Кафе мен мейрамханаларға жазғы алаңын кеңейтуге рұқсат етілді
Кафе мен мейрамханаларға жазғы алаңын кеңейтуге рұқсат етілді
©Сурет интернеттен алынды
161
оқылды
25 мамырда Алматыдағы 3100 жазғы алаң мен қоғамдық тамақтану орындары қызметін қайта бастаған еді. Олардың жұмыс шарты - көрші столдағы отырған адамның арасы 2 метр ара қашықтықты сақтау. Бір столға бір отбасы мүшелерін айтпағанда, 4 адамнан артық адам отырғызбау міндеттелген еді. Ал қоғамдық тамақтандыру нысандарының жұмысына сағат 23:00-ге дейін рұқсат берілген.
«Әлеуметтік қашықтықты сақтағандықтан аталған мекемелерде отырғызу орындарының саны 1,5-2 есеге төмендеп кетті. Кейбір нысандарда жазғы алаңдары жоқ. Халық арасындағы жоғары маусымдық сұранысты ескере отырып және қызмет көрсету саласының нысандарын қолдау мақсатында, Алматы қаласының әкімдігі жазғы алаңдар санын, оларды іргелес жатқан аумақтарға орналастыру есебінен, арттыру мүмкіндігін ұсыну туралы шешім қабылдады»,– деп хабарлайды қалалық әкімдік.
Алайда, аталған нысандарды тұрғын үйлердің терезесінің алдынан ашуға, сол үйлердің тұрғындарының жазбаша келісімі болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Нысандардың қызметіне барлық санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталған жағдайда, рұқсат етіледі.
Бірақ әзірге қалада банкеттер мен салтанатты жиындар өткізуге болмайды. Сондай-ақ, караоке, бильярд және басқа да қоғамдық тамақтандыру аумағында жұмыс істейтін көңіл көтеретін мекемелердің жұмысына тыйым салынған. Кальянға да рұқсат жоқ.