Ауылдарда қоқыс контейнерлері өте аз
Ашығын айтсақ, мыңдаған қазақ ауылының маңы күл-қоқыс полигонына айналып кеткен. Онда не жоқ, қоқыстың бәрі бар. Қыс бойы ауыл тұрғындары тұрмыстық қалдықтардан бастап малдың тезегіне дейін сонда төгеді. Ең қауіптісі, ол күл-қоқыс полигондарында малдың, ит-мысықтың өлекселері үйіліп жатыр. Сол өлекселерді талап жеп жүрген ит-құстар. Олар жұқпалы ауру таратады. Қазір көп ауылды қара шыбын басқан. Қалыптасқан бұл сұмдықты қадағалап жатқан бір жанды көрмедік. Шұғыл шара қолданбасақ, елге жұқпалы аурулар тарап кету қаупі бар» делінген. Санитарлық жағдайларына тексеру жүргізіп, тиісті шараларды жүзеге асыру қажеті айтылып, арнайы қаулы қабылдау керегі жөнінде нақты ұсыныс қойылды. Ақпараттық ағартушылық үгіт-насихат штабының басшысы, «Ұлы дала қырандары» халықтық қозғалысының тең төрағасы Сәдібек Түгелмен тілдескенімізде ол ауылдардың төңірегінде қоқыс көп екенін айтты. «Бірнеше ауылды аралап, елді мекендердегі қоқыс пен ондағы эпидемиологиялық жағдайды өз көзіммен көріп қайттым. Ауылды қайтадан қалпына келтіріп, жандандырып, түбегейлі көтеру керек. Ауыл реформасын жүргізу қажет. 1984 жылы бізде 12 714 ауыл болды. Қазір оңтайландырудан кейін қалғаны 6 612 ғана. Екі есеге кеміп отыр. Соның өзін қоқыстан арылтып, тазалығын сақтай алмай отырмыз», – деді Сәдібек Түгел. Былтыр Экология департаментінің тексерісі барысында ауылдардың маңында үйіліп жатқан 300-ден астам қоқыс орны анықталған. Бұл қоқыс төгуге рұқсат етілмеген жерлер. Алайда бұл деректердің өзі нақты болмауы мүмкін. Мәселен, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ жүргізген ғарыштық мониторингте 2018-2019 жылдары Маңғыстау облысынан – 346, Павлодар облысынан – 700-ден астам, Жамбыл облысынан 346 қоқыс төгілген алаң табылған. Бұл деректер жыл сайын өзгеріп тұратыны тағы бар. 2018 жылы рұқсат етілмеген қоқыс полигонының саны еліміз бойынша 8,6 мың болса, 2019 жылы 9,2 мыңға жетті. Дегенмен ауылдық жерлердегі қоқыс жайлы жеке мониторинг жоқ. Әр аудан мен қала, ауыл өзінше жасайды. Ал республика бойынша қоқысты сұрыптауға арналған арнайы орны бар жалғыз ауыл‒Павлодар облысындағы Тереңкөл елді мекені. Тұрмыстық қалдықтар Тереңкөл ауданының орталығына жақын аумақтағы арнайы полигонында сұрыпталады. «Тереңкөл тазалық» ЖШС қоқыстарды қабылдап қана қоймай, оны сұрыптау үшін алаң ұйымдастырған. Кейін бұл ауылдың тұрғындары қалдықтарды сұрыптау үшін көшелерге жеке-жеке қоқыс жәшіктерін орнатқан. Сөйтіп, бұрынғыдай қоқысты бір жерге үюден бас тартып, сұрыптап төгуді меңгеріпті. Өкінішке қарай, еліміздегі өзге 6 мыңнан астам ауылға мұндай бақ бұйырмаған. Одан бөлек, мекендердің басым бөлігінде қалдықтарды залалсыздандыру бойынша жұмыс жүргізілмейді, қоқыс полигондарының шекаралары анықталып, қоршалмайды. Экологтар мен санитарлық мамандар осы күнге дейін айтып келеді. Тыңдар құлақ жоқ. Шамасы, төңіректің ластанбауына жауапты құрылымдар да, тұрғындар да салғырттық танытатын болса керек. Әйтпесе, елімізде заңнама бойынша, кез келген қоқыс тасымалданып, сұрыпталуы тиіс. Сонымен қатар оны өңдеу үшін инфрақұрылым жүргізілуі қажет. Сондай-ақ еліміздегі тұрмыстық қалдықтар арнайы полигондарға сұрыпталған күйінде шығарылуы тиіс. Қоқыс полигондары пластмасса, пластик, полиэтилен, қағаз, құрылыс материалдары қалдықтарын қабылдамайды және сақтамайды. Сондықтан арнайы контейнер орнатылған. Негізінен, мұндай ыдыстар қалаларда бар. Ал ауылдарда контейнерлер туралы айтудың өзі артық.Қоқыс өңдеуден үздік отыздыққа кіре алмаймыз
Қазақстан – дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп отырған ел. Үздік болу үшін кез келген істе көш басында болмақ керек. Алайда қоқыс өңдеу ісінде Қазақстан үздіктер қатарына әзірге кіре қоймайтын тәрізді. Өйткені дүниежүзіндегі көшбасшы, дамыған отыз елде қоқыс 90 пайыз өңделеді, тек 2 пайызы ғана жерге көміледі. Ал бізде, керісінше екенін сандық көрсеткіштен аңғаруға болады. Негізінен, қағаз, пластик, полиэтилен ғана іріктеліп алынады. Қалғаны сығымдалып, жерге көміліп жатыр. Елімізде қоқысты жоюдың негізгі екі жолы бар. Біріншісі – бактериямен шірітіп тыңайтқышқа айналдыру. Ал оның өзі бірден шірімей ұзақ уақыт бойы жататынын ескеру қажет. Екіншісі – өртеу. Экологтар екінші әдіске күрделі қондырғымен қатар отын көп керек екенін айтады. Сондай-ақ ауаға да зиянды заттар бөледі. Ол жағын да қаперге алған дұрыс болар. Халықаралық экология академиясының президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор Мұсағали Дуамбеков қалдықтардың артуының басты себебін кеңестік кезеңдегі шикізат мемлекеті болғанымызбен, жерасты пайдалы қазбаларын игеруде қалдықтардың көптеп жиналып қалуымен түсіндірді. Жалпы, бұл салаға ерекше көңіл бөлетін уақыт жеткенін айтты. «150 млн тонна тұрмыстық қалдық бар. Оған жыл сайын 5 млн тоннадай қосылып отырады. Яғни, тек жинап жатырмыз. Әр адам басына шаққандағы қалдықты есептер болсақ, дүниежүзінде көшбасшы болар едік. Мәселен, Нұр-Сұлтан мен Алматыда қоқыс өңдейтін ірі қондырғылар бар. Олардың өзі қоқыстың тек 10 пайызын ғана сұрыптайды. Құрылғылар бірде істейді, бірде істемей жатады. Жалпы, бұл салаға тиісті көңіл бөлінуі керек», – дейді Мұсағали Дуамбеков. Бұл еліміздегі тұрмыстық қатты қалдықтардың қоршаған ортаға кері әсерін тигізіп, экологиялық ахуалға айтарлықтай нұқсан келтіріп жатқанын көрсетеді. Әрине, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп, игілікке жарату жобаларының жасалып жатқанын жоққа шығармаймыз. Дегенмен олардың саны саусақпен санарлықтай ғана. Әрі әлеуеті аз. Түйін:Тұрмыстық қатты қалдықтар көлемінің шектен тыс ұлғаюы – алаңдатарлық ахуал. Оның үстіне, қоқыстың ауылды жерлерде көптеп шашылуы мәселені тіптен күрделендіре түседі. Қалаларда сенбіліктер арқылы төңіректі тазалаудың, тұрмыстық қатты қалдықтарды коммуналдық шаруашылық қызметі арқылы жинап алудың мүмкіндігі бар. Ал ауылдарда күл-қоқысты жинайтын қызмет түгілі бірлі-жарым техника да табыла қоймайды. Әрі тұрғындар да төңіректегі қоқысқа назар аудармайтын кездер кездеседі. Бәлкім, еттері үйреніп кете ме, кім білсін?!
Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ