Онда Қазақстандағы мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 90%-ға дейін жетіп қалды деген ресми мәліметке шүбә келтірілді. Қоғамда күмән туындауына байланысты Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова түсініктеме берді.
Ведомство басшысының айтуынша, бұл – қазақстандықтардың тоқсан пайызы қазақ тілінде сайрап тұр дегенді білдірмейді. Назар аударыңыз: қазақтарды және қазақшасы түзу өзге этнос өкілдерінің бәрін қоса алғанда, Қазақстанда мемлекеттік тілді жетік білетіндер үлесі халықтың жартысына да жетпейді!
«Ең алдымен айтарым, 2019 жылғы 31 желтоқсанда Үкімет қаулысымен бекітілген Қазақстанда тіл саясатын іске асырудың жаңа бесжылдық мембағдарламасында «Мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындар үлесі» деген нысаналы индикатор бар. Дәл осы индикатордың көрсеткіші Мәдениет және спорт министрлігінің мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарына кіретін көрсеткіштерін есептеу және қалыптастыру әдістемесіне сәйкес айқындалады. Ол үшін әлеуметтік зерттеу, сауалнама жүргізіледі», – деді министр.
Оның мәліметінше, тұрақты жүргізіліп келе жатқан зерттеу нәтижесінде 2019 жылы бұл көрсеткіш 90%-ға жетті деп танылыпты.
«Бұл ретте 90% дегеніміз – мемлекеттік тілді әртүрлі деңгейде меңгерген республика тұрғындарының жалпы көлемі екенін ескерген жөн. Тарата айтсақ, соның ішінде мемлекеттік тілді кәсіби деңгейде білетін қазақстандықтар үлесі тек 43,1%. Тағы 12,7%-ы қазақ тілінде еркін сөйлейді, соның ішінде кәсіби лексикасын да меңгерген. 22,9%-ы қазақша тәп-тәуір тілдеседі, жазады, оқиды. 5,7%-ы мемлекеттік тілде сөйлеп, оқи алады, бірақ жаза алмайды. 5,6%-ы шамалы сөйлеп, ойын түсіндіре алатындар», – дейді Ақтоты Райымқұлова.
Яғни, Қазақстан азаматтарының шынында жартысына жуығы ғана қазақ тілін жетік біледі екен. Қалғаны – әзілқойлар «шалаказахский» деп атайтын деңгейде ғана меңгерген. Ойын мемлекеттік тілде толық жеткізе алмай, орта жолда орыс тіліне көшетіндер де солар.
Ендеше «қазақстандықтардың 90 пайызы тіл біледі» деп өзімізді-өзіміз алдамай, неге жақсы білетіндердің ғана статистикасын жүргізбеске?
«Осы төңіректе туындаған сұрақтарға нақты жауап беру үшін жаңа бағдарламаға «Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін, оқитын және жазатын халықтың үлесі» деген нақты нәтиже көрсеткіші енгізілді. Соған сәйкес қазақстандықтардың осы үлесін 2020 жылы 52,5%-ға жеткізу жоспарланған», – дейді Мәдениет және ақпарат министрі.
Ал биылғы күзде жүретін жалпыұлттық халық санағы қанша азаматтың өмірде және істе мемлекеттік тілді қолданатынын нақты айқындап беруі тиіс. Санаққа тиісті сұрақтар қосылды. Әйтпесе, тілді білгенімен, қолданбайтын қазақ қаншама?!