Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Комсомольская правдаға» берген сұхбатында Қазақстанда Қырым мен Донбасстағы жағдай қайталануы мүмкін деген екіұшты пікірді жоққа шығарды.
Басылым келтірген мәліметте ресейлік журналистердің айтуынша, кейбір сарапшы Қазақстанда Қырым мен Донбасстағы жағдай қайталануы мүмкін екенін болжаған. Осыған қатысты Президент нақты жауабын айтты.
«Өзін «сарапшы» санайтындардың мұндай болжам жасауына ешқандай негіз жоқ. Олардың дүдәмал болжамдары Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандырып, көрші елдермен қарым-қатынасты бұзуға, кереғар етуге бағытталған. Мұндай болжамдарды тек біліксіз, пиғылы теріс адамдар ғана әдейі айта», – деді Тоқаев.
Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр желтоқсан айында да сұхбат бергенде осы мәселеге қатысты пікірін білдірген еді.
Сол кезде Қазақстан Президенті: «Біріншіден, Қырымдағы болған жағдайды аннексия деп айтпаймыз. Болған іс болды, бояуы сіңді. Аннексия – Қырымға қолданатындай өте ауыр сөз. Екіншіден, сіз айтып отырғандай, ешқандай қорқыныш жоқ, болған да емес, себебі екі ел арасында берік сенім орнаған. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Минск келіссөздері басталғанын еске сала кетейін. Ол сол кезде Астананы ұсынған, алайда логистика мен Еуропадан алыстығын ескере отырып, келіссөздер Минскіде өтетін болып шешім қабылданды», – деген еді.
Сұхбаттың толық мәтіні «Комсомольская правда» басылымында жарияланды.