Анонимді ақша аударуға тыйым салынады
Анонимді ақша аударуға тыйым салынады
306
оқылды
Мәжіліс басшысы Нұрлан Нығматулиннің төрағалы­ғы­мен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар жазған заң жобаларының үлкен топтамасы мақұлданды. Мысалы, заңнамаға ерекше қорғалатын табиғи ау­мақ­тар мәселелері бойынша түзетулер енгізетін жоба бірінші оқылымда құпталды. Мәжіліс Спикерінің айту­ынша, бұл заң жобасы бұрын шығарып әкетілген немесе ны­саналы мақсатына пайдала­ныл­маған жерлерді ерекше қор­ғалатын табиғи аумақтар, ұлттық парктер мен қорықтар құрамына қайтару процесін жеңілдетеді. – Осының барлығы ерекше қорғалатын аумақтардың бүтін­дігін сақтауға мүмкіндік береді. Сол арқылы біз табиғи кешен­дерді, сондай-ақ экологиялық, ғылыми, мәдени тұрғыдан ай­рық­ша мән-маңызға ие нысан­дарды сақтап қала аламыз, – деп атап өтті Нұрлан Нығматулин. Депутаттар өздері әзірлеген «Кейбір заңнамалық актілерге ауылдық елді мекендерде Интер­неттің қолжетімділігін қамта­масыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да І оқылымда мақұлдады. Панде­мия заманы ақпараттық техно­логиялардың қажеттілігін жеріне жеткізе дәлелдеп берді. Алайда қалалықтар үйден шықпай-ақ тындырған істер мен игіліктер ауылдықтар үшін мүлдем қол­жетімсіз болды. Парламентшілер ауылды кең жолақты ғаламторға қосу үшін арнайы заңға баста­машы болды. Ол байланыс опе­раторларына телеком­муни­ка­циялық инфрақұрылымды бір­лесе пайдалану мүмкіндігін ұсы­нады. Мәжіліс Төрағасы ұсынылған осы жаңашылдықтар арқасында ауылдық жерлерде ұялы байла­ныс желілерін құруды жеделдету үшін құқықтық шарттар түзіле­тініне назар аудартты. Ол ауыл­дықтарды байланыс және теле­коммуникация қызметтерінің заманауи құралдарымен қамта­масыз етуді жақсартуы тиіс. – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің таяудағы отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін ары қарай дамытудың маңызына тоқталды. Бұл бірінші кезекте цифрландыру процестерінің тиімділігін арт­тыру арқылы жүзеге асырылады. Заң жобасы дәл осы міндетті орын­дауға бағытталған. Нәти­жесінде, ауыл тұрғындарының электронды мемлекеттік қыз­метті үйде отырып алу мүмкіндігі молаяды. Сонымен қатар олар онлайн оқыту және цифрлы денсаулық сақтау жүйелерін белсенді пайдалана алады, – деді талқылауды қорытындылаған Нұрлан Зайроллаұлы.  Сондай-ақ «Кейбір заңна­малық актілерге шетел валюта­сындағы ипотекалық қарыздар және көрсетілетін төлем қыз­меттері нарығының субъекті­лерін реттеуді жетілдіру мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда құпталды. Құжат банктік емес төлем ұйымдарының сервистерін заңсыз операциялар жасауға пайдаланудың жолын кеседі. Анонимді пайдаланушылар­дың бір-біріне немесе анонимді элек­тронды әмиянға ақша ауда­руына тыйым салынады. Бұл қыл­мыс­тық ақшаның заңдасты­рылуына, терроризмнің қаржы­ландыруына тосқауыл қою үшін қажет көрінеді.  

Айхан ШӘРІП