Парламенттік оппозиция: барар бағытымыз қандай?
Парламенттік оппозиция: барар бағытымыз қандай?
352
оқылды
Сонымен, Мәжілістен өтіп, Сенатқа жеткен пар­ламенттік оппозиция туралы заң жобасы бірауыздан қабылданды. Біреулер мұны демократияға қарай жасалған батыл қадам десе, кей сарапшылардың оған күмәні бар. Егер Президент құжатқа қол қойса, заң жобасы 2021 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап күші­не енеді. Бәлкім, қазіргі Пар­ламентке ол құжатты қолдану қиындау бо­лар. Ақжолдықтар мен комму­нистер оппозиция болуға ұмтылып тұрғаны ша­малы. Сәйкесінше, жаңа заң сай­лаудан кейінгі жаңа Парла­ментте қажет болар. – Бізге парламенттік оппо­зиция институты қажет. Соңғы жылдары өз ұстанымдарын ашық білдіріп жүрген белсенді азаматтар бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселені шешуге атсалысты. Біз балама пікірлер мен қоғамдық талқылау тоқы­раудың басы емес, дамудың бас­ты талаптарының бірі екеніне көз жеткіздік. Сондықтан Пар­ламенттегі саяси азшылықтың негізін заң жүзінде бекіту қа­жет, – деген еді Мемлекет бас­шысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында. Заң жобасына «оппозиция­лық партиялар билік партия­сынан бөлек өзгеше саясат жүр­гізуге міндетті» деген тезис ен­гізіліпті. Яғни, өзін оппози­ция­мыз деп ойлайтын депутаттар Парламентте үн-түнсіз жүре бер­мей, белсенді жұмыс істеуге, ха­лықтың мұң-мұқтажын жеткі­зуге тиіс. Заң жобасының автор­ларына сенсек, құжатта оппози­ция үшін бірқатар құқықтық артықшылық қарастырылған. Мысалы, олар әрбір сессия кезінде Парламент тыңдаулары мен Үкімет сағаттарын бекіту, Үкіметтің заң жобасына балама заң жобасын ұсыну, Парла­менттің кез келген іс-шарасына қатысу, Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында сөз сөй­леу құқығын иеленеді. Сонда дейміз-ау, ширек ғасыр бұрын қабылданған «Парламент және оның депутаттары туралы» конституциялық заң қайда қалады? Жаңағы құқықтың бәрі сол заңда тайға таңба басқандай жазылған ғой. Мұндай мүмкіндік депутаттарда баяғыдан бар емес пе? Яғни, қазіргі түрлі фракция өкілдері аталған құқықтарды қолдана алмағаны ғой. Қолданса, арнайы заң қабылдаудың қажеті де болмас па еді? Дегенмен заң жобасын ұсын­ған «Ақ жол» партиясының төра­ғасы Азат Перуашевтің сөзінше, ақжолдықтардың Парламент отырысында сөйлеуіне кедергі көп екен. – «Ақ жол» депутаттары сөй­леген кезде бірнеше рет микро­фон өшірілді. Екі шақырылымда біз дайындаған заң жобасының бұған дейін бірде-бірі өтпеген. Енді жаңа заң Парламенттегі көпшілікке оппозицияны шет­тетуге тосқауыл қояды, – дейді депутат. Талқылауға татитын ең негізгі өзгеріс: бұдан былай оппозиция өкілдері Мәжіліс комитеттерінің біріне төрағалық етіп, екі коми­тетке өз хатшыларын тағайындай алады. Оппозицияға бөлінген комитетке азшылықтын үміткері қажетті дауыс жинай алмаса, сол лауазымға оппозиция басқа да кандидаттарын ұсына алады, неге десеңіз, бұл квота тек оппо­зицияға бөлінген. Тіпті, Пар­ламенттегі көпшілік пікірталасты тоқтатамыз деп шешсе де, бә­рібір оппозицияға сөз беруге мәжбүр болады. Жөн-ақ. Оппо­зиция қоғамды алаңдататын мәселелерді көшеде емес, Пар­ламент қабырғасында көтерсе, өркениеттің нышаны емей немене? Бұл – қоғамдық пікірдің жүйелене отырып, Үкіметке жетуіне жағдай жасау деген сөз. Қазір Парламенттің төменгі палатасындағы 107 орынның 84-і Nur Оtan партиясына тие­сілі. Өзге екі партия – «Ақ жол» мен ҚКХП-ға жеті-жетіден орын бұйырған. Аталған екі партия да Үкімет ұсынған заңдарға табанды қарсылық танытып жүргенін байқамаппыз. Қоғамға қозғау салып, жаппай резонанс тудыр­ған мәселелерде үн қатқан кез­дері де шамалы. Демек, ол пар­тияларды оппозиция деу қиын-ақ. Мәселен, заңды әзірлеген Азат Перуашевтің Үкіметке азу тісін ақситқаны есте жоқ. Әлбетте, оппозиционер атаулы саяси оппонентін жақтырмауы керек деген қағида да жоқ. Бірақ саяси ұстанымның маңызды­лығын да ұмытпаған жөн. Айтпақшы, заң жобасы Парламенттің төменгі палата­сына арналған. Құжаттың кей тармақтарында бұл өзгертулер тек Мәжіліске қатысты екені анық көрсетілген. Бұдан шыға­тын қорытынды: оппозиция өкілдері көтерген көкейкесті мәселелер Мәжілістен өтіп, Сенатқа жетіп, жығылуы мүмкін. Себебі Сенат шешуші дауысқа ие. Ал «Ақ жол» партиясының өкілдері «заңды әзірлеу бары­сында әлемдік тәжірибеге сүйен­дік», – дейді. Рас, қос партиялы Батыс ел­дерінде Парламентте депутаттар бір-бірін тырп еткізбейді. АҚШ-тағы демократтар мен респуб­ликашылдар, Британиядағы лейбористер мен консерваторлар барын салып, күреседі. Қазір демократтардың атынан шыққан Нэнси Пелоси мен республика­шыл Дональд Трамп арасындағы саяси арпалысты көріп жүрміз. Біреуі бұра тартып бара жатса, дереу екінші жақ өре түрегеледі. Келешекте Мәжілісте сайлау­шы­лар мүддесін осылайша қор­ғайтын депуттарын көру – азаматтық қоғам үшін мақсат болып тұр. Бәлкім, қабылданған жаңа заң сол мақсатқа жол ашар...  

 width=Еркебұлан НҰРЕКЕШ