Біз өз тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейінгі алғашқы дербес елдігімізді тарихтың аса бір күрделі де нәубетті кезеңдерінде жер бетіне тарыдай шашырап кеткен халқымызды өз атажұртына шақырудан бастаған елміз. Бұл орайда, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 31 желтоқсаны күні Қазақ радиосы арқылы сөз сөйлеп, шетелдердегі қазақтарға үн қатып, оларды өз атамекеніне оралуға шақырған-ды.
Соңғы кездері Қазақстан халқы арасында этносаралық қатынас, көші-қон және елдегі қазақ диаспорасының мәселесі тағы да кеңінен талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Әрине, бұл мәселенің біздің қоғамды алаңдатуы да және күн тәртібінде туындауы да кездейсоқтық емес. Біріншіден, жалпы қазіргі жаһандану дәуірінде диаспора мәселесі әрбір ұлттық мемлекет халқының тарихи сана-сезімі мен рухани дамуына ықпал ететін басты саяси мәнге ие болады. Екіншіден, әлі де шетелдерде тарыдай шашылып жүрген қандастарымыз бен өз туған жерінде атам заманнан бері тұрып жатқан отандастарымыздың тарихы мен мәдени мұрасының қазақ халқының біртұтас рухани дүниесін құрауы тиіс. Бұл жайдың екеуі де Қазақ мемлекетінің саяси-экономикалық дамуындағы басты, басымды бағыттардың бірі де болуы керек.
Қазіргі таңда шетелдегі қандастарымыздың жалпы саны, кейбір деректер бойынша 5,5 - 7 миллионға жетеді екен. Сонау өткен ғасырдың 90-жылдары басталған қазақ көші-қонының жыры да, сыры да таусылар емес. Алғашында шеттегі қазақтардың атажұртына деген ықыласты көші рухани сағыныштың арқыраған өзені болып ағылса, кейіннен түрлі тұрмыстық-әлеуметтік жағдайға байланысты ол біртіндеп, жылғаға айналды. Сөйтіп, көші-қон үрдісі де прагматикалық үдеріске айналды.
Қазақстанды мекендеп келген түрлі диаспораның өкілдері тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өздерінің тарихи Отанына үдере көшкені де белгілі. ТМД мемлекеттеріндегі саяси-экономикалық дағдарыстар мен өндірістік байланыстардың үзілуі еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуетіне де өз теріс ықпалын тигізгені анық. Жұмыссыздық және экономикалық жағдайдың төмендеуі мен түрлі тұрмыстық қиыншылық қазақстандықтардың шетелге, әсіресе Ресейге көшіп жатқан отбасылар санының жыл сайын артуы да байқалды. Көптеген өңірде елді мекендер бос қалып жатты. Соған қарамастан қазақ репатрианттары үшін квотаның және мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіз болғаны да қазақ көшінің сейіліп кетуіне кері әсер етті. Бұған қоса, азаматтық алу, зейнетақы төлеу, жұмысқа орналастыру және өзге де құжаттарды рәсімдеу үшін әртүрлі бюрократиялық кедергі әдеттегі құбылысқа айналып кетті. Қазақстанның өз ішіндегі миграцияның бәсеңсуі байқалады. Халқы тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлерден халық саны аз солтүстік пен шығыс өңірлерге қоныс аударушылардың қатары да сиреп кетті.
Қазіргі пандемия жағдайында және одан кейін де экономикалық дағдарыс салдарынан елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлап, шағын және орта бизнестің табысы азайса, бюджетті қысқарту және басқа да оңтайландыру жүргізілуінің нәтижесінде түрлі этнос пен репатрианттардың өмір сүруіне, сондай-ақ жалпы халықтың әлеуметтік және көші-қон жағдайына да әсер етері анық. Ресей биыл сәуір айында «Ресей азаматтығын алу ережелері» туралы жаңа заң қабылдады. Соған сәйкес, бірқатар елдердің, соның ішінде Қазақстан мен Беларусь азаматтары да өздері тұрып жатқан мемлекеттің азаматтығынан бас тартпай-ақ, Ресейде тұру мерзіміне қарамастан, Ресей мемлекетінің азаматтығын алуды заңдастырып қойды.
Міне, осы жайдың өзі-ақ және Қазақстандағы қазіргі көші-қон мен демографиялық процестердің нашарлауы, еңбек ресурстарының төмендеуі, еліміздің қаржы-экономикалық саласының күрделі ахуалы мен өзге де мәселелер таяу арада этносаралық қатынастарды дамытудың, көші-қон мен ішкі қоныс аудару мәселелерін ретке келтірудің жаңа бағдарламасын әзірлеуді талап етеді.
Бұл үшін этносаралық қатынастарды, көші-қон мен демографиялық, сондай-ақ диаспоралық саясатты дамыту мәселелері бойынша нақтылы талдау мен мониторинг жүргізу керек. Содан соң сол талдаулардың нәтижесі бойынша бағдарлама әзірлеу үшін дербес мемлекеттік құрылым құрылуы қажет. 1997-2004 жылдар аралығында осындай құрылымның бірі Көші-қон және демография агенттігі болатын. Ал қазіргі уақытта осы агенттіктің жұмысы Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Сыртқы істер министрліктері, ҚХА, сондай-ақ «Отандастар қоры» сияқты кейбірі мемлекеттік мекемелерге, кейбірі қоғамдық ұйымдарға бөлініп берілді де, істің соңы сұйылып бара жатқан сыңайлы. Алайда уақыт озған сайын, көші-қон, демография және диаспора мәселелері де әлі күнге дейін Қазақстанның маңызды әрі өзекті мәселесі болып отыр.
Соңғы жылдары ғылыми зерттеулер көбіне қазақ диаспорасының тарихы мен этномәдени-этнологиялық мұрасын зерттеуге, отандастардың әлеуметтік-мәдени бейімделуіне, әлеуметтік сауалнама жүргізуге және қазақтардың шетелдегі рухани-мәдени қажеттіліктерін іс жүзінде іске асыруға бағытталып келеді. Бұл ретте көші-қон демографиялық процестердің, олардың еліміздің экономикалық дамуы мен ұлттық қауіпсіздігіне әсер етуіне жасалған кешенді саяси талдаудың әлі де аздығы байқалады. Сондай-ақ Қазақстан жүргізіп отырған диаспоралық-дипломатиялық саясаттың құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және саяси салдарын зерттеуге бағытталған мәселелер зерттеушілердің тарапынан тыс қалып жатыр.
Бұл орайда, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық жаңғыруы туралы ұсыныстары мен бастамалары негізінде Қазақстанның этносаралық қатынастары мен көші-қон, демография және диаспоралық процестері саласындағы мемлекеттік саясатты тағы да айқындап, оны белсенділікпен іске асыру да қажет.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Парламент Сенатының депутаты