Оның ішінде мұнай, газ, уран және басқа да шикізаттар қоры жеткілікті елдің бағы зор. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалану халықтың әлеуметтік тұрмысына оң әсер етеді. Кеңес Одағы кезінде Қазақстан алпауыт империяның шикізат көзі болғаны белгілі, өкінішке қарай біз әлі күнге осы келешегі күмәнді әрі құрдымға әкелетін бағыттан – шикізат сатуға тәуелділіктен арыла алмай келеміз. Себебі бұл күнкөріс үшін ең оңай, алайда болашағымыз үшін тиімсіз жол.
Миллиондаған баррель мұнай өндіретінімізді айтып мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз, ал оның қайда кетіп жатқаны, одан қанша пайда көріп отырғанымызды біле бермейміз. Осы тұста біз органикалық шикізаттың бүгін болмаса ертең таусылатынын естен шығармауымыз керек. Тиын-тебенге сатылып жатқан шикізаттан өндірілген өнімді ертең қымбатқа сатып алмасымызға кепіл жоқ. Олай болса, бүгінгідей мұнай бағасы құлдырап, мұнай өндіру шектеліп жатқан кезде «алдағы күніміз не болады?» деген сұрақ туындайды. Сала маманы ретінде осы сұраққа жауап іздеп көрдім.
Қазақстан – бағыт-бағдары белгіленген, шын кіріссе өзін-өзі қамтамасыз ете алатын, табиғи байлыққа бай дамушы мемлекет. Жеріміздің асты-үстіндегі шикізатты өндіруді, одан аз да болса өнім шығаруды үйрендік, бірақ сол өнімдердің негізгі көлемі экспортқа өте арзан бағамен шығарылады. Өкінішке қарай, тәуелсіздік алғалы экономиканың бірді-екілі бағытында болмаса, ауыз толтырып айтатындай үлкен өндірістерді іске қоса алмадық, жаңа экономика құрылмады. Біздің бюджет пайдалы қазбалар шикізатын сатуға тәуелді болғандықтан, ел болашағы шикізаттың әлемдегі бағасына тікелей байланысты, бұл өз кезегінде денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, қауіпсіздік салаларының жағдайын қиындатады.
Үкіметтің мазмұнды, стратегиялық, қысқамерзімді, ұзақмерзімді бағдарламалары қомақты қаржы жұмсалғанына қарамастан, өз деңгейінде орындалмады. Неге олай болды, ел экономикасының дамуына, жаңа технологияның келмегеніне, инновацияның дамымай қалғанына жауапты мамандар уақыты келгенде жауап береді деп үміттенемін. Сондықтан «енді әрі қарай не істеуіміз керек, қай бағытты дамыту тиімді, бізден бірнеше онжылдыққа озып кеткен елдерді қалай қуып жетеміз?» деген сұрақтың жауабын іздеген абзал. Осы арада мен жалпы энергетиканың негізгі тармағы – электр энергиясын өндіруді дамытуды ұсынар едім. Себебі дәл осы бағыт экономиканың драйвері, әртараптандырудың, жаңа технологиялық дамудың баламасыз бағыты болады деп санаймын.
Бізде «жасыл экономиканың» концепциясы қабылданды, бұл кәдімгі өзіміз айтып жүрген «жасыл энергетика». Ондағы бірінші қадам – баламалы энергетиканы қарқынды дамыту. Бұл орайда, бүгіндері Түркістан, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында іске асырылған жобалар бар. Мысалы, Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Өгем өзенінің орта ағымында су электр стансасы каскадының алдын ала жобалау (ПредТЭО) жұмыстары басталды. Сол сияқты 2019 жылдың тамыз айында Төлеби ауданының Сайрамсу өзенінде қуаты 2,5 МВт (жобалық қуаты 3,75) «Кеңес-1» ШГЭС іске қосылды. Осы облыста МГЭС «Кеңес-1» ШГЭС жанында «Кеңес-2» ШГЭС жобалау жұмыстары және Ақсу, Арыс, Сайрамсу, Қасқасу өзендерінің бойында бірнеше ШГЭС жобалары, сондай-ақ Отырарда қуаты 50 МВт күн электр стансасы салынып жатыр.
Бүгiнде баламалы энергетика көзін дамыту жоспары мен нысандар құрылысын жүзеге асыруға қатысты барлық заң, заңнамалық актілер бар. Қазақстанда осы бағытты жүзеге асыруға барлық өңірде мүмкіндік бар. Иә, елімізде электр энергиясының барлық көзінің жобалық қуаты 20 000 МВт, оның 15 000 МВт тұтынылады, әрине бұл бүгініміз бен ертеңіміз үшін жеткiлiктi. Осы тұста біз сол электр қуатының 70 пайызы әлемнің жетекші елдері бас тартып жатқан, елдің экологиясына миллиондаған тонна қалдық қалдыратын көмiр пайдаланылатын стансаларда өндiрiледi. Егер ертеңiмiздi ойласақ, органикалық шикiзаттар көлемі шексiз емес екенiн түсiнуiмiз керек. «Болашақ ұрпаққа не қалдырамыз?» деген сұрақ тағы бар. Сол үшін қазіргі энергетикалық жүйенi баламалы қуат өндiруге бағыттағанымыз жөн.
Мысалы, жел энергиясының әлеуеті 92 млрд КВт-с/ж, ал өзендерден өндiретiн электр қуатының әлеуеті 62 млрд КВт-с/ж, сондай-ақ күн сәулесiмен өндiрiлетін энергия қуатының көлемi, әсiресе онтүстiк өңiрде, сол шамада, батыс-солтүстiк аймақтарда жел энергиясының әлеуеті жоғары. 2009 жылы «Жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану туралы» заң, осы заңды iске асыруға байланысты бiрнеше заңнамалық актi қабылданды. Жаңартылған энергия көзін дамытудың мақсатты индикаторы белгiленді. Енді 2030 жылға қарай жаңартылған энергия көзінің жалпы электр энергиясындағы үлесін 10 пайызға, ал 2050 жылы 50 пайызға жеткізу керек. Қазiргi уақытта бұл көрсеткіш 2,3 пайызды ғана құрайды.
Аталған заңда қаржылай міндеттемелерді қамтамасыз ету үшін өндірілген электр қуатын белгіленген тарифпен және аукционнан сатып алу, ҚЕАО (қаржы есеп айырысу орталығы) арқылы электр өнімін тарату, инвестициялық жеңілдіктер, қосымша жинақ қорын құру қарастырылған. ЖЭО құрылымдарын орналастыру жөніндегі жоспар инвестициялық тәуекелді азайту үшін аукциондық тәсіл арқылы енгізіледі. Осынау маңызды бағытты жүзеге асыру үшін Энергетика министрлігінің нақты іс-шаралар жүргізгенін айтуға болады, ал оңтүстік облыстардан өзге жергілікті атқарушы органдарда бұл бағыттағы жұмыс қарқыны баяу. Келешекте стратегиялық мәні зор бағытты дамытуға барлық өңір белсенді жұмыс істейді деп ойлаймыз.
Қазақстанның технологиялық төңкеріс жасауы үшін маңызды және қажетті екінші қадам атом энергетикасының дамуы дер едік. Өйткені уран қоры бойынша әлемде 2-орында екенімізді, уран өндіруден әлемде ешкімді алға жібермей келе жатқанымызды ескерсек, экономикамызды дамытуға зор мүмкіндік бар. Атом энергетикасының маңызды бағыты ел аумағында атом электр стансасын (АЭС) салу, атомды медицинада пайдалану, атом өнеркәсібін дамыту, термоядролы энергетика саласында ғылыми-зерттеуді кеңейтуге мүмкіндік бар.
Заманауи технологиялар бізге бүгіндері тиісті барлық халықаралық талаптарға сай қауіпсіздік ережелері мен міндеттелген стандарттарды қолданып, атом стансасын салуға, сондай-ақ өңделген ураннан шыққан қалдықтарды залалсыздандыруға мүмкіндік береді. Кезінде атом электр стансасын салуға саяси сипаттама бергендер болды, егер АЭС салудың тиімділігін сауатты түсіндіріп, анық ақпарат берілсе, оның қажеті мен маңызы айтылса, халық қолдау көрсетеді деп сенемін. Оның үстіне, көршілес Өзбекстан бұл мәселеде бізден алға шығып кетті, АЭС құрылысын бастап жіберді. Ал Беларусь Островец атом стансасының бірінші блогын іске қосып та қойды.
Энергетика саласындағы біз үшін үшінші, яғни ең күрделі мәселе – энергия үнемдеу және оның тиімділігін арттырумен айналысу. Себебі бүгінде Қазақстан ІЖӨ-дегі энергия сыйымдылығы көрсеткіші бойынша әлемдік көрсеткішпен салыстырғанда 2 есе, ЭЫДҰ (экономикалық ынтымақтасу және даму ұйымы) елдерімен салыстырғанда 4 есе, ал ТМД елдері арасында 5 есе жоғары.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында энергия үнемдеу және оның тиімділігін арттыру саласында еліміздің ішкі жалпы өніміндегі энергия сыйымдылығын биыл кем дегенде 25%-ға, 2050 жылға қарай 2 есе төмендету міндетін қойды. Бұл бағытта жұмыс басталған, мысалы 2012 жылы қабылданған «Энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заңды іске асыру үшін қажетті нормативтік-құқықтық актілер бекітілді, Мемлекеттік энергетикалық тізілім құрылды, ұлттық оператор ретінде Электр энергетикасы және энергия үнемдеуді дамыту институты құрылды, энергия тиімділігінің картасы, энергетикалық аудит, энергия сервистік шарттар жүйесі енгізілді.
Әрине, мемлекет деңгейінде экономиканы әртараптандыру, осы бағытта технологиялық, инновациялық қадам жасау, өңірлік саясат жүргізу, кадр дайындау кезек күттірмейді. Жалпы, энергетика саласы келешекте Қазақстан экономикасын дамыған елдер экономикасымен теңестіруде маңызды орын алады. Ол мақсатқа жету үшін бүгіннен бастап еліміздің барлық өңірінде жаңартылатын энергия көзін көбейту, атом энергетикасының дамуын, сол бағытта атом стансасын салу, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру шараларын қамтамасыз етуіміз қажет.
Мақсұт ОРДАБАЕВ,
ТМД мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі