«Жүйесіздікті жоймай, аграрлық саланы дамыту мүмкін емес» – Джон Иннес институтының PhD докторанты Қанат Абайұлы
«Жүйесіздікті жоймай,  аграрлық саланы дамыту  мүмкін емес» – Джон Иннес институтының PhD докторанты Қанат Абайұлы
Ұлыбританияның Джон Иннес институтында білімін шыңдап жатқан жас ғалымның мақсаты – болашақта қазаққа қызмет ету. Сол үшін генетиканы тынбай зерттеп, бидайдың жаңа сортын ойлап табу жұмысына белсене қатысып жүр. – Қанат Абайұлы, генетика ғы­лымына қызығуыңызға не себеп болды? – Менің генетика ғылымына қызығуым кездейсоқ оқиға. Мек­тепте, университет қабырғасында генетикаға әуестеніп, соған бір қатты қызыққан кезім болған жоқ. Тек 10-11-сыныптың биология оқулығында Мендельдің класси­калық генетикасы туралы қарапа­йым сипаттамалар беріледі. Бірақ нақты табиғатын түсінбесем де, техникалық жағын түсінген соң биологияға бейімім болды. Негізі, қазақ қоғамында жастардың ара­сында бір үрдіс бар. Біз тек диплом үшін оқимыз. Оқу бітіргеннен кейін әйтеуір бір қызмет істеп, бизнес ашып, реті түссе шенеунік болуды көздейміз. Өкінішке қа­рай, өмір өлшемін сонымен ба­ғалаймыз. Жоқ дегенде әрбір жаста бір көлік жуу орталығын ашсам деген арман бар. Менде де сондай мақсат болды. Шынымды айтсам, биотехнологияны оқығанымыз болмаса, осы салада қызмет етемін деген ой болған жоқ. Университет бітірген соң «биотехнология тех­никалық мамандық болған соң оны бітірген түлек осы сала бо­йынша 6 ай жұмыс істемесе, дип­ло­мы күйіп кетеді екен» деген қауесет тарады. Сол қауесетпен Алматы қаласындағы Өсімдік­тердің биологиясы және биотех­но­логиясы институтының «Өсім­діктердің молекулалық генети­касы» зертханасына жұмысқа кірдім. Ойымда 6 ай ғана жұмыс істеймін деген мақсат болды. Жобалар қызып тұрған шақта жұмысқа кірдім. Түпкі мақсат 6 ай жұмыс істеп кету болған соң, ғылымға берілгенім жоқ. Бірақ бойдағы ұлтжанды қасиетімнің арқасында саланы жете түсінбесем де физикалық тұрғыдан ел дамуына үлес қосқым келді. Сол үшін тиіп-қашпай, шын ниетіммен жұмыс істедім. Бірте-бірте зертханадағы зерттеу жұмысының тереңіне бой­ладым. Қызығушылығым оянды. Біз түрлі гендерді зертханада тек­сереміз. Осы процеске барынша қызықтым. Жете түсінгім келді. Ал түсіну үшін оқу керек. Сөйтіп, генетика ғылымын зерттеуге ден қойдым. – Қазақ бидайының сортын зерттеу жұмысы қалай жүріп жатыр? – «Болашақ» бағдарламасының студентімін. Яғни, стипендия жа­ғын еліміз қамтамасыз етеді. Ал зерттеу жұмысымды Ұлыбритания қаржыландырады. Зерттеу жұмы­сымның тақырыбы – «Қазақ би­дайының бейімделуі мен өнімді­лігінің генетикасын түсіну». Жұ­мыстың нәтижесі бар. Өздеріңізге белгілі, тек қана дәстүрлі өсім­діктер селекциясының әдістерін қолдану арқылы бидайдың бір сортын шығару үшін 12-14 жыл уақыт кетеді. Ал соңғы геномдық, молекулалық генетикалық және биоинформатикалық соңғы заманауи әдістерді қолдану арқы­лы бұл мерзімді екі есе азайтуға болады. 12-14 жыл емес, 6-7 жылда жақсы сорт шығара аламыз. Осы арқылы өзімізге ұнаған бидайдың бір сортының бойында бар кез келген өнімділікпен байланысқан маңызды гендерді екінші бір жаңа сортқа аз уақытта дәл, әрі тың­ғылықты жеткіземіз. Геномика­ның, молекулалық генетиканың және биоинформатиканың за­манауи әдісін қолдану арқылы қазір қазақ бидайының бейімде­луіне жауапты бірнеше гендерді таптық. Аталған гендерді Қазақ және Ұлыбритания бидай сортта­рын шағылыстыру арқылы 3 жаңа бидай сұрпын шығардық. Бұл жұмысқа бар-жоғы 5-6 жыл кетті. Яғни, зерттеу кезеңі 2012-2019 жыл­дарды қамтыды. Былтыр би­дай сортын шығарып, биыл дәнді Қазақстанға жібердік. Еліміздің солтүстігінде, орталығы мен оңтүс­тігінде орналасқан егістік алқа­бында ауқымды зерттеу-тәжірибе жұмыстарын жүргізіп жатқан жа­йымыз бар. Оған өсімдік селек­циясының соңғы әдістерін қол­дана­мыз. Үлкен статистикалық ­про­граммалар арқылы өнімділікті анық­таймыз. Алла қалап, жасап жатқан тәжірибе оң нәтиже бе­ретін болса, Қазақстанның аграр­лық ғы­лымы үшін үлкен жетістік болмақ. – Бұл зерттеу жұмысы қанша­лықты маңызды? Нендей жаңалық ашқыңыз келеді? – Ертеректе өсімдік селекция­сы егістікте жасалатын. Ғылым жайлап дамыған соң селекция зертханаға көшті. Қазір өсімдік селекциясы үлкен қауқарлы ком­пьютер экранында жасалады. Міне, ғылым осыншалықты алға жылжыды. Ал енді біз әлі егістік пен зертхананың айналасында жүрміз-ау деймін. Жай-жайымен компьютер көмегімен жасалып жатқан жағдай бар. Бірақ жалпы осы салада кенжелеп қалдық. Мал тұқымын асылдандыру, зерттеу жұмысында да дәл осындай ғы­лыми әдіс-тәсілдер қолданылады. Қора мен зертхананың орнын компьютер басты. Зерттеу жұмысының өзектілігі тек Қазақстан үшін емес, жоғары ендікте орналасқан бидай өсіруші мемлекеттерге де маңызды. Мә­селен, Канада, Ұлыбритания мен Ресей сондай елдердің санатына кіреді. Мұндай мемлекеттерді бидай өсіруші мегааймақтар деп атайды. Ал еліміз үшін өзектілігіне келетін болсақ, геномиканың, молекулалық генетиканың және биоинформатиканың соңғы зама­науи әдісін қолдану арқылы елі­мізде бидайдың жаңа сорты шықты дегенді осы күнге дейін естімедік. Біз бұл салада кенжелеп қалдық. Мұның бір себебі ғалымдардың бі­лім мен білігіне байланысты бол­са, екінші себебі мемлекеттен қажетті деңгейде көңіл бөлінбейді. Сол үшін технологияның заманауи әдістерін қолданып, жаңа сұрып шығару – үлкен жетістік. Басты жаңалығымыз – осы. Сондай-ақ біз алғаш болып қазақ бидайы­ның генетикалық картасын жа­садық. Оны нақты практикада, яғни се­лекциялық процестерде қолдандық. – Зерттеу аясында Қазақстан сияқты бидай егумен, жер шаруа­шы­лығымен айналысатын елдерді бақылап көрдіңіз бе? Олардың біз­ден қандай артықшылығы бар? – Агробизнеспен айналыспа­ған соң, жекелеген бизнесті барып, көзіммен көрген кезім болған жоқ. Бірақ ғылыми конференцияларға, семинарларға (workshop), жалпы пайдалы жиындарға жиі қаты­самын. Workshop-тың форматы өте қызық. Бизнесмендер мен кәсіп­керлер кездесу өткізеді. Ғалымдар өздерінің жетістігін баяндайды. Кәсіпкерлер керегін алады. Кез­десу соңы ой бөлісу мен пікірталас­қа ұласады. Кәсіпкерлер ғалым­дарға сұрақ қояды. Ғылымның жетістігін өндіріске енгізу мүмкін болса, кәсіпкерлер қолдау білді­реді. Бізге жетіспейтіні нақ осы. Өкінішке қарай, ғалым мен селек­ционердің, селекционер мен агро­бизнеспен айналысатын кәсіп­кердің арасында байланыс жоқ. Бар болса да өте әлсіз. Әркім өз бетімен жұмыс істейді. Бұл – үлкен қателік. Егер осы үшеуі бірігіп, бір мүддеде жұмыс істейтін болса, еліміздің аграрлық саласын 10-15 жылда жоғары деңгейге көтеруге болады. Жалпы, аталған жиыннан түйгенім – қазір Қазақстан үшін бірінші кезекте тағам қауіпсіздігін сақтау маңызды. Ол үшін Ұлттық гендік қор құру керек. Елімізде мұндай ұйым жоқ. Коронавирус індеті ғылымның қандай маңызды екенін айқын көрсетті. Түрлі ха­лықаралық ұйым бар. Әр ұйымға мүше болғанымызбен, мемлекет­тердің өз алдына міндеті айқын. Мәселен, вакцина ойлап табу жағын алайық. Көпшілігі вакцина жасау үшін 1-2 жыл керегін айтты. Оны ойлап тапқан мемлекет алды­мен өзінің ішкі бірлігін қамтамасыз етеді. Сосын екінші деңгейлі мем­лекеттерге береді. Болашақта осындай нәрсені болдырмас үшін қазірден бастап қимылдауымыз керек. Ұлттық ген банкін құрып, тұқым шаруашылығын дамыту керек. Егер тұқым шаруашылығын дамытпасақ, ішкі нарық сыртқы өнімге тәуелді болады. Қазақстан сыртқы өнімге тәуелді болды де­генше екінші бір мемлекеттің агрофирмасына айналды дегеніміз жөн. Ел ішіндегі агрофирманы мемлекет басқарып отырғанымен, сыртқы өнімге тәуелді болған кезде Қазақстан агрофирмаға айналады. Сондықтан бұл кезек күттірмейтін мәселе. – Егер елімізде бидай тұқымын будандастыру жұмысын жүргізсе­ңіз, дақылды қай өңірге себер едіңіз? Қазақстан географиясының артық­шылығы неде? – Кемшілік пен артықшылық қатар жүреді. Қазақстан террито­риясы жағынан 9-орында тұр. Эко­номикасы жағынан емес, ау­мағы бойынша алпауыт мемле­кеттің қатарына кіреді. Орналасқан жерінің кемшілігі мен артық­шы­лығына қарамастан, Қазақстанның аграрлық әлеуетінің орасан зор екенін көрсетіп тұр. Кемшілігі – бізде теңізге шығатын жол жоқ. Сондықтан елімізден экспорт­талған тауарды, мәселен Еуропаға теңіз арқылы жеткізілмегендіктен бағасы өсіп кетеді. Сондықтан Еуропа мемлекеттері бидайды Канададан сатып алады. Себебі теңіз арқылы арзанға жеткізіп, транспорт шығынын қысқартады. Артықшылығымыз – Қазақстан Еуразияның жүрегінде жатыр. Яғни, солтүстікке де, оңтүстікке де жақынбыз. Ресей мен Қытай се­кілді алпауыт елдің ортасында тұр­мыз. Аграрлық өнімді екі мем­лекетке экспорттау арқылы на­рықты жаулап, экономикамызды дамытуға мүмкіндік бар. Өкінішке қарай, аграрлық ғылым мен агро­бизнесті ұйымдастырудағы жүйе­сіздік есебінен 1,5 млрд халқы бар Қытайдан аграрлық өнімді сатып алып отырмыз. Бұл – өте өкінішті жағдай. Қазіргі таңда бидайды будандастыру жұмысы жүріп жа­тыр. Еліміздің жер көлемі үлкен болғанымен, бидай өсетін аумақ­тың дені – солтүстікте. Солтүстікте жаздық, ал оңтүстікте күздік бидай егеміз. Күздік бидайдың өнімділігі жаздық бидайға қарағанда артық. Бірақ солтүстікке күздік бидайды еге алмаймыз. Өйткені еліміздің климаттық жағдайы өте конти­ненталды. Қоңыржай аймақ жоқ­тың қасы. Солтүстік пен оңтүс­тік­тің батыс пен шығыс, орталықтың атап өткен аймақтан артықшылығы жер мен көктей. Топырақ құра­мын­дағы қарашіріктің мөлшерін алатын болсақ, солтүстіктен оңтүс­тікке дейін 8%-дан 1%-ға дейін ке­миді. Сондықтан ғылыми жұмы­сымды жалғастырып, осы бидай саласында жұмыс істейтін болсам, бірінші кезекте солтүстік аймаққа бейімделген, өнімділігі жоғары бидай сұрыптарын шығарумен айналысар едім. Дамыған аграрлық мемле­кет­тердің Қазақстаннан артықшылы­ғы кез келген өсімдік селекциясы болсын, малды асылдандыру бол­сын, сондай бағдарламалар жүйелі түрде жасалады. Ал бізде, өкінішке қарай жүйесіздік басым. Мұны жоймай аграрлық саланы дамыту мүмкін емес. Осы уақытқа дейін қолданған әдістерді өзгерту керек. Өйткені осы кезеңге дейін өнім бермеген әдіс болашақта да жеміс бермейді. Біреуді сынап, кемсі­те­йін деген ойым жоқ. Жалпы, жаңа­шылдық керек. Сосын ұзақмер­зімді тез арада өнім беретін, кезең-кезеңмен жасалатын жүйелі зерт­теу мен бағдарламалар жүзеге асуы қажет. – Елге оралған соң ауыл ша­руа­шылығы саласын дамытуға атса­лы­сасыз ба? – Әрине, бұл басты мақсат. Өйткені Қазақстанның ауылша­руашылық аграрлық әлеуеті орасан зор. Біз оны ұтымды қолдана бі­луіміз керек. Қазір «техника, тех­но­логия, өндіріс пен өнеркәсіпті екінші кезекке қойып, тек қана ауыл шаруашылығымен айналысу керек» деген пікір де айтылып жатыр. Бұл пікірмен келіспеймін. Бірақ ауыл шаруашылығының дең­гейін көтеруіміз керек. Қазақ­стан экономикасының маңызды бөлігіне айналуы тиіс. Экономика жерден шығатын ресурстарға, мұнай мен алтынға тәуелді бол­мауы керек. Осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз. 2-3 сұрып шығар­дық. Мұны сынақтан өткіземіз. Елге барғанда тұқым шаруашы­лығы мен тұқым банкін құру мә­селесі ойда жүр. Бұл бір адамның ниеті мен талпынысының арқа­сында жасалатын жұмыс емес. Мемлекет тарапынан да үлкен көмек керек. Тағы қосарым, адам­ның атақ-даңқына қарамастан кімде білім мен идея бар, сол ма­манды мемлекет өз мүддесіне қол­дана білуі керек. Осы күнге дейін түсінгенім – тек қана білімді болу жеткіліксіз. Ұлтжанды болып, халықты сүю керек. Осы екі қасиет біліммен біріккенде мемлекет үшін, болашақ үшін қызмет ете­мін деген ниет пайда болады. Ұлы­британия – білім саласы дамыған ел. Бұйыртса, осында жиған білім мен тәжірибемді елдің дамуына қолдануға дайынмын. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ