Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік технология университетінде ұлы ағартушы, ақын, қоғам қайраткері Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай ілімі – руханият негізі» атты республикалық дөңгелек үстел өтті. Онлайн режимде өткен отырыстың мақсаты – ұлт руханиятының бастауында тұрған Абай мұрасын бүгінгі көзқараспен қарастырып, оның өміршеңдігін жас ұрпаққа насихаттау. Конференцияда студенттерге ақын шығармашылығын эйдос-конспект арқылы талдату тәсілі туралы сөз болды. «Абай – ұлт руханиятының бастауында тұрған тұлға. Біздің негізгі мақсатымыз – Абай мұрасын бүгінгі көзқараспен қарастырып, оның өміршеңдігін жас ұрпаққа насихаттау. Артында қалған өлмес мұрасын күнделікті өмірде, негізгі ұстамға айналдыру», – деді онлайн конференция модераторы, ШҚМТУ ректоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Жасұлан Шаймарданов. Ол өзі басқаратын университетте студенттер санасын жаңғыртуға бағытталған «Адам бол» академиялық жобасы мен «ХХІ ғасырдағы Абай» курсы туралы айтып берді. Онлайн кездесуде сөз алған философия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім бүгінгі қоғам мен оның болашағы үшін жастарға Абай ұсынған жолмен жүруге кеңес берді. «Абай шығармалары адам қасиетіне қалай әсер етуде? Адамшылық, кісілік деген ұғымдарға қатысты ХХІ ғасыр жастары қандай ғибратты істер атқаруы керек?» дей келе, жас ұрпақ тәрбиесінің маңызына, оның іргетасы саналатын рухани құндылықтарға тоқталды. Саяси ғылымдар докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Сайын Борбасовтың айтуынша, Абай мен Шәкәрім шығармаларында адамның рухани келбетіне ерекше назар аударылған. «Олар адами қасиет адамның жүрек қалауынан туады деп есептейді. Ал адамгершіліктен ауытқу бақай есеп пен күншілдіктен, қулық амалынан туындайды», – деген пікірін білдірді. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Әдебиет және өнер институтының халықаралық қатынастар және әлем әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Светлана Ананьеваның Абайды әлемдік қоғамдастықта жаңа Қазақстанның бренді ретінде таныстыру керек деп санайды. Оның пайымынша, бұл – қазіргі ұрпақтың міндеті. Себебі Абай шығармашылығы әлемдік әдебиет тарихындағы ерекше құбылыс. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Айжан Картаева ақынның өмір бойы шарқ ұрып іздеген «толық адамы» жайлы сөз қозғаса, Семей мемлекеттік университеті «Абайтану» институтының директоры, доцент Әубәкір Жандос «Дала данышпаны» туралы баяндама жасады. «Абай» әдеби-мемориалдық мұражай директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайранбаева Абай мұражайымен таныстырып, жаңаша музейлендіру концепциясына тоқталды. Ал филология ғылымдарының кандидиты Гауһар Рахымбаева Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында Тіл комитетін 2021 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігіне өткізу туралы сөзін еске алды. Оның пікірінше, бұл қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу және оны үйрету ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді. Қолданысқа енгізілетін оқу бағдарламаларының тиімділігін талдау және мониторинг жүргізу жүйесін жасауға септігін тигізеді. Жас ұрпақтың өмірлік ұстанымын тауып, қоғамнан өзіндік орнын алуда адамгершілік қасиетті бойына сіңіру қажет екенін ескеруде Абай мұрасын басшылыққа алу қажет-ақ. Бұл орайда Абай мұрасын өзге ұлт өкілдеріне оқыту барысында әлемдік тәжірибеде бар жаңа әдіс-тәсілдерді қолданып, студенттерге ақын шығармашылығын эйдос-конспект арқылы талдатып, белгілі бір нәтижеге қол жеткізген филология ғылымдарының кандидаты ГауҺар Қиянаятқызының ғылыми мақаласы конференция қатысушыларының да қызығушылығын тудырды. Оқу үрдісінде осындай практикалық тапсырмаларды кең қолданып, студенттердің абстрактілі ойлауын, шығармашылық қабілетінің, ғылыми-зерттеу дағдысының артуына жол ашатын жаңа тәсілдердің қолданылуы – Абай мұрасын терең талдауға көмектесері сөзсіз. Нәтижесінде ұлы ақын шығармаларын талдау арқылы студенттердің бойындағы көптеген игі қасиеттері ашылып, эстетикалық талғамы артып, өнердің көптеген түрін игере түсері анық.
Айдана БЕГІМ