«Қазақфильм» жекешелендірілмейді
«Қазақфильм» жекешелендірілмейді
фото: ашық дереккөз
320
оқылды
  Ақтоты Райымқұлова ОКҚ алаңы арқылы халық алдында есеп беру кездесуін өткізді. «Әлбетте Қазақфильмді тарату туралы тіпті әңгіме де қозғалған емес. Шынтуайтында «Қазақфильм» - Қазақстанның кинобренді іспеттес. Ол – Орталық Азия аумағындағы кино шығаратын ең ірі өндіріс ошағы. Онда кино шығаратын технологиялардың бәрі бар. Өздеріңіз білетіндей, киностудия мемлекеттің қатысуындағы акционерлік қоғам болып жұмысын жалғастыруда. Бұл заңды мәртебе – киностудияның өзін-өзі ақтайтынын және мемлекеттік субсидияға мұқтаж еместігін көрсетеді», - деді министр. Ақтоты Райымқұлованың айтуынша мемлекет бюджетінен осы уақытқа дейін дубляжға, тираждауға, дистрибуция мен киноны сақтауға қаражат бөлініп келгенін айтып өтті. «Жыл сайын «Қазақфильм» мемлекеттік тапсырыс аясында 270 млн теңге көлемінде ақша алып келді. Киностудия мемлекет қаражатымен ұсталып, жақын уақытқа дейін жұмыс істеп келгенін білесіздер. Қазіргі уақытта кино өндіретін компаниялардың алдында жаңа тегеуріндер пайда болды. Жаңа технологиялар да пайда болуда», - деді ол. Министр Ұлттық киноны қолдау орталығы құрылғанын, елде 114 жеке киностудия, 112 анимациялық киностудия барын мәлім етті. «2019 жылдың қыркүйегіне дейін «Қазақфильм» киностудиясы жекешелендірілетін нысандардың қатарында болып еді. Алайда министрлік пен Үкімет үлкен жұмыс атқарып, «Қазақфильм» киностудиясы жекешелендірілетін нысандардың тізімінен алынып тасталды. Яғни «Қазақфильм» жекешелендірілмейді. Мемлекет «Қазақфильмді» қолдау үшін қолдан келген көмектің бәрін көрсетуде», - деді ол.