Тариф құны құбылды ма?
2018 жылы тұрғындар коммуналдық қызмет бағасының өскенін айтып шағымданған болатын. Рас, ол кезде қызмет құны 10 пайызға қымбаттап шыға келген. Енді сол жылғы бағаны 2020 жылғы тариф құнымен салыстырып көрсек. Мысалы, 2018 жылы жылу үшін қазақстандықтар 3 761,2 теңге төлесе, 2020 жылы 3 215,6 теңгемен есеп айырысқан екен. Яғни, баға төмендеген. Сондай-ақ су мен кәріз жүйесінің арзандағанын байқаймыз. 2018 жылы судың текше метрі 72,25 теңге болса, биыл – 67,82 теңге. Кәріз жүйесінің текше метріне сол жылы – 49,51 теңге, осы жылы 46,6 теңге төлемақы сұралады. Ал электр қуатының бағасында айтарлықтай өзгеріс болмаған. 2018 жылы 1 киловатт тоқ 12,61 теңге болып белгіленсе, қазір 12,36 теңгені құрап отыр. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің дерегіне қарасақ, Ақтау қаласында салқын судың текше метрі 223,87 теңге (Қазақстан бойынша ең қымбат) деп белгіленсе, Қызылорда қаласында 45,61 теңгеге бағаланады. Ыстық судың бағасында да айырмашылық аз емес. Алматы қаласында 427,19 теңге болса, Павлодар облысында 152,54 теңге екен. Айырмашылық – жер мен көктей. Осы тұста тағы бір сұрақ туындайды. Коммуналдық қызмет тарифтерінің құны неге әр өңірде әртүрлі?Баға қалай белгіленеді?
Көбіне мамандар коммуналдық қызмет бағасын төмендету бизнес үшін кедергі екенін алға тартады. Экономиканы дамыту үшін әуелі бәсекелестікті арттыру қажет. Сол себепті 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап нарықтағы мемлекеттік баға түбегейлі жойылған. Коммуналдық қызмет құны да еркін айналымға жіберілді. Қазір жекеменшік кәсіпорындарға тарифті көтермеңдер деп бұйрық беру – заңға қайшы әрекет саналады. Демек, тариф құнын көтеріп жатқан монополистерге шектеу қойылмайтын сыңайлы. Аңғарсақ билік өкілдері «халыққа коммуналдық қызмет көрсетіп жатқандардың барлығы кәсіпкерлер, олар да шығынға батып жұмыс істей алмайды» дегендей уәж келтіреді. 2017 жылдың қыркүйек айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке коммуналдық қызмет бағасын өсіруге тапсырма берген еді. Бұл салаға инвестор тарту үшін осындай қадамға бару қажет болатын. Мұның себебі де бар. Жыл сайын су және жылу құбырларын жаңартуға қазынадан мол қаржы кетіп жатқаны белгілі. – Егер біз электр жарығы, жылу, су бағасын көтермесек, бізге инвесторлар келмейді. Әр инвестор: «Мен сендерге станса салып берсем, электр жарығын, жылуды қаншадан сатамын» деп сұрайды. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. ТМД елдерінің арасында ең арзан электр қуаты бізде ғана, – деген болатын Елбасы. Мысалы, көрші Ресеймен салыстырғанда коммуналдық қызмет бағасы елімізде 2-3 есеге арзан. Көрші елде айына коммуналдық қызмет үшін тұрғындар орташа есеппен 6 450 рубль (37 860 теңге) төлейді. Қош, ал біздегі бағаны кім тізгіндейді, еркіне жіберген құн шарықтап кетпесіне кім кепіл? Осыдан кейін «тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтары бағаны себепсіз көтеріп жүрмей ме?» деген сауал болатыны заңды. Ал Алматы қаласы Алатау ауданындағы «Поиск ПК» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының төрайымы Вера Крючкова жоғарыдан қандай нұсқау берілсе де орындауға мәжбүрміз деп отыр. – Тариф бағасына қатысты жауап бере алмаймын. Мұны монополистер білуі тиіс. Кей кезде халыққа қиын соғып жататыны жасырын емес. Сондықтан тұрғындар, көбіне зейнеткерлер коммуналдық қызметтің бағасына наразылық танытып отырады. Біз не істей аламыз? – дейді Вера Крючкова. Экономика ғылымының кандидаты Асхат Наметша болса елдегі коммуналдық қызмет түрі әлі күнге реформалауды қажет етіп тұрғанын айтады. – Коммуналдық қызмет нарыққа өткен соң мемлекет шығындарды өз мойнына алмайды. Яғни, барлық шығындар тарифтің ішіне енуі тиіс. Монополистер мемлекет бекітіп берген бағамен келіспейді. Олар белгіленген тариф шығындарды жабуға, инфрақұрылымдарды жаңартуға, инвестиция тартуға жетпейтінін алға тартады. Тариф құны қымбаттаса, халық наразы болатынын мемлекеттік органдар жақсы түсініп отыр. Сосын келіп монополистер бағаны өсіргісі келеді, мемлекет керісінше реттегісі келеді. Осы жерде бір мәселе шығады. Қарасаңыз, қазіргі коммуналдық қызмет саласындағы кәсіпорындар кеңестік кезден бері толық жаңартылмаған. Мол қаржы керек. Мемлекет оны толығымен жаңартуды өзіне жүктемейді. Егер кәсіпорындар жаңаруы керек десек, коммуналдық қызмет тарифін 3-4 есеге қымбаттатуға тура келеді. Олай істесе әлеуметтік салдар пайда болады. Менің ойымша, инвестиция тартылуы тиіс. Әрине, ол кезде баға қымбаттайды. Бірақ көптеген жылдар бойы шешілмей келе жатқан құбыр, электрдің тұйықталуы, сапасыз су деген сияқты мәселелер толығымен шешілер еді. Ол кезде мемлекет әлеуметтік жағдайы төмен топтарға көмек көрсетуі қажет, – дейді маман. Сонымен қатар коммуналдық кәсіпорындарды басқарушылар арасында да түйткіл бары анық. Себебі қаржылық ашықтық жоқ. Сондықтан бұл салаға тиімді жүйе қалыптастыратын механизмдер енгізу керегі айдан анық. Қорыта айтқанда, 2020 жыл әзірше «тарифтік тыныштық» уақыты болып тұр. Ұлттық экономика министрлігі 2025 жылға дейін коммуналдық қызмет құны өспейтінін мәлімдеп отыр. Тек электр қуаты қымбаттауы мүмкін деп болжайды. Жыл басынан бері коммуналдық тариф құнын себепсіз көтерген 400-ден астам кәсіпкер анықталған екен. 2019 жылғы дерекке сүйенсек, қазақстандықтардың коммуналдық қызметтерге қарызы 11,4 млрд теңгеден асып кеткен. Бұл тағы бір күрделі мәселенің тиегін ағытары сөзсіз.Мадияр ТӨЛЕУ