер тартылды. Баспа­надан қуып шығу мақсатында әскери авиация ауылдарды бом­балады. Жазықтағы елді мекен­дерден көшіру қысқа мерзімде және еш қарсылықсыз іске асты. Ал тау арасындағы аудандарда операция қиындыққа кезікті. Қыс кезі бол­ғандықтан таулы-құзды жолдар мен соқпақтарды қалың қар басты. Содан жинау пункт­теріне қойдай үйірілген тұр­ғындарды жөнелту орындарына жеткізу мүмкін болмайтыны анықталды. Бұл кей жерде жаппай қыруға ұласқан. Мысалы, Илесс Сигаури Хайбах, Макайжой, Галанчож және басқа таулы ауылдарда жүздеген адам өл­тіріліп, өртелгенін айтады. Урус-Мартан аудандық ауруха­на­сын­дағы жүруге жарамайтын сыр­қат­тар атып тасталды. Мал таситын теміржол құрам­дарымен Қазақстанға жеткізілген кавказдықтарды стансаларға апар­май, жолай ашық далада тас­тап кетеді. Оларды қазақ ауылда­рының тұрғындары тауып алып, тамақ берді, үйлеріне кіргізді, аштан өлуден, аязда қатып қалудан құтқарды. Өкінішке қарай, кейін әлденіп, күш жиған шешен-ингуштар ашуын қазақтан алды. Салдарынан қоныс аударғандар мен жергілікті тұрғындар арасында қақтығыстар болып тұрды. Ондай оқиғалар жайында бала кезімізде ересектердің аузынан талай естідік. «Шешендерді депорта­ция­лау­дың ресми идеологиясы олардың немістермен тізе қоса қимыл­да­ғанына сілтейді. Бұл – барып тұрған өтірік! ҰОС кезінде немістер Шешен-Ингуш республикасына дейін жеткен жоқ», – дейді саяси ғылымдарының докторы Абдурах­ман Авторханов. Сондай-ақ депор­тация жүрген 1944 жылы соғыс қимылдары Кавказдан аулаққа, Батысқа жылжыған болатын. 1945 жылғы 1 қаңтарда Қа­зақстанда 88 513 шешен отбасы немесе 360 405 адам тіркелді  

Қазақ жерінде: кәрістер

Сталин басшылығы жүзеге асырған тұтас халықтарды қазақ же­ріне күштеп көшіру көптеген саяси мақсатты көздегені сөзсіз. Соның бірі – жауынгер қазақты ұлт ретінде жойып, орыстандыру саясаты болды. Ол үшін қазақтарды өз елінде азшылыққа айналдыру міндеті белгіленді. Кеңестік кесір саясаттан зардап шеккендердің бірі – Корея тұрғындары. Оларды Қазақстанға көшіру себебінің рес­ми нұсқасы – «өңірге жапон тың­шылығының енуіне тосқауыл қою» болды. Тарихшы М.Қалы­бе­кова сталиндік бұл саяси қадамның түп-төркіні тереңде екенін жеткізді. «Шын мәнінде, корейлер КСРО-ның Қиыр Шығыстағы сая­сатының құрбанына айналды. 1937 жылғы шілдеде Жапония ішкі Қытайға баса-көктей кірді. Ай соңында олар Бейжіңді алды. То­лық бодан болудан қауіптенген шың елінің негізгі саяси күштері – компартия мен гоминдан 1937 жыл­дың көктемінде өзара қыр­қысты және азаматтық соғысты тоқтату, жапондарға қарсы бірың­ғай майдан құру туралы келісімге келді. Батыс державалары Азия­дағы осы ірі мемлекетті қорғауға бас ауыртпады. Содан жергілікті компартия ықпалымен гоминдан үкіметі Кеңес Одағымен жақын­дасуға барды», – дейді ғалым.    width= Ал кәрістердің бұған қатысы не? КСРО мен Қытай 1937 жылғы 21 тамызда жауласпау туралы ке­лісім бекітіп, Жапонияға қарсы соғысуға мәмілелесті. Дәл сол күні ХКК және БКП (б) Орталық ко­митеті сол кезде кеңестер қолына көшкен Қиыр Шығыс ауданда­ры­нан корей халқын күштеп қо­ныс­тандыру туралы қаулы шығар­ды. Осы арқылы Кеңес Одағы Қы­таймен одақтастық қатынас­тарын қадір тұтатынын көрсетті. Тарихта корейлер біраз шайқаста жапонның одақтасы болғаны белгілі. 1937 жылы 100 мыңнан астам корей қазақ жерінен мекен тапты.  

Қазақ жерінде: азшылық ұлттар

ІІ Дүниежүзілік соғыс қарса­ңында және сұрапыл майдан қыз­ған шақта Кеңес өкіметі идео­ло­гиялық тайталасты күшейтті, ішкі «жауларды» іздеу өрістеді. Солақай саясат аясында Түркиямен, Иран­мен және басқа да бақталас дер­жавалармен іргелес жатқан КСРО аудандарындағы саны аз ұлттарға қиянат жасалды. Мысалы, Әзер­байжан, Армения және Грузиядағы бірқатар этностар «сенімсіз» деп танылды. Өйткені олар шекараның ар жағындағы «бөгде» елдермен аралас-құралас еді, төскейде малы, төсекте басы қосылған ағайындар болатын. «Соцлагерьді» сыртқы әлемнен темір шымылдырықпен оқшаулаған Кеңес билігі осы этностардың ағайындық байла­ныстарын күрт үзуге кірісті. Мысалы, Қырымнан және Гру­зиядан түріктер, күрдтер, қы­рым татарлары, болгарлар, караимдар, гректер секілді этностар қарумен қорқытқан соң, амалсыз Қазақ­станға бет алды. Тарихшы ғалым, профессор Г.Қадырқұлованың дерегінше, жалпы алғанда, 110 мың месхетин түріктері, 507 мың шешен, ингуш, балкар және карачай, 24 670 грек жер аударылды. Қарағанды облы­сының Мемлекеттік архи­вінің мәліметінше, Қазақстанға жалпы саны 191 мыңнан астам Қырым татары келді. Тіпті, қалмақ халқының 20 мың­нан астам батыр ұланы Ұлы Отан соғысында жанқиярлықпен соғысып жатқанына қарамастан, 91 919 қалмақ Қазақстанға мәж­бүр­лі түрде қоныстандырылды. Қал­мақ, Қырым автономды рес­пуб­ли­калары, Карачай-Черкес автономды облысы секілді ұлттық-мемлекеттік тарихи бірлестіктер жойылды.  

Қазақ жерінде: немістер мен поляктар

1940-1941 жылдары Батыс Украина мен Батыс Белоруссия­дағы аса ауқымды поляк диас­по­расы – 102 мың адам Қазақстанға қайта қоныстандырылды. Волга жақта сонау Петр патша заманынан бері тұрып жатқан немістердің автономиясы жойы­лып, олар да қазақ еліне күштеп көшірілді. Себебі «Германия белгі берсе, бұлар жаппай диверсия және шпионаж жасауға әзір оты­рады» деген айып тағылды. Бірақ зерттеушілер архивтерде осындай сигнал-белгілердің болғаны не­месе немістердің гитлерлік Герма­ниямен байланыс жасағаны тура­лы ешбір дерек таппаған. Өзге этностардан ерекшелігі сол, неміс халқы КСРО-ның бар­лық аудандарынан жинап әкетілді. Грузия, Әзербайжан, Армения КСР-індегі, Украина, Кавказ, Мәс­кеу, Еділ жағалауы бойындағы немістер депортацияға ілікті. Әс­кер қатарындағы ұлты неміс офи­церлер мен солдаттар кері ша­қыр­тып алынды. 1941-1942 жылдары 1 209 430 неміс қайта қоныстан­дырылды. Депортация аяусыз, аса қаті­гез­дікпен жүрді. Бұл ретте қазақ халқының келісімі сұралған жоқ. И.Сталиннің «Товарищу Берия. Надо выселить с треском» деген қысқа тапсырмасы қалтқысыз орындалды. Қатты тарыққан қазақ халқы күштеп көшірілгендерді кеудеден теппеді, аштан өлтірмеді, көштен қалдырмады. Қазақ отба­сылары соғыс жағдайында онсыз да аз қалған азық-түлігімен, тұр­мыс­тық керек-жарағымен бөлісті. Ондай деректерді СҚО Тереңсай ауылында тұрған қазақтың қабыр­ғалы жазушысы, аудармашы Ге­рольд Бельгер өмірбаяндық шы­ғар­маларында баяндайды. И.Сталин өліп, жылымық бас­талған соң, 1957 жылы көптеген халықтарға тарихи Отандарына оралуға мүмкіндік берілді, олар­дың автономды облыстары мен рес­публикалары қалпына келті­рілді. Алайда Қырым татарларына, түріктерге және немістерге бұрын­ғы тұрғылықты орындарына қай­туына рұқсат етілмеді. Өзге халықтардың жүздеген мыңдық лекпен ағылып келуіне Қазақстан дайын емес еді. Кеңес өкіметі және компартия еңбек ре­сурстарын толықтыру үшін депор­тацияланғандарды ауылға жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл ха­лықтар Шу арнасы секілді ірі ны­сандарды салуға қатысты, ауыл шаруашылығында, шахта, руд­никтерде, немістер басып алған аумақтардан көшірілген зауыт-кәсіпорындарда істеді. Республи­камыздың бой көтеруіне үлес қос­ты. Бүгінде олар Қазақстан халқы­ның бөлінбес бір бөлігіне айналды. Жалпы алғанда, 1937-1944 жыл­дары эвакуацияланғандарын қоса алғанда, Қазақстанға 1 мил­лион 740 мың өзге этнос өкілдері көшірілді.  

 width=Айхан ШӘРІП