Адам жадының табанға қатысы бар ма?
Әлеуметтік желі арқылы жүргізген сауалнама кезінде ел арасында есте сақтау қабілеті жақсы адамдардың көптігіне куә болдық. Соның ішінде қысы-жазы аяқкиімсіз жүретін ерекше адам ретінде танылған Сахипзада Биболов назарымызды аударды. Сексеннің сеңгіріне шыққан Сахипзада ақсақалмен әңгіме-дүкен құруды ойласаңыз, онда сол күнге басқа жоспар құрмаңыз. Себебі Сахипзада Биболов әңгімеде есімін атаған адамдардың аты-жөнін ғана айтып қоймайды, оның туған күні мен жылын, руын, оның әке-шешесінің аты-жөнін, олардың неше жаста екенін, ол кісілермен танысқанда күн райы қандай еді, бәрі-бәрін баяндайды. Тіпті, олардың бала-шағасының жасына дейін жадына тоқып алған. Ал өзінің туған-туысы мен құда-жегжатының телефон нөмірлері мен туған күндерін жатқа біледі. Есте сақтау қабілетінің арқасында жапон, араб әліппесінен өз бетімен оқып алып, 90-жылдары осы пәннен сабақ та берген. Төрт жасынан шахмат ойнаудың хас шебері. Күні бүгінге дейін Павлодарда тоғызқұмалақтан жарыстарға қатысып тұрады. «Шахмат пен тоғызқұмалақ есте сақтауды жақсартады», – дейді ол. Алматы политехникалық институтында білім алған Сахипзада Биболов «30-40 жыл бұрын жұмыс істеген Павлодар трактор зауытында қанша цех бар, олардың аумағы қанша, зауытта қай жылдары қанша адам істеді, олардың аты-жөні қалай еді?» деген сұраққа да мүдірмей жауап береді. Қазақстанның барлық қаласын жиырма жылда аяқкиімсіз, жаяу аралап шыққан. Сол жиырма жылда бірде-бір аяқкиім сатып алмаған. «Той-томалаққа барғанда амалсыз аяқкиім киемін. Сосын мешітке бес уақыт намаз оқуға ғана тәпішке алып барамын. Өйткені дәрет алғанда аяғың таза болу керек. Ал қалған уақытта аяқкиімді қажет етпеймін», – дейді. Ал дәрігерлер жалаң аяқ жүрген адамның есте сақтау қабілеті жақсаратынын айтады. Адамның жады мен табанын байланыстыратын жүйке жүйесі мида сақталатын фрагменттерді жылдам еске түсіруге ықпал етеді екен. Мемлекет басшысына Абай өлеңдерін оқудан эстафета жолдаған 9 жасар Ләйлім Рысқали есте болар? Ол ақынның жүзден астам өлеңін жатқа біледі. Ләйлімнің анасы Жадыра Жұмакүлбай қызының «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңін 2,5 жасында жаттағанын айтады. «Ол жаста әріп танымайтын бала ғой. Бірде көпшілікке белгілі «Аю отыр партада, екі қолы қалтада...» деген өлеңді оқып бергенімде, тағы да оқып беруімді өтінді. Сосын өзі қайталады. Дастарқан басында отырған әкесі екеуміз мына балаға бірден Абайдың өлеңін жаттату керек деп шештік. Әуелі «Әсемпаз болма әрнегенің» бір шумағын үш рет оқып берген соң, ол сол шумақты қайталап айтып берді. 2,5 жастағы бала оқи алмайды, бірақ айтқаныңды қағып алады. Бала кезден Абай мен Шәкәрім поэзиясынан жаттаған өлеңдерім жадымда, тамақ жасай жүріп, көлікте кетіп бара жатып, Ләйлімге өлең оқитын болдым», – дейді Жадыра. Оның айтуынша, Ләйлім бесікте жатқанда нағашысы Дархан «Әсемпаз болма әрнегені» оқып, бесік тербетеді екен.Жадыны жақсарту өз қолымызда
АҚШ педиаторлары әке-шеше сәбиді бір айлығынан бастап әлі тілі шыққан жоқ демей, сөйлесіп, өзі сұрақ қойып, өзі жауап беруді ұсынады. Айналадағы тау-тасты да таныстырып, сөйлесу керек. Сонда баланың аудиал қабілеті дамитыны, сөздік қоры мол болатыны дәлелденген. Ләйлім 4 жасында кітап оқитын болды. Бірақ ол кезде де өлеңді айту арқылы жаттатып жүрдік. 1-сыныпқа барар жылы «сен енді оқи аласың ғой, өзің жаттай аласың ба?» дегенімізде, «сіздің оқығаныңызбен жаттағым келеді» деді. Күнде қасында жүрмеймін, жұмысқа баруым керек, сондықтан телефонның диктофонына өлең оқып беретінмін, ол дауысымды тыңдай жүріп жаттайтын», – дейді. Бұл баланың есте сақтау қабілетін дамытуға дайын әдіснама деуге болады. Кейін Ләйлім 1-сыныпта өзі оқып жаттайтын болды. Ол 3-4 жасында әкесі – Ерлан Рысқалидың репертуарындағы барлық әннің өлеңін жатқа айтатын. Әкесі ән шумақтарын әдейі ауыстырып, синонимдермен айтқанда, Ләйлім «әкетай, қателесіп айттыңыз» дейтін. Есте сақтау қабілеті жақсы балалар шет тілді де тез меңгереді. Сонымен бірге физикалық жаттығуға, спортқа, биге икемді болады. «Ләйлім мәнерлеп сырғанауға қатысады. Жаттықтырушысы оның көрсеткен қимылды тез қабылдап алатынын айтады. Шахмат жаттықтырушысы да солай дейді. Біз мұның барлығын өлең жаттаумен байланыстырамыз», – дейді Жадыра. Біз сөйлескен респонденттер жадыны жақсартудың жолы кітап оқу мен өлең-жыр жаттау екенін айтады. Ал кәсіби мамандар құнарлы тамақтану, есте сақтауға арналған жаттығулар және дәрілік заттардың пайдасын қосады. Ұйқының қануы мен тынығу есте сақтау қабілетін ұзартады. Туа бітті есте сақтау қабілетіне ие адамдар бар. Австралиялық Хобард Паула Прентис үш айда 130 мың есімді, нөмір мен мекенжайлар жазылған телефон анықтамалығын жаттап алған. Себебі ол телефон қызметінің операторы болған. Доминик О’Брайен ерекше жады иесі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. 1994 жылы ол есте сақтау жарысында 15 минуттың ішінде қытай тіліндегі 152 сөзді есте сақтапты. Ойын карталарын есте оңай сақтайтын оны казинолар маңына жолатпаған. Осыдан бірер жыл бұрын Ребекка Шеррок есімді қыз өзіне әлем ғалымдарының назарын аударды. Бүгінде 30 жасқа толған Ребекка дүниеге келген сәтін, шырылдап көзін ашқанын, оны қызғылт жөргекке орап құндақтағанын есінде сақтаған. Ол Гарри Поттер туралы кітаптың барлық томын жатқа айтып бере алады. Ғалымдар жер бетінде мұндай 60-80 ғана адам барын айтады. Ал сіздің есте сақтау қабілетіңіз қандай?Халима БҰҚАРҚЫЗЫ