Алаяқтардың арбауына түскен тұрғындар заңды меншігін бөлісе алмай жатыр, – деп жазады 24.kz.
Дереккөздің жазуынша, Нұр-Сұлтан қаласында осындай дау тудырған 300-ден астам көлік анықталған. Бұған атышулы «Гарант», «Выгодный займ», Estate ломбардтары арқылы қақпан құрған қылмыстық топ кінәлі болып шықты.
Зардап шегуші Ақжібек Тілеубайқызы: «26 наурыз күні көліктің сигнализациясы ойнайды. Далаға шықсақ, далада біздің білуіміз бойынша, көліктің бірінші қожайыны келіп, машинаны тауып, сол жерде 102 шақырған. 102 келіп, ол көліктің сол жерде бізге не жағдайда, қалай сатылғанын сұрайды. Яғни, көлікті сол бірінші қожайыны «Выгодный займ» деген ломбардқа тапсырған екен. Оны біз сол жерде анықтадық», – дейді.
Ақжібек көлігін меншіктей ала ма, жоқ па белгісіз. Нақтысы – көліктің несиесін уақытылы төлеуі тиіс.
Бірақ көліктің кімнің меншігіне өтетінін сот шешеді.
Заңгер Ерлан Қуатаев: «Азаматтық кодекстің 157-бабы бар. Соған сәйкес, егер бастапқы мәміленің заңдық күші жойылса, одан кейін жасалған мәміле де заңсыз деп танылады. Мұндайда көлік бірінші болып зардап шеккенге, яғни, бастапқы иесіне қайтарылады. Сондай-ақ сол кодекстің 261-бабына сәйкес, мүлікті адал жолмен сатып алғандардың мүддесі қорғалуы тиіс», – дейді.