Балабақша есігін реформа қағып тұр
Балабақша есігін реформа қағып тұр
411
оқылды
Елорданың ескі орталығындағы «Жауқазын» балабақшасы жеке тұрғын үйлер арасындағы бұрынғы қос қабатты гараж-сарай орнында ашылған. Ал сол жағалаудағы ірі шенеуніктер балаларына арналған «Қарлығаш» балабақшасы аялы-саялы, қоршалған аумақта, су жаңа ғимаратта орын тепкен. Елордадағы ең үлкен балабақша. Тіпті, бассейні де бар. ­­­Мектепке дейінгі білім беру (МДБ) са­ласында алда реформа басталады. Өйт­кені салада бірегей саясат пен жүйе жоғалып барады. Мемлекеттің талап­та­рын орындату да қиынға түсуде. Мысалы, ел Президенті өткен жылы барлық МДБ ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен жабдықтап шығу туралы тапсырма берді. Егер балаңыз балабақша немесе мини-ор­талықтан бет-аузы көгеріп оралса, оның себебін анықтау күрделі. Ішкі істер министрі мен Білім жә­не ғылым министрінің «Мектепке дейін­гі және орта білім беру ұйымдарын бей­не­бақылау жүйелерімен жарақтауға стан­дарттарды және оларға қойылатын та­лаптарды бекіту туралы» 2019 жыл­ғы 23 қаңтардағы №32 бірлескен бұй­ры­ғына сәйкес, МДБ ұйымдары тегіс бей­некамералармен жабдықталуы тиіс. Бірақ Ұлттық білім беру деректер ба­засының ақпараты бойынша, 3 мың 63 балабақшада немесе 29%-ында еш­қан­­дай бейнекамера жоқ. Тек 5 мың 812 балабақшада немесе 55%-ында ға­на сыртқы және ішкі бейнебақылау жүр­гізіледі. Қалғандарында неге екені бел­гісіз, видеокамералары не тек ауланы ға­на түсіреді, не балалар ойнап, сабақ оқи­тын бөлмелерді ғана бақылайды.  

Уханьның үлгісіне сай болмады

Коронавирус пандемиясымен кү­рес аясында қабылданған шектеулер жә­не карантин саладағы мәселелерді ушық­тыра түсті. Әуелде төтенше жағдай ре­жимі жойылғасын балабақшаларға есі­гін қайта ашуға рұқсат ету жос­пары жарияланды. Дегенмен оларда са­ни­тарлық-індетке қарсы шаралардың сақ­талуын қамтамасыз ету оңай шаруа емес еке­ні белгілі болды. Ата-аналар кейбір ба­лабақша ішіне тәрбиелеушілерден, пе­дагог пен меңгерушіден бөгде кісілердің кі­ріп-шығып жүретініне шағымдана бас­тады. Себебі бұл ұйымдарда негізінен, кү­зетші жоқ. «Үлгілік қызмет ережелеріне» сәйкес, МДБ ұйымдары балаларды ағымдағы ме­дициналық бақылаумен, екпе егіп, им­мундаумен және профилактикалық тек­серумен қамтуы тиіс. Сондай-ақ оның медицина маманы жергілікті ем­х­аналармен байланыста болуы шарт. Бұған енді COVID-19 індетімен күрес қо­сылды. Алайда біразында онымен ай­налысатын маман жоқ болып шықты. Ресми дерек бойынша мектепке дейінгі білім және тәрбие ұйымдарының тек 6 315-інде немесе 61,2%-ында ғана штатына кіретін медициналық қызмет­кер бар. Реформа аясында 2025 жылға қарай МДБ ұйымдарында штаттық медицина мамандарының үлесін 65%-ға жеткізу жоспарланған. Көрші шың елінде, коронавирустың бастапқы ошағына айналған Ухань қаласында карантин режимі жойылғасын қытай телеарналары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қалай жұмысқа кіріскені туралы бейнероликтер түсіріп, тарата бастады. Онда балдырғандарды ата-анасы ұйымның сыртқы қақпасына дейін әкеледі. Ары қарай оны қос қыз­меткер қабылдап алып, баланың үсті-басын, аяқкиімін, сөмкесін дәрі сеуіп мұқият өңдейді. Қызуын өлшейді. Тек содан соң ішке енгізеді. Айта кету керек, бұл роликтерде паш етілген ҚХР-дің фор­матын әлемде көптеген елдер үлгіге қабылдады. Қазақстанда да идея бойынша ата-аналар бүлдіршінді таңертең балабақша ау­ласына дейін жеткізіп, кешке сол жер­ден алып кетуі тиіс еді. Кіреберісте қызу өлшейтін құралы бар медицина қыз­меткері тұруы шарт. Бөтен адам аула­дан әрі аяқ баспауы міндет. Балабақша қыз­меткерлері тегіс бетперде тағып, балалар қол­дарын ұдайы жуып, антисептикпен өң­деуі керек-тін. Өмірде олай болмады. Сондықтан көп қалада МДБ ұйымдары ашы­ла сала жабылды. Көбінде тіпті ашыл­мады.  

Салаға төнген төрт қауіп

Алматы қаласындағы «Родничок-2» ба­ла­бақшасының меңгерушісі Әсем Талғатқызы өз ұйымының мемлекеттік бағдарламаға сай жұмыс істейтінін айтады. Яғни, ата-аналар төлеуі тиіс төлемақының бір бөлігін мемлекет өтейді. «Карантин кезінде балабақша мемле­кет­тен толық көлемде қаржыландырылды. Бі­рақ жұмыс беруші қызметкерлерге то­лық еңбекақысын бермеді, тек 42 500 тең­геден аударды. Мамыр айына мүлдем еш­теңе төлемей тастады. Мемлекет болса, тиіс­ті қара­жатты жіберіп жатыр», – деп ша­ғым­данады ол. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қа­лада 893 мектепке дейінгі ұйым барын, олардың қызметі сол бұрынғыдай тоқтап тұрғанын хабарлады. – Қалада эпидемиологиялық ахуал тұ­рақтануына қарай балабақшалар жұ­мы­сын кезең-кезеңмен жандандыру мә­селесі қаралуда. Оның нақты мерзімдері, ба­лабақшалардың жұмыс істеу тәртібі туралы әкім­дік басқармасы қала тұрғындарын ал­дын ала хабардар етеді, – деді қалабасы. Алатау бөктеріндегі ірі мегаполисте біраз ба­лабақша маусым айының басында іске қо­сылуы тиіс еді. Елорданың Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова балабақшалар 1 маусымнан бастап еш шектеусіз, жаппай ашылады деп жариялады. Ізінше Нұр-Сұл­тан әкімдігіне бұл жоспарынан бас тартуына тура келді. Әзірге тек бірқатары «кезекші топ» режимінде жұмысын жалғастыруда. Егер төтенше жағдайға дейін 55 мыңнан астам астаналық бала МДБ мекемелеріне барып жүрсе, бүгінде кезекші топтар небәрі 3 мыңдай балақайды ғана қабылдайды. – Біз балабақшаларды ашуға ен­ді асықпаймыз. Бұл мәселеге эпидемиоло­гия­лық ахуалға қарай маусым айының ортасына таман қайта ораламыз. Ата-аналар қалауымен жұмыс істеп жатқан қалған балабақшалар бір топта 15 баладан аспайтын көлемде, кезекші топтар бойынша жұмысын жалғастыра береді, – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов. Ол бас қалада балалар лагерьлері де әзірше ашылмайтынын нықтады. Ендеше жас ұрпақтың жаз бойы іші пысатын болды. «Қазақстанда карантин және шектеулер кесірінен жеке балабақшалар банкрот ал­дында тұр» дейді сарапшылар. Осы салаға маманданған Мидас компаниясының атқарушы директоры Анапия Жанпейісова бұл деректі растады. «Қынжылтатыны сол, мектепке дейін­гі білім беру – билік шектеуді еш жұм­сарт­пай отырған жалғыз сектор. Жеке ба­ла­бақшалардың бәрінің жағдайы сын кө­термейді. Себебі біріншіден, көбісі ғимарат жалдап тұрады және жабық болғанына қа­рамастан қарызға батып, жалға алу ақы­сын төлеуді жалғастыруда. Екіншіден, кей­бір жалға берушілер ұзақ жұмыссыз мер­зім қаңтарылып тұрғандықтан бала­бақ­шадан ғимаратты босатуын талап етуде. Демек, ертең ашылғанда асыға жет­кен ата-аналар оның тек орнын сипап қа­лады. Жаңа балабақшадан орын табу оңай емес. Үшіншіден, қызметкерлер үйлерінде жұ­мыссыз отыр, үлкен бөлігі ақысыз де­малысқа жіберілген немесе ең төменгі жа­­лақы деңгейінде ғана алады. Мемлекет әлеу­меттік төлем төлемейді», – дейді А.Жан­пейісова. Маманның айтуынша, төртіншіден, салаға білікті кадрлардан айырылу қаупі төнді. Елде мысалы, дәрігерлердің жалақысы кө­терілді, ал МДБ мекемелеріндегі мед­қыз­меткерлер еңбекақысы бұрынғы дең­гейде өзгеріссіз қалды. Педагогтер мен тәр­бие­шілер де бос уақытта біліктілігін арт­тырып, жұ­мыс орындарын тастап кетуде. Кәсіпкер са­нитарлық-індетке қарсы шараларды то­лық сақтайтын ұйымдарға есігін қайта ашуға мүм­кіндік беру керек деген пікірде.  

Тәрбиеші дегені техник екен

Мектепке дейінгі ұйымдарда сапалы тәрбие және оқыту үшін жағдай жасалмаған. Білім және ғылым министрлігі реттеушілік әсер­ді талдау нәтижесінде осындай қоры­тын­дыға келді. Бұған не себеп? Осыдан біраз жыл бұрын мемлекет «Ба­лапан» мембағдарламасын қабылдап, жа­сөскіндерді 100% қамту үшін осы саладағы лицензиялауды жойды, хабарлама тәртібіне көшірді. Яғни, балабақша ашу үшін рұқсат алып жүрудің қажеті жоқ, тек әкімдік Бі­лім басқармасын құлағдар етіп қойса бол­ды. «Мектепке дейінгі ұйымдардың үлгі­лік ережелері» бойынша мұндай мекеме ба­лалардың қолын сапалы тәрбие мен бі­лімге жеткізуі, дұрыс әрі нәрлі аспен та­мақтандыруы, таза сумен қамтуы, лайықты сани­тарлық жағдай жасауы міндет. Алайда ашылмай тұрып қадағалаушы орган тексере ал­майтындықтан, балабақшалардың көбі та­лапты сақтамайды. Істі бастап алайын, көш жүре түзелер деп сенеді. Бұл олқылық мемлекеттік балабақшаларға да тән көрінеді. «МДБ ұйымдарымен балаларды қам­туды ұлғайту және балабақшаларда орын тапшылығын қысқарту мақсатында мем­лекет бизнес-құрылымдарды қолдау ша­ра­л­арын қолданып келді. Мысалы, жаңа Санитарлық ережелерде МДБ ұйымдарында ба­лаларға күтім жасау жағдайларына қойы­латын талаптар жұмсартылды. Сондай-ақ жекеменшік МДБҰ саны өсуі үшін 2011 жылы мектепке дейінгі білім беруді лицен­зия­лаудың күші жойылды. Осылайша, бала­бақшалар саны өсті, бағалары ата-аналарға қолжетімді бола түсті», – дейді БҒМ. Меморган енді одан бас тартатын кез жет­ті деген пікірде. Өйткені саны жеткілікті дең­гейге жетті: 2012 жылы елде небәрі 807 же­кеменшік балабақша ғана болса, содан бері саны 5,3 есе ұлғайып, 2019 жылы 4 299-ға жетті. Бұдан былай мемлекет санға емес, са­паға мән беріп, мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі арттыруға көшпек. Оның бір шарты – лицензиялауды қайтару. Мем­лекеттік бақылау да күшейтілуі тиіс. Оның үстіне реформаға ата-аналар ша­ғы­мының артуы да түрткі. Кейінгі кезеңде, ка­рантинге дейін 140 шағым бойынша жос­пардан тыс тексеру жүргізіліпті. Қоры­тын­дысында 96 балабақшаға қатысты әкім­шілік іс қозғалған. Әрқайсысына 1125 АЕК көлемінде 60 айыппұл салынды. Бұдан бөлек, профилактикалық бақылаудың 205 іс-шарасы өткізілді. Нәтижесінде, 205 әкім­шілік іс қозғалды, айыптылар 1470 АЕК сомасында 113 әкімшілік айыппұлмен жа­­­заланды. Ата-аналардың көбі балабақшадағы ор­нымнан айырыламын деп қорқып, шағым хат жаза бермейді. Әйтсе де, ара-тұра ба­ла­ларды ұрып-соғу фактілері әшкере бо­лып, қоғамдық пікірде дүмпу туғызып жа­тады. Мысалы, былтыр балабақшаларда пе­да­гог­тің балаларға қол жұмсауының 7 дерегі тір­келді. Педагог кінәсінен 2 жазатайым оқи­ға болған. 6 балабақша тамақтан уланған. 28-і басқа талаптарды бұзды. 2019 жылдың соңына қарай бала­бақ­шаларда барлығы 97 209 адам жұмыс істепті. Оның тек 64,6%-ы (62 802 адам) ғана жоғары бі­лімге ие. Соның ішінде бар-жоғы 29 707 адам немесе 29,9%-ы жоғары педагог білі­мі­не ие. Қалғаны кәсіптік-техникалық ма­мандық иелері. Осыдан «жас ұрпақты кімдер тәр­биелеп жатыр?» деген сауал туады...  

 width=Айхан ШӘРІП