Көзі тірі болғанда Дидағаның 70-ке толғанын атап өтіп жатар едік. Амал не, сұм ажал қаламгерді арамыздан ерте алып кетті. Оның соңында өлмейтін, ұмытылмайтын шығармалары қалды. «Аққабаның толқыны», «Жер аңсаған сары атан», «Самырсын сазы», «Он бірінші күз» атты әңгімелер мен повестер жинағы – соның айғағы. Дидағаның тағы бір ерекше қасиеті – көрген-білгенінің бәрін хатқа түсіретін. Кешегі күн – бүгінгі тарих. Ағаның қолтаңбасы қалған күнделіктерінде кешегі ізі сайрап жатыр.
12 апрель (сейсенбі) 1977. Алматы
«Тас моншаны» бастадым (9 апр). Басы жаман емес. Осы қалпында, кібіртіктемей аяқтасам, жаман дүние болмас. Басты кейіпкерді – әкемнің прототипі етіп алдым. Бірақ ол әкемнің өмірдегі шынайы бейнесі емес. Әдеби тип. Ал типтік дәрежеге көтеріле ме, жоқ па, әңгіме аяқталғанда белгілі болмақ. Бұны алдағы бір-екі аптада қалайда бітіруім керек. Жексенбіде Қалиханның дачасында болдым. Жолда Сайын Мұратбеков машинамызға отырды. Үлкен ақыл иесі сияқты. Талғамы да аса жоғары ма деп қалдым. «Жуықта қолым боста эксперимент ретінде Ғабиттің «Оянған өлкесін», Ғабиденнің «Қарағандысын», Әбдіжәмілдің «Қан мен терін» қолыма алып, алғашқы бір-екі беттерін оқып шықтым. (Бұлар мектепте жүрген кезімде қатты ұнаған дүниелер ғой). «Оянған өлкеде», «Қарағандыда» да негізгі оқиғаға жеткенше үш-төрт бет бос суреттеме екенін аңғардым. Ал «Қан мен терде» адамға деген жиреніш, жеккөрініш бірден байқалады екен», – деді ол жолда әңгіме туып отырғанда. Кешке дачадан бізді алып қайтуға Әкім Тарази, Рамазан Тоқтаровтар келді. Амантай Сатаевпен де сол күні таныстым.15.04.1981 жыл
Қазақстан жазушыларының VIII съезі ашылды. Ашқан – Ғабит Мүсірепов. Қонаев, Шестаков, Камалиденов, Аухадиев, Имашев қатысып отырды. Есепті баяндаманы Жазушылар одағының бірінші секретары Ж.Молдағалиев жасады. Жазушылар съезіне менің тұңғыш қатысуым. Сондықтан да іштегі бір мақтаныш сезіммен сөйлегендердің әр сөзіне, отырғандардың әр қимылына жіті қараумен болдым. Сексенге таяп қалса да, Ғабеңнің сөзі де, өзі де әлі тың екен. Тек жиналысты басқарып отырып, президиумға адам сайламас бұрын есепті баяндамаға Жұбанды шақыруы жұртты ду күлдірді. Бірқатар артта отырған Қонаевтің өзі де күліп жіберді. Қонаев өзін тым қарапайым ұстап отырды. Үстінде қаракөк костюм, көк галстук. Сөйлегендерге құлақ тіге отырып, жанындағы Шестаковпен де еркін әңгіме құрды. Қалтай Мұхаметжановтың баяндамасы өте әсерлі шықты. Сөзі тым өткір, әрі юморлы екен. Бір жазушыға мінездеме бергенде «қара судан қаймақ алып, піскен жұмыртқадан балапан суыратын адам» дегенде жұрт күлгенде көздерінен жас ақты. С.Досанов пен Советхан Ғаббасовты қатты сынады. Әділ сынады. Съезге Мархабат Байғұтов келіпті. Біраз әңгімелестік. Үзілісте Құрманғазымен сөйлестім. «Қызғыш құстағы» «Жалғыз салт атты» повесі жөнінде пікірімді айттым. Ұнамағанын астарлап, «ептеп» жеткіздім. Ол өз перзентін аздап қорғағысы келді. Бірақ мені түсінген болар. Сөзіне қарағанда, қатты еңбектенетін көрінеді. 30 баспа табақтық кітап аударып жатқан көрінеді. «Уақытымның бәрін сол жеп жатыр» дейді. Тек соңғы уақытта ғана 1 200 сағаты осы кітапқа кетіпті. Бұл тозақтық михнет қой. Азаматтығы да ғой.28.10.1981 жыл, Горный-Гигант
Екі-үш күннен бері К.Паустовскийдің «Золотая роза» повесін оқып жатырмын. Расымды айтсам, осыны бұрын неғып оқымағаныма өкініштімін. Қандай үлкен жүрекпен, сезіммен, біліммен жазылған дүние бұл! Повесть болғанда өзінде не фабула, не сюжет жоқ, әншейін автордың творчестволық еңбек, творчество адамдары жөніндегі толғаныстары ғана. Бірақ кәдімгі көркем шығармалардан артық болмаса бірде кемдігі жоқ. Меніңше, қолына қалам ұстаған әр адам бұны оқып шығуы керек... Бір қызығы, жазушының көп ойлары менің пікірлеріммен үндес, ұқсас келеді екен. Екіншіден, өз бойымдағы кейбір ерекшеліктерді де алғаш рет осы повесті оқығанда сезіндім. Творчество адамына, оның ішінде талантты жазушыға тән қасиеттер менің де бойымда бар екен. Бүгінге дейін өз басым көркем прозаның қарапайымдылығын, әуезді ырғақтылығын жоғары бағалаушы едім. Байқасам, шын таланттардың көбі осы қағиданы ұстаған екен. Демек, менде талант болуы әбден мүмкін. Және қандай шығарма жазбас бұрын өзіме сол шығарманың табиғатына сай көңіл күй іздейтінмін. Оны тапқан, дұрысында сондай күйге түскен кезімде әлгі шығарманың ырғағы да табылатын. Бұл жазушы үшін ең керекті қасиет сияқты. Менде қиналып жазатын жазушылық бар. Меніңше, осы қиналып жазудың өзі талғампаздықтан туса керек. Ал талғам бар жерде талантты шығарманың тууы заңды. «Тез жазам» деп жазғандардың шығармасының шыңға шығып кеткенін әлі көргем жоқ. Ондай шығарманы тез жазсам, мен де жазатын секілдімін. Сөз жоқ жазамын да. Мәселен, Сайымжан Еркебаев бірде: «Бір күнде отыз бет аудардым» деп келгені бар. Әрине, мен оның бұл аудармасын оқығам жоқ, бірақ керемет болмасын сеземін. Өйткені оның бұрынғы дүниелерінен тәуір ештеме оқи алмадым. Мүмкін Сайымжан ол шығармаларында өстіп тез жазған шығар. Француз әдебиетінде ең қиналып жазғандардың бірі – Гюстав Флобер, орыстан – Лев Толстой. Бірақ екеуі де ұлы жазушылар. Оларды ұлылық биігіне көтерген де сол қиналып жазғандары. Демек, қиналудан қашудың керегі аз сияқты. Мен үш күннен бері үш-ақ бет аударма жасап, қазір ғана біттім. Не ол көркем шығарма емес, не ол менің атымнан шығар дүние емес. Әншейін М.Зверевтің аңшылық жайындағы мақаласы. Бірақ мен оны: «Бұл мақала ғой. Маған не абырой, не пайда бар?» деп, сүйкете салуға дәтім жетпей-ақ қойды. Неге екенін білмеймін, өзімдікі болсын, басқанікі болсын, бір сөйлем жазсам да әрлеп жазғым келеді де тұрады. Жексенбі күні (25 окт.) күні бойы отырып, медицина ғылымдарының докторы Естөре Оразақовтың мақаласын қайта жазып шықтым. Кеше өзі оқып алып, «Жазғанымды тым шұнтитып жіберіпсің» деп ренжиді. Япырау, сол оның «жазғаны ма» еді, менікі емес пе? Оныкі тек фамилиясы емес пе? Ал бүгін мақаласын екінші рет оқып болып, кетерде пайдаланған үш кітабын сұрағанда, мен бермедім. Ол: «Бала, өзің бір сараң екенсің» деп шығып жүре берді. Мақаласын, жазып бергенде алған рақметім осы! Жаңа Шерхан телевизордан сөйледі. «Қазақ әдебиеті» жөнінде айта келіп, биыл шыққан материалдардың ішінен екі-ақ материалды атап өтті. Ол менің «Парақорларым» мен «Жалғыз балам». Ар-ұятпен, үлкен қиналыспен жазған материалдарымның бұл да болса жемісі.1 январь 1982 жыл. Горный-Гигант
Өз ғұмырымда талай есте қаларлық күн өткіздім десем, соның бірі бүгін болды. Мен бүгін басшы адам қандай болу керектігін де алғаш білген сияқтымын. Әңгіме Шерхан Мұртазаев жайында. Сол кісінің бастауымен бүгін бүкіл коллектив боп, семьяларымен жаңа жылдың алғашқы күнін «Отырар» ресторанында өткіздік. (Ол кешке «бойдақ» барған мен, Бекен және Рахымжан ғана. Қысқасы, үш «ішкішпіз»). Шерағаң кеш бойы төрде отырып, отырысты қыздырумен болды. Өзіне көңілді болған аса жарасады екен. Алыс төрде отырса да кімнің қандай күйде отырғанын да нақ сезеді екен. Кейбір қылымсып, бүге түскендерге «Әй, неге ішпейсің, тартып таста» деп күлдіріп те қояды. Бірінші антрактта фоеге шығып, бәріміз ән айттық. Мен «әудемжерге» бастым. Жұрт риза болып қалды... Сосын екінші отырысқа шықпай жатып, залда әй кеп аңыраттық-ау. Біраздан соң Шерағаң мені жанына шақырып алып, «ән айт» деді. Сосын екеуіміз «Жеңешені» шырқадық. Енді бір уақытта өзі Қызырғалидің әйелімен қосылып «Ғалиябануды» шырқады. Қысқасы, сол кеште біз Шерағаңды тек басшы емес, үлкен жүректі адам екенін де таныдық.24 февраль 1982 жыл, Горный-Гигант
Әлкей Марғұланның үйінде болдым. Тұрған жерлері – Шевченко көшесі мен 8-март көшесінің қиылысындағы (Шевченко 113, кв15) бір тып-тыныш тұйық тұс екен. Үшінші этажға көтеріліп, есіктің қоңырауын бастым. Үстіне сұрғылт халат киген, дөңгелек жүзді, 30-35-тер шамасындағы бір әйел адам мені бөлмеге кіргізді. Әлекеңнің Дәмелі деген қызы осы болар деп шамаладым. Мен онымен телефонмен бұрын бірнеше сөйлескен едім. Сол уақытта оның қазақша да тәп-тәуір сөйлейтінін аңғарып қалғанмын. Киімімді коридордың ортасында тұрған киім ілгішке ілдім де, Дәмелінің нұсқауымен залға кірдім. Осы сәтте есік қоңырауы тағы да шылдыр ете түсті. Сосын іле-шала бөлмеге 45-50 шамасындағы бір татар әйелі кірді. Бұл Ғылым академиясында істейтін машинист әйел болып шықты. Қолында қолжазба салған жуан папка. Дәмелі залдың оң жағындағы, түкпірдегі есікке бас сұқты да: «Папа, саған адамдар келіп тұр» деді. Көп күттірмей-ақ әлгі бөлмеден еңкеңдей басып, Әлекеңнің өзі де көрінді. Басында жасыл мен ақшыл махер жіпті қоса тоқыған жүні бұрқыраған тоқыма малақай. Қалың линзалы көзілдірігінің екі ұшынан жіп байлап, сол малақайын бастыра желкесінен тартып тастапты. Кеудесіне кигені екі қатарлы қоңыр түйме таққан көнетоз тері желетка, қызыл-жасыл аралас шақпақты шатланка көйлек. Бұтында екі жағына лямка жапсырған көншіл трикотаж шалбар. Аяғында замокті киіз бәтеңке. Машинист әйел онымен қос-қолдап амандасып, «Әлеке, жұмысыңызды бітіріп әкелдім» деді. «Оның дұрыс болған екен» деп Әлекең папканы ақтарып көре бастады. Сосын әйелге тағы бір папка қолжазба беріп тұрып: «Ақшасын қазір аласың ба, әлде бәрін бітірген соң бір-ақ есептесеміз бе?» деді. Әйел жымиып: «Бүгінге дейін басқанымды қазір алып кетейін, ақша керек боп тұр» деді. Әлекең: «Қанша?» деді. Әйел: «52 сом» деп еді, Әлекең бөлмесіне (кабинетіне) кіріп кетті де, сәлден соң 53 сом әкеп берді. Әйел оны алып шығып кеткеннен кейін, ол маған бұрылып: «Сен қандай жұмыспен келдің?» деді. Мен оған шаруамды айттым... Осы тұста сәл шегініс жасай кетейін. Бұдан бір ай бұрын жазушы Әнес Сараев бізге «Қобыланды батыр» жыры және тарихи деректер» деген 17 беттік мақала ұсынған. Мен ол мақаланы ұнатып, бірден замредакторымызға (Ә.Жәмішев) бергем. Ол кісі көп шұқшиып оқып, біраз жерін қысқартып, машинкаға қайта бастырған. Рас, сол уақытта мен ол кісіні: «Осы-ақ көлеңкесінен қорқа береді екен» деп жаратпай қалғанмын. Мақала машинкадан шыққан соң, редактор (Ш.Мұртазаев) оқып, тағы да көп күмән келтірді де: «Бұны Әлкей Марғұланға оқытып алу керек» деп, маған қайтарып беріп еді. Сол себепті кеше мен Әлкеңнің өзімен телефонмен сөйлесіп, бүгін баруға өтінген болатынмын. Міне, енді сол жағдаймен келіп тұрмын. ... Әлекең «Қобыланды жыры» және тарихи деректерді» қолына алып, сәл қарап отырды да: – Бұның авторы кім? Жас адам ба? – деді. Мен Әнес Сараев жөнінде қысқаша айтып өттім. Сосын: – Ақсақал, бұл мақаланы мен Сізге оқып берейін, – дедім, жұмысты жеңілдеткім келіп. – Оқысаң оқы, – деді Әлекең қарлыққан қартаң дауыспен. Үнінен: «Сол не жазды дейсің» деген сыңайды да байқап қалдым. Бірінші беттің аяғына тақағанда ол: – Сонда бұл Мәлік Ғабдуллиннің айтқанына қарсы ма? – деді қолжазбаға шұқшия қарап. – Қарсы. Кейінгі беттерде неге қарсы екенін дәлелдейді де, – деп қойдым мен. Екінші беттің жартысына келгенімде: – Бұл өзі (Әнесті айтып отыр) тарихта екі Қобыланды болғанын біле ме екен. Әншейін, бос долбарлауға болмайды ғой. Бірінші Қобыланды ХІІ ғасырларда өмір сүрген. Қобда бойындағы «Қобыланды бейіті» дейтін бейіт – соның бейіті. Ал жырдағы батыр Қобыланды, Қара қыпшақ Қобыланды ХV ғасырда тіршілік еткен. Ол Әбілқайыр ханның батыры. Мынауың сонда қай Қобыландыны шатастырып отыр? – деп Әлекең бір сәт наразылық білдіре бастады. Мен мақаланы әрі оқи бердім. Қобыланды жайындағы О.Нұрмағамбетованың пікіріне жеткенімде, Әлекең: – Оразкүлдің бұл ойы дұрыс, – деп бас шұлғыды. Қысқасы, бұдан кейін басқа ғалымдардың ешқайсысының пікірін қолдағысы келмеді. – Қарағым-ау, мынауың қият пен оғыз, қыпшақтарды қатар қойғаны несі? Оғыз бен қыпшақтың өзі сол қияттан тараған ғой. Ал қият дегеніміз – баяғы гүндер ғой. Ойға келгенді сөйлей беруге бола ма екен? Тарихқа дәлел керек. Дәлелсіз тарих – тарих емес, ол халықты алдау... Жә, әрі оқышы! – деді тағы бірде. Әнестің айтуынша, (дәлелдеуінше) қызыл бастар – парсы емес, оғыздар еді. Оған айтар дәлелі – оғыздардың өңі сары болған, сақалдары қызғылт келген. Сондықтан да қыпшақтар оларды «қызыл бас» деп атаған. – Оттапты, – деді осы тұста Әлекең күйіп, – Қызылбастардың парсы екендігі баяғыда дәлелденген. Әлекең сондай-ақ бұл мақаладағы Ақжол (Дайырқожа), Майқы би, Қотан жайындағы пікірлерге де қарсы болды. – Мына жазып отырған адам Шәкәрімді оқымаған екен, – деді бір мезет. – Ол қай Шәкәрім? – дедім мен. – Құдайбердіұлы, – деді ол маған тік қарап, соны да білмейсің бе дегендей: «Қазақ хандарының тарихы» деген кітабы бар ол кісінің. Кітапханада ол кітап бар. Соны оқымаған ғой бұл. Оқуы керек еді. Бір қызығы, Әлекең өзі қарсы болған тұстарды «сызып таста!» деп отырды. Мен қолжазбаны бүлдіргім келмей, күмәнді тұстарға сұрақ белгісін қойып, әрі жылжи берсем: – Әй, мен сызып таста деген жерді неге сызбай отырсың?! Осы мақаланы өзің жазған жоқпысың өзі. Тіпті, қолың батпайды, – дейді ол маған шұқшия қарап.09.02.1983 жыл
Түстен кейін Шер-ағаң бәрімізді кабинетіне шақырып алып: – Кеше біздің Қажкеңді (Қажығали Мұқаметқалиевті) Орталық Комитеттің секретариатында бекітті. Бүгіннен бастап оны газетіміздің заңды түрде жауапты секретары деп біліңдер, – деді әдетінше ернін жымқыра түсіп. Сосын бізге барлай қарап отырып: – Ал, енді жолдастар, Қажыкеңнің бұрынғы орны – проза бөлімі бос тұрғанын білесіңдер. Оған кім лайық? Арамыздан кім сол бөлімнің жұмысын алып жүре алады? – деді. Мен ол орынға іштей «Сейтқазы баратын шығар. Одан басқа кімді қояр дейсің?» деп жүргенмін. Сондықтан бірден: – Сейітқазы лайық қой, аға. Очерк бөліміне ол кісінің біраз еңбегі сіңді емес пе?! – дедім. Шер-ағаң: – Оған қалай қарайсыңдар? – деп тағы да отырғандарға көз тастады. – Сейтқазы болсын. – Сейтқазы лайық ол бөлімге, – деп шуласты бәрі. – Ал оның орнына кімді тағайындайсыңдар? – деді Шер-ағаң. – Бергі жағындағы (Сейтқазының) мұртты лайық қой, – дедім мен Мұсаға қарап. Бұны да жұрт мақұлдасты. Сөйтіп, проза бөліміне Сейтқазы, очерк бөліміне Мұса Рахманбердиев меңгеруші болып тағайындалды. P.S. Әрине, оларды біз тағайындағамыз жоқ. Секретариатта да келісілген болуға тиіс. Бірақ біздің бір риза болғанымыз – Шер-ағаңның тактикасы еді. «Ана бөлімге анау, мынау барады» десе де, өз правосы өзінде еді оның. Жаңағы тактикасымен коллективтің атмосферасына да бір көз жүгіртіп өткен сияқты.Дайындаған Айым БЕКТҰР