Көлік қаққан бұланның бұзауы сиырдың сүтімен өсіп келеді
Көлік қаққан бұланның бұзауы сиырдың сүтімен өсіп келеді
133
оқылды
Бір айдай уақыт бұрын аяғын енді ғана тәлтіректеп әрең басқан бұланның төлі жетім қалды. Оның енесін ӨскеменСамар тасжолының Өмеш асуында көлік қағып кеткен болатын... «Семей әуесқой автомобильшілер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің хабарлауынша, бұланның төлі Өскемен – Самар бағытындағы Өмеш асуынан табылған. Ол тасжолдың бойында көлік қағып өлтірген енесінің қасында жүрген. Түз тағысы қазіргі уақытта облыс орталығының сол жағалауда орналасқан хайуанаттар бағына жеткізілді. – Жабайы аңды хайуанаттар бағына кіргізу үшін бірқатар қиындықтар болғаны рас. Бірақ ең бастысы, қазір ол аман-есен, ал қалғаны осындағы қызметкерлерге байланысты. Бұланның төлін табылған жеріне байланысты Өмеш деп атауды жөн көрдік, – дейді қоғамдық бірлестік мүшелері. – Жетім қодығаның жарық әлемге келгеніне сол кезде шамамен, 10-ақ күн болған. Ең аяныштысы, ол енесінен айырылмай, айнала иіскеп, қасында жүрген екен. Оны көрген жолаушылар орманшыларға хабарласып, алып кетуін талап еткен, – деді болған жайды бізге баяндап берген Өскемендегі хайуанаттар бағының қызметкері Ержан Әсемханов. Бейкүнә төл бүгінде Өскемендегі этнопарктің жануарлар бағында толық қамқорлыққа алынған. – Саябаққа әкелместен бұрын 10 күндей орманшылардың қамқорлығында болған. Қазіргі таңда бұл жетім қодығаға бір ай болып қалды, – дейді ол. Оның айтуынша, алғашқыда жетім қодыға өте әлсіз болыпты. Биологтармен ақылдасқаннан кейін оның әзірге тек сүтпен қоректенетінін білген. – Тек қана сүт ішетін болғандықтан, күніне үш уақ сиырдың табиғи сүтін береміз. Үш айға толғанда ғана жем-шөппен қоректендіреміз, – деді маман сүйкімді жануардың басынан сипап. Қою қара көздері мөлдіреген бұланның бұзауы адамдардың ортасына осылайша тап болды. Алдағы уақытта әбден жетіліп, өскен соң өзінің тіршілік ортасына қоя беру де ойда бар екен. Ал мұның енесі үлкен бұланды қаққан көлік әлі анықталған жоқ. Оны ауыр жүк көлігі қаққан болуы әбден мүмкін дейді мамандар.

Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы