Зерттеу – жүйелі жұмыс ұстыны
Зерттеу – жүйелі жұмыс ұстыны
184
оқылды
Асқар Шәкіровтің айтуынша, елдің сыртқы саяси бағытын ғылыми-талдау тұрғысында іл­герілетудің тиімділігі, ең алдымен қазіргі заманғы сын-қатерлер мен Қазақстанның стратегиялық мүдделері аясында зерттелетін проблемалардың өзектілігіне байланысты. Осы үдерістер 2020-2030 жылдарға ар­налған Қа­зақстанның сыртқы саясатының тұжырымдамасынан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сырмаларымен бай­ланысты басқа да бағдар­ламалық құжаттар­дан бастау алады. Қатысушылар институттың даму жоспарының орындалу барысын талқылады және оның ұйымдастырушылық құрылымына өзгерістер енгізді. Сондай-ақ зерт­теу жұмысының басым бағыттары анықталды. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бұл институт Мемлекет басшысының тапсырмасын орын­дау мақсатында құрылғанын атап өтті. Оның мақсатына жетекші жаһандық ойыншылар арасын­дағы тұрақсыздық пен қайшы­лықтар­дың шиеленісуі жағдайын­да сыртқы саяси үдерістерді са­палы зерттеуді ұйымдастыру, сонымен қатар сыртқы саяси мәселелерді зерделеуді жүйелеу мақсатында СІМ ақпараттық-талдау жұмысы кешенін күшейту кіреді. 2020 жылдың басынан бері ССЗИ 45 ақпараттық-талдау материалын дайындаған. Оның жартысынан астамы Президент Әкімшілігіне, Елбасы және Премьер-Министр Кеңсесіне жіберіліпті. Институт өнімдері елдің сыртқы саясатының басым бағыттарын жүзеге асыру, әлемдік саясат пен экономикада, ұлттық және халықаралық қауіпсіздік саласында өзекті үрдіс-трендтерді анықтау бойынша тәжірибелік ұсынымдарды әзірлеу кезінде министрлік тарапынан сұранысқа ие.  

Ерік ЕРДЕНОВ