Төтенше жағдай мен карантин кезінде қозғалысқа қойылған шектеулер мен өндірістік қызметтің тоқтауы әлеуметтік-экономикалық ахуалға айтарлықтай кері әсер еткені жасырын емес. Бюджетінің басым бөлігі кәсіпкерлік пен қызмет көрсету саласынан түсетін Алматыда карантин мерзімінде адамдардың табыссыз қалуы олардың өздеріне ғана емес, қала экономикасына да біршама кері ықпал еткені анық.
«Алматыда көбінесе қызмет көрсету саласы зардап шекті. Мемлекеттік сектордан және денсаулық сақтаудан басқа, қаланың қызмет көрсету секторында барлық жұмыс күші шамамен 74 пайызды құрайды. Қызмет көрсету секторының ауқымды бөлігі шығынға ұшырағанын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері де көрсетеді. 15 сәуірдегі жағдай бойынша әлеуметтік төлемдер үшін 898 136 адам (қызметкерлердің 90%-ы) жүгінген. Олардың 447 363-і (қызметкерлердің 49%-ы) төлемдерді алды», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директоры Нариман Әбілшайықов.
Карантин қала экономикасына айтарлықтай салқынын тигізгенін шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев та жоққа шығармайды. Оның айтуынша, Алматы экономикасы төтенше жағдай режимі мен карантинге байланысты 9,2%-ға төмендеді.
«Біз көлік жүйесінде, саудада құлдырау болғанын көріп отырмыз, осының есебінен экономиканың 9,2 пайызға төмендеуі байқалады. Тиісінше, инвестициялар да төмендеді. Бұл экономикамыздың құрылымын көрсетеді – біз саудаға өте тәуелдіміз, ал сауда көлікпен де байланысты. Карантин болып, адамдар ешқайда шықпай отырды, автокөлік іс жүзінде жұмыс істемеді. Бұл да қатты әсер етті», – деді Бақытжан Әбдірұлы.
Статистикалық деректерге сүйенсек, Алматы экономикасының 40 пайызы саудамен байланысты екен.
Қала әкімі «Егер қала экономикасының құрылымында сауда тіпті 15% болса, біз басқаша өмір сүрер едік және салық көбейе түсер еді, экономиканы тезірек қалпына келтірер едік» деген ойын айтты. Осылайша, өнеркәсіптегі олқылық, әсіресе төтенше жағдай мен карантин кезінде айқын аңғарылып қалды. Күніміз саудаға тәуелді екені де бұрынғыдан бетер сезілді. Күнделікті нәпақасын сауда мен қызмет көрсету саласынан тауып, өз күндерін өзі көріп жүргендерді жазғыра алмайсың.
«Базарда көкөніс сатамыз. Екі айға жуық карантиннен кейін жұмысқа енді шығып тұрмыз. Табысымыздан қағылдық. Қалада пәтер жалдап тұрушы едік, көптен бері бір жерде тұрғандықтан, пәтер иесі түсіністікпен қарап, пәтердің ақысын алмады. Тек коммуналдық төлемдерді төлеуге келісті. Оған да рақмет. Әйтпесе, жағдайымыз, тіпті қиындап кетер еді. Мемлекет берген 42 500 теңгені де ала алмадық. Енді біртіндеп қалыпты жұмыс режиміне көшіп жатырмыз», – дейді қала тұрғыны Гүлжан Кәрімбекова.
«Жұмысымыз қашан басталады?» деген алаң көңілмен отырған тағы бір қауым бар. Олар – азық-түлік емес базар саудагерлері. Қаладағы коронавирус инфекциясына байланысты жағдай қалыпты болса, бұл сауда орындары 1 маусымнан жұмысын бастауы мүмкін.
«81 мың адам жұмыс істейтін сауда орындарының 76,5 пайызы әлі күнге дейін жабық. Айта кету керек, вирустың базарларда таралу ықтималдығы жабық және желдетілмейтін бөлмелерге қарағанда әлдеқайда төмен. Алаң желдетіледі, жазда температура жоғары, ашық жерде әлеуметтік қашықтық ережелерін еркін сақтауға мүмкіндік бар», – деді Өңірлік палата директоры Нариман Әбілшайықов. Демек, таяу күндері карантинді шектеу шараларының кезең-кезең бойынша алынуына байланысты тағы мыңдаған адам жұмысқа шығады. Бұл жұмыскерлердің өздеріне де, экономикаға да тиімді. Тек сақтану шараларын назардан шығармау керек.