Балалар қандай адаммен етене байланыста болса, өмірлік сапарын дәл сол тұлға сияқты бастайды. Балаға ең жақын үш адам баланың өмір жолына бағдар сілтейді, деп жазады kazakcnr.com сайты.
«Баланың кім болуын белгілейтін үш адам» атты танымдық мақалада перзент тәрбиесіндегі өзекті мәселелер туралы ой қозғалған. Онда бала болашағының жарқын болуына тікелей ықпал ететін – ата-анасы мен ұстазы екені айтылған. Төменде осы мақаланың ықшамдалған өзекті деген тұсы беріліп отыр
«Әке ـ асқар тау» дейді халқымыз. Міне, осыдан-ақ әкенің бала үшін кім екенін түсіне қоямыз. Әке ـ перзент өмірінің жарқын болашағына негіз қалайтын тұлға. Отбасында әке баланың – ең жақсы үлгісі, тамаша ұстазы. Әдетте, балалар әке бойындағы таңдаулы қасиетті өзіне мақтан тұтады және өзіне де осы өлшеммен талап қояды. Әкесі үнемі серік болатын, әке қамқорлығына барынша бөленген бала күнделікті өмірде батыл, өз-өзіне сенімді, басқалармен араласқанда жасқаншақтамай, тура сөйлеп, өзін еркін ұстайды.
Американың Йель университетінің зерттеуінше, ер адамға ілесіп есейген балалардың ақыл-ой өресі жақсы дамып, мектептегі үйрену нәтижесі де үздік болады екен. Олар қоғамға шыққан соң жұмысын табысты істей алады. Сондықтан, перзентім үздік болсын десек, әкелердің ой өрісі кең болуы, көбірек уақыт бөліп, балалармен бірге болуы қажет. Әкенің үздік болуы – бала үшін таптырмас тәрбие!
Ана күллі ғаламға үн-түнсіз ғана тіршілік нәрін сыйлап, өмір беріп тұрған суға ұқсайды. Ол отбасына жылулық сыйлайды, балаға сүйіспеншілік нұрын сеуіп, нәзіктікті, биязылықты үйретеді. Баланың кісілігі, мейірімді, мерейлі болуы анасынан келеді.
Сәбилер әдетте ең көп уақытты анасымен бірге өткізеді. Аналар әлемнің жарығын сыйлағаннан бастап-ақ, балалар негізінен оған иек артумен болады.
Әйелдің мінез-құлқы жайдары, жанұяны шаттыққа бөлей алса, балалардың көңіл-күйі орнықты, ортақ шаңырақ ордасы тәту-тәтті келеді. Ал, керісінше, мінезі нашар, үнемі дауыс көтере сөйлеп, басқаларға ашу шақыра жөнелетін әдеті болса, бала да кері ықпалға ұшырайды. Ондай ортада өскен балаңыз тым жасық, қорғаншақ, уайымшыл не өте ызақор, ашушаң болып ержетеді.
Белгілі ғалым Уильям Дэймон «Мақсатқа апарар жол» атты кітабында «Баланың есейуінде отбасынан бөлек маңызды рөл атқаратын ерекше адам – ұстаз» дейді. «Бір күндік ұстаз ـ мың күндік әке» деген екен бұрынғылар. Осыдан-ақ, ұстаздық етуші кісінің балаға болатын ықпалы қаншалық екенін біле беріңіз. Күнделікті сабақ барысында оқушы бір педагогты ұнатпай қалса, оның сол мұғалім беретін сабақты үйренуге ықыласы азаяды. Ал керісінше, оқушы ұстазды жақсы көретін болса, оның пәнін үйренуден еш жалықпайды.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейтін аталы сөз бар. Оқытушы баланың білім алу көзқарасына әсер ете алады. Ұстаз балаға үйренудің үздік натижесін сыйлай алмаса да, оларды білім алуды сүйетін, ынталы етіп тәрбиелей алады. Мұндай оқытушының қолынан шыққан бала үйренуден мезі болмайды, қашқалақтамайды. Тәрбиенің артықшылығы міне, осында. Оқытушының кішкентай ғана іс-әрекеті осыншама керемет нәтиже жарата алады.