Кейінгі жылдары мектептегі жөндеу жұмысына ақша жинау тақырыбы ілуде бір көтерілген-ді. Білуімізше, жергілікті әкімдік пен білім бөлімдері ата-аналардан ақша жинауды доғарған-ды. Министрлік те мәселені жан-жақты қарастырып, жауаптылар жазасыз қалмайтынын ескерткен.
Осыдан-ақ қоғамда бұл мәселенің меңдеп тұрғанын білуге болады. Кеңсе тауарларына, мұғалімнің принтеріне, сыныптағы ұсақ-түйекке ақша жинайтын ата-аналар көп екен. Осы туралы бастапқыдағы жазба авторының да пікірін білгіміз келді. Айгүл Орынбек ата-аналардан ақша жинауға үзілді-кесілді қарсы. «Негізі, соңғы бір-екі жылда ақша жинау мәселесі тоқтап қалған. Қайта басталыпты. Қарсымын, бізде көпбалалы аналар бар. Әр баласына 100 теңгеден берудің өзі оларға ауыр», – дейді ол. Автор жазбасының астында тұнған «тарих». Біз бірнешеуін назарларыңызға ұсынамыз. Гүлнұр Абу есімді желі қолданушысы «Бір кабинетке жөндеу жұмысын жүргізу үшін 7 мың теңге жинаймыз. Жылда бағасы көтеріледі. Биыл 8 мың теңге болатын шығар. Кабинет меңгерушісі,1 ауысым мен 2 ауысым оқитын сынып жетекшісі үшке бөлінеді. Бермеймін десең, «келіп, ремонт істе» дейді» деп жазған. Пікір авторының жеке парақшасына кірсек, Шымкент қаласы деп көрсетілген. Бір ғана бұл емес... Мира Әліқұлова есімді ата-ана дәл сол жазбаға мұғалімнің қағазына, сыныптың безендірілуіне ақша жинаймыз деп жазған. «Баланы шеттетпеуі үшін амал жоқ сұрағанын бересің», – дейді ол. Ақша жинау төңірегіндегі мәселе Шымкент қаласында көтерілген соң жергілікті Білім басқармасына қоңырау шалдық. Алғашында телефонды сыпайы көтерген қызметкер сұрақты естіген соң құлықсыз жауап берді. Білім басқармасы басшысының орынбасарының нөмірін бергенімен, ол қоңырауымызға жауап бермеді. Бірде телефон сымы «үзіліп» кетті, бірде сол күйі тұтқаны көтерген жоқ. Шымкенттегі Білім басқармасының мұндай сұраққа жауап беруге «мұршасы» жоқ-ау шамасы. Мұндай мәселе тек Шымкентте емес, еліміздің түкпір-түкпірінде бар. Мәселен, Ақтөбе облысында тұратын мұғалім Айгүл Нәбиқызы (есімі өзгертілді – авт.) өз қалтасынан ақша шығарып, сыныпты әктегенін мәлімдеді. «Осы уақытқа дейін әркім өз кабинетіне қалтамыздан ақша шығарып, әктеп, сырладық. Бірақ биыл облыстық Білім басқармасының берген сұхбатында ремонтқа қаражат бөлінгенін және оны мұғалімдердің жасамайтынын айтты. Сондықтан не боларын күтіп отырмыз. Жөндеу жұмысына ата-аналар демеушілік жасайтын. Онда да өз еркімен. Негізінде ақша сынып жетекшінің, кабинет меңгерушісінің қалтасынан шығады» дейді ол. Бұдан бөлек, Сарыағаш ауданы Жылға елді мекенінің тұрғыны Гүлзат Сариева желіде С.Сейфуллин атындағы мектептің жылда бояуға ақша жинайтынын жазған. Facebook-те Орал Молды есімді желі қолданушысы елордада бастауыш сынып мұғалімдері ақша жинап, сыныпты әктеп шыққанын атап өткен. Осы орайда елордада тұратын ата-ана Мерей Таңқызынан (есімі өзгертілді – авт.) ақша жинаудың бар-жоғын сұрадық. «Жыл басында қорға 2 мың теңгеден ақша жинаймыз. Соның ішіне апайдың А4 қағазы, сабын, әжетхана қағазы мен принтердің бояуы кіреді. Қалғаны ремонтқа қалады. Жетпесе жыл соңында тағы 500 теңгеден өткіземіз», – дейді ата-ана. Мерей Таңқызы ақша жинағысы келмейтінін, бермесе баласын түртпектей ме деп қорқатынын да жасырмады. Жоғарыдан бөлінген ақшаның қайда кеткенін сұраса, жауап жоғын да алға тартты. Сынып жетекшісі де «ақшаны мен жинатып жатқан жоқпын» деп басын алып қашады-мыс. Арасында «ремонт істетсек, балалар үшін жасаймыз. Сол 500 теңге қалтадан түсіп қалады ғой» деп реніш білдіретін ата-ана да бар екен. Тоқетеріне келгенде, мектепте ақша жинау үрдісі әлі де бар сыңайлы. Бұдан зардап шегіп отырған жан бар болса, ол – ата-ана. Баласының киіміне, тамағына, қала берді сыныптағы сабынға ақша жинауы керек. Қазір қашықтан оқығасын мұндай «былықтың» беті ашылған жоқ. Ата-ана ақша жинау тыйылмай тұр деп әлек, мұғалім өз қалтасынан қаржы шығарамын деп қажып жүр. «Бұлай тартсаң – арба, олай тартсаң өгіз өледінің» кері. Сонда ремонтқа бөлінген қаржы қайда? Біз де, ата-ана да, мұғалім де аң-таң...Айзат АЙДАРҚЫЗЫ