«Қонжықтарын қорғаған аюды ата алмаймыз» – полиция кісі өліміне қатысты тың мәліметтерді жариялады 
«Қонжықтарын қорғаған аюды ата алмаймыз» – полиция кісі өліміне қатысты тың мәліметтерді жариялады 
Фото: Интернеттен алынды
178
оқылды
Алматы облысында аюдың ер адамға қалай шабуылдағаны жайлы полиция қызметі ресми мәлімет таратты.
«Куәгерлердің айтуы бойынша, марқұм Лепсі ауылының тумасы, туыстарына демалуға келген. 28 мамыр күні ол үш танысымен бірге атпен Лепсі өзеніне балық аулауға барған. Жанында иті болған. 30 мамыр күні үйге қайтар тұста 6 шақырымдай жол жүрген. Жолда ит аюдың қонжықтарын байқап оны қуалаған. Иті борсықтың ізіне түсті деп ойлаған атты жолаушы соңынан ерген. Қалың бұтаның ішіне кірген ит бір мезетте қатты ұлыған. Ер адам итіне көмектеспек болып қалың ағаштың арасына кірген. Біраз уақыт өткенде оның жанұшыра айқайлаған даусы естілген. Сол сәтте бұтаның арасынан аю атып шығып қаша жөнелген. Одан аттар үркіп, адамдар сескеніп қалған. Бұта арасынан табылған Ресей азаматы ауыр жарақаттың салдарынан көз жұмды», ­– деді Алакөл аудандық полиция бөлімінің бастығы Қуат Оспанов.
Полицейлер көктемде аю қонжығын қорғау үшін адамға шабуыл жасауы мүмкін екенін және осыған байланысты сақ болу қажеттілігін ескертті. Облыстық полицияның баспасөз қызметі «Аю қонжығын қорғамақ болғанына байланысты, ол атылмайды», – деп ресми мәлімдеді. Айта кетейік, біз бұған дейін Алматы облысында Ресей азаматын аю талап, мерт болғанын жазған болатынбыз.