– Қай кезең екені әлі анықталған жоқ. Мерзімдеуші материалдар шықса, қай кезеңге жататынын сонда айта аламыз. Бірақ ортағасырлық қала жұрты екені анық. 5 ғасыр мен 12 ғасырға дейінгі аралық болуы мүмкін. Қала жұрты Жіңішке өзенінің бойы мен Саржыра ауылының маңынан анықталды. Жіңішке өзенінің бойында жеке-жеке құрылыс ғимараттары көп. Үстін құм басып, биік төбелерге айналып кеткен. Олардың саны біршама. Осы жерден тым алыс емес, Саржыра деген жерден де қала жұрты табылған. Бұл – кәдімгі қорғанды-бекіністі қала. Оның маңайында әртүрлі құрылыстар бар. Бұл нысандарды жақсылап зерттеу керек. Ерекше атап өтерлігі, бұл – әйгілі Жібек жолының кішігірім бір тармағы. Мен мұны бұрыннан айтып жүрмін. Негізгі жол Жоңғар қақпасына қарай кетеді. Яғни, Жетісудан басталады. Екінші бір тармағы Тарбағатайды бөктерлеп, Ақсуат, одан ары Зайсан, одан Жеменей, қара Ертістің бойымен Қытайға қарай өткен деп ойлаймын. Осы жолда қала жұрттары, қоныс орындары табылып жатыр, – деді археолог. Археологтың айтуынша, екі қалашықтың орналасқан аралығы бір-біріне жақын. Шамамен 25-30 шақырым. – Екі жерден де қыш құмыралардың сынықтары табылды. Бұл – тек жер үстіндегі материалдар. Енді қазба жұмыстарын бастаймыз. Барлығы сол кезде белгілі болады, – дейді Әбдеш Төлеубаев.Ал археологтың өзіне хабарласқанымызда, әзірге нақты мына қала, мына қағанатқа тиесілі деуге әлі ерте екенін айтты.
Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы