Мәдениет тілден неге «ажырасады»?
Мәдениет тілден неге «ажырасады»?
© коллаж: Әсел БАЛТАҚЫЗЫ
357
оқылды
Президент қазақ тілін оқытудың тиімділігі барынша арттырылатынын айтты. Еуропа тәжірибесі бойынша тіл үйрету барысында енді негізінен, оқу орындарындағы жастарға көбірек мән беріледі. Сондықтан Тіл комитеті алдағы 2021 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өтпек. Тәуелсіздік алғанына 30 жылдай уақыт өтсе де, Қазақстанда мемлекеттік тіл сол баяғыдай мүскін халде, мүшкіл күйде қалып, әлеуметтік кернеуді кү­шейтетін түйткілдердің біріне айналғаны құпия емес. Осы жылдары Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік тіл­дің өрісін кеңейтіп, мәртебесіне лайықты биік тұғырға қондыра алмағаны даусыз.  

Көрсеткіштің кемітілгені несі?

Министрлік алдына қойылған мін­дет­ке сәйкес, республикамыздағы мем­лекеттік тілді меңгерген халық үлесі 2020 жылы 90,5%-ға дейін өсуі тиіс. Келесі жылы бұл көрсеткіш  91%-ға, 2022 жылы  92%-ға дейін жетуі шарт. Ақтоты Ра­йым­құлова басқаратын ведомствоның «Мем­лекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту» бюджеттік бағ­дарламасында осындай мақсат бекітілген. Айта кету керек, бұл жерде нысаналы көрсеткіш кемітіліп отыр. Мысалы, 2019 жылғы маусым-шілде аралығында қо­ғамдық талқылауға шығарылған «Қа­зақстанда тілдерді дамыту мен қолда­нудың 2020–2024 жылдарға арналған мемлекет­тік бағдарламасы» жобасында бұдан жо­ғарылау биіктер көзделген-тін. Құжатта мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 2020 жылы – 91%, 2021 жылы – 92%, 2022 жылы – 93%, 2023 жылы – 94%, ал 2024 жылы – 95%-ға жетеді деп көрсетілді. Оның орнына неге екені белгісіз, орыс және ағылшын тілін білетін азамат­тар үлесі күрт арттырылмақ. Мысалы, мем­бағдарламада қазақ тілімен қоса, орысша және ағылшынша қатар сөй­лей алатын қазақстандықтар үлесі 2020 жы­лы – 20%, 2021 жылы – 21%, 2022 жы­лы – 22%, 2023 жылы – 23%, 2024 жылы 24% болуы тиіс еді. Ал мәдениет министр­лігінің биылғы салалық бюджеттік бағ­дарламасында дәл осы көрсеткіш 2020 жылы – 26%, 2021 жылы – 27%, 2022 жы­лы 28%-ға дейін ұлғайтылған. Меморган үштілділікті емес, мемле­кеттік тілді дамытуда осындай алапат қарқын мен тегеурін танытса, 2024 жылы халқымыз 100 пайыз қазақ тілін біліп шығар еді. Өйткені үш тілді қатар үйре­нуге қарағанда, жалғыз мемлекеттік тілді меңгеру оңай емес пе?! Қынжылтатыны сол, әзірге министр­лік белгілеп отырған 91% меженің өзіне жету мұң болып отыр. Осы жылғы 21 қаң­тарда депутаттарға жауап берген Үкімет басшысы Асқар Мамин: «ҚР-да тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ламаны жүзеге асыру нәтижесінде мемле­кеттік тілді меңгерген азаматтардың үлесі 25%-ға өсіп, бүгінде 86%-ды құрап отыр. Аталған кезеңде мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 56%-дан 73%-ға дейін, ал мемлекеттік органдарда қазақ тілінде құжат айна­лымының үлесі 88%-дан 93%-ға дейін өсті», – деп хабар­лады. Он жылда 86 пайыз биігіне әзер көтерілген екенбіз. Оның өзінде сарапшы­лар көптеген қазақ­стандықтың қазақша жөнді сөйлей ал­майтынын ескеріп, бұл меженің өзі күмән тудыратынына назар аудартады.  

Шенеуніктің қазақша сөйлегені жетістік пе?

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, яғни барлық қазақ баласының құқығын қор­ғауы тиіс омбудсмен Аружан Сайын қа­зақ тіліне мұрын шүйіре қарайды. Был­тырғы қыркүйекте Орталық коммуни­кациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Аружан Сайын толығымен тек «ресми тілде» сөйлеп шыққасын қазақтілді журналистер оған ескерту жа­сады. Бұған жауап ретінде А.Сайын мемлекеттік тілде баяндама жасауын «болашақтың ісі» деп сырғыта салды. Қазіргі пандемия жағдайында «Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып тұрған Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбе­то­ваның мемлекеттік тілді қолданбай­тыны бүгінде қоғам тарапынан қатаң сынға тамызық болуда. Мысалы, осыған на­заланған Нұр-Сұлтан қалалық Тіл бас­қармасы жанынан құрылған жұмыс то­бының мүшесі, Мұнай және газ ақпа­рат­тық талдау орталығының Құқық де­пар­таментінің директоры Жандос Өсте­мір Үкіметке хат жазып, бас санитарды осы үшін жазалауды сұрапты. Оған жауап қатқан Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Есмағамбе­тованы еш айыптамайды: «Консти­ту­цияның 7-бабының 2-тармағында мем­ле­кеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолда­ны­лады деп айтылғанын атап өтемін», – дейді ми­нистр. Рас, оған сенсек, бас мемлекеттік санитар дәрігер енді мемле­кеттік тілді білу деңгейін жетілдіруге «барлық күш-жігерін жұмсап» жатқан көрінеді. Министрлер және Үкімет мүшелері депутаттардың қазақша қойған сұрақ­тарына орысша жауап бергені үшін Мәжілістен қатаң сын-ескертпе естіп жүр. Үкіметте де, Парламентте де заңдар орыс тілінде жазылады. Жетістік ретінде Сенат, Мәжіліс, Үкімет отырыстарының мемлекеттік тіл­де өтетінін айтуға болады. Бұл қуаныш па? Әлде Ресейде МемДума не Үкімет оты­рыстарының орыс тілінде өтетініне ре­сейліктер қуана ма?  

Тілге келгенде заңға да пысқырмайды

Тағы бір жетістік: «Кинематография туралы» жаңа заңның 9-бабына сәйкес еліміздің кинотеатрларында көрсетілетін фильмдер міндетті түрде қазақ тілінде дубляжбен, субтитрлармен немесе кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз еті­луі тиіс. Өмірде, әрине олай бола бермейді. «Мемлекеттік тілдің қолданылу ая­сын кеңейту жұмысы 2019 жылғы 31 жел­тоқсанда Үкімет қаулысымен бекі­тіл­ген Қазақстанда тіл саясатын іске асы­рудың жаңа бесжылдық мембағдарламасы аясында жалғасады. Атап айтқанда, онда «Қазтест» жүйесі бойынша В1, В2 және С1 деңгейлеріне сәйкес мемлекеттік қызмет­шілердің, сондай-ақ ұлттық ком­паниялар қызметкерлерінің мемлекеттік тілді бі­луіне қатысты біліктілігін тексеру көздел­ген. «Б» корпусының мемлекеттік әкім­шілік лауазымына орналасуға үміт­керлерге «Қазтест» жүйесі бойынша шек­ті мәнді белгілей отырып, тестілеуден өт­кізу жос­парлануда», – деді Асқар Мамин. Премьердің мәліметінше, мемлекет­тік тілдің беделін арттыру үшін білім, өнер, БАҚ, кинематография салаларында сапалы қазақтілді контентті өндіру, үздік әлем әдебиетін қазақ тіліне аудару, тер­минологиялық қорды жүйелендіру, тілді үйренуді және қолдануды жеңілдететін қосымшаларды ойлап табу қарасты­рылған. Алда 60 миллион сөзқолданыс түрінен тұратын қазақ тілінің ұлттық корпусы құрылуы тиіс. Сонымен бірге, 2020 жылы заңнамаға көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жос­парлануда. Яғни, көшедегі жарнама-жа­зулардың қазақша дұрыс жазылуын мем­лекет бақылауға алады. Бұл әсіресе, ла­тын графикасындағы жаңа қазақ жа­зуы­на көшу қарсаңында өзекті болып отыр. Негізі, Білім және ғылым министр­лігінің тілге қатысты тірлігі де үлкен сын­ға ілігіп жүр. Орыстілді мектептердің түлектері сол баяғыдай мемлекеттік тілді меңгермеген күйде шығуда. Дегенмен Тіл комитетін дәл осы БҒМ-ға беру өзекті. Біріншіден, қазақ тілін үйретуді бала­бақшалардан бастау керек. Ал мектепке дейінгі тәрбие бағдарына Асхат Айма­ғамбетов ұжымы жауапты. Екіншіден, Президент айтқандай, бұл қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу және оны үйрету ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталық­қа шоғырландыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, мұндай қадам қолда­нысқа енгізілетін оқу бағдарламаларының тиім­ділігін талдау және мониторинг жүргізу жүйесін жасауға септігін тигізеді.  

 width=Айхан ШӘРІП