Бала еңбегі бақылауға зәру
Бала еңбегі бақылауға зәру
502
оқылды
Біріккен Ұлттар Ұйы­­мының дерегіне сүйен-сек, әлемде 5-17 жас ара­лы­ғын­да­ғы 152 миллионнан ас­там ба­ла жұмыс істеуге мәж­бүр. Осы балалардың жар­ты­сына жуы­ғы денсаулығына қауіпті жер­де еңбек етеді. Ара­сында адам саудасының құр­баны бо­лып, жезөкшелікке же­гіл­ге­ні де жоқ емес. Біздің елде де бала еңбегін пай­даланушылар баршылық. Олар баланы жұмысқа ешқандай шарт жасамай қабылдайды. Ең со­рақысы, кәмелетке толма­ған­дарды жезөкшелікке салу арқылы пайда табуды көздегендер бар. Былтыр дәл сондай баппен 6 бірдей қылмыстық іс қозғалған.  

14 жасқа толмаған балаға жұ­мыс істеуге тыйым салынады

Еліміздегі Адам құқықтары жө­ніндегі уәкіл Эльвира Азимо­ва­ның айтуынша, былтыр қыр­күйек айында елімізде Балалар ең­бегінің ең нашар түрлерін жою жө­ніндегі 2020-2022 жылдарға ар­налған іс-шаралар жоспары бе­кітілген. Аталған жоспарға сәй­кес, тоқсан сайын балалар құ­қы­ның бұзылуын анықтау мақса­тын­да Білім және ғылым ми­нистрлігі республика аймақ­та­рын­дағы жергілікті атқарушы ор­гандармен бірлесіп «Түнгі қа­ладағы балалар» рейдін жүргізеді. Ба­ла еңбегін пайдалану пробле­ма­сына қоғам назарын аудару үшін жыл сайын 1-12 маусым ара­лығында «Бала еңбегін қанауға қар­сы 12 күндік күрес» ақпарат­тық науқанын өткізеді. «Биыл бірінші тоқсанда рес­публиканың барлық аймағында бі­лім беру органдары ішкі істер ор­гандарымен бірлесіп 5 000-нан ас­там рейд өткізді, осы кезеңде 12 мыңға жуық нысан – саяжайлар, фер­малар, жертөлелер, теміржол жә­не автовокзалдар, ойын-сауық орындары, компьютер салон­дары, аудандар, базарлар, жанар­май құю стансалары мен авто­көлік жуу нысандары тексерілді. Нәтиже­сінде, балалармен еңбек шартын жасамай жұмысқа сал­ған­дар анық­талды. Мысалы, Жам­был об­лы­сында кәмелетке тол­маған баланы даяшы ретінде жұ­мыс істеткен. Ал Қостанай об­лысында сатушы етіп жұмысқа ал­ған баламен шарт жа­салмаған», – дейді Э.Азимова. Білім және ғылым министрлігі Ба­ла құқын қорғау комитетінің де­регіне сүйенсек, егер 2018 жы­лы мемлекеттік еңбек инс­пек­тор­лары тексеру барысында кәме­лет­ке толмағандарды еңбекке заң­сыз тарту бойынша 10 фактіні анық­таса, 2019 жылы 3 факт анық­талған. Бұл жағдайда жұмыс берушілер әкімшілік жауапкер­ші­лікке тартылады. Баланы жұ­мысқа шартсыз қабылдау, салыс­тыр­малы түрде азайды деуге бо­лады. Алайда Бас прокуратураның 2019 жылғы құқықтық статис­ти­ка­лық мәліметтері жаға ұстатады. Был­тыр Қылмыстық кодекстің 134-бабы «Кәмелетке толмаған адам­ды жезөкшелікпен айна­лысу­ға тарту» бойынша 6 қыл­мыс­тық іс қозғалған. Биыл дәл осы бап бойынша 1 қылмыстық іс тіркеліпті. Қылмыстық ко­декс­тің «Кәмелетке толма­ғандарды сату» деп аталатын 135-бабы бойын­ша  6 қылмыстық іс тір­ке­ліп, 2 іс сотқа жолданған. 3 кінәлі аза­мат жауапкершілікке тар­тыл­ды. Ал биыл 1 қылмыстық іс тір­кел­ді. Біздің елде буыны бекіп, бұғанасы қатқан бала бау-бақ­шаға көмектеседі, мал қайырысады. Бұл – біз үшін қалыпты жағдай. Ал егер бала еңбекақы төленетін жұмыс істеймін десе, жұмыс берушіден шарт жасауды талап ету қажет. Заңгер Бауыржан Рахалиевтің айтуынша, Еңбек кодексінде балаларға жұмыс істеуге рұқсат берілген, бірақ еңбек саласы мен бала жасына байланысты шектеу бар. «Мысалы, 14 жастан бастап мектеп оқушысы сабақтан бос уақытында, денсаулығына за­қым келмейтін жағдайда жұмыс істей алады. Ол үшін еңбек келісімшартына баланың ата-анасы немесе қамқоршысы, асырап алушысы қол қоюы тиіс. Бірақ бұл жаста ауыр жұмыс істеуіне, денсаулығына қауіпті және зиянды ортада еңбек етуіне тыйым салынады. Атап айтсақ, балаға жұмыс берушінің меншігін күзететін, толық ма­териалды жауапкершілігі бар лауазымдарда жұмыс істеуіне рұқсат етілмейді», – дейді.   bala enbegi1 Айта кетейік, Қазақстан заң­намасында, кәмелет жасы­на толмағандарды құмар ойын биз­несіне, түнгі көңіл көтеру орын­да­рына, өндіріс пен алкоголь, темекі, есірткі өнімдерін сау­да­лайтын жерге жұмысқа алуға тыйым салынады. Кәмелеттік жасқа толмағандарға 4,1 келі­ден ауыр зат көтеру және тасу жағ­дайында жұмыс істеуге болмайды. 14 жастан 16 жасқа дейінгі балаларға аптасына 24 сағаттан, 18 жасқа толмаған балаларға 36 сағаттан артық жұмыс істеуге болмайды. Заңгердің айтуынша, егер жұмыс беруші баламен шарт жасауға келіспесе, онда еңбек инспекциясына жүгінуге бо­лады. Алайда бізде жұмыстан айырылып қалмау үшін заңды құқын талап етпейтіндер көп.  

Еңбек қарым-қатынас жасауды үйретеді

Баланы еңбекке баулудың пайдасы көп. Біріншіден, бала тұлға ретінде қалыптасады. Зерттеушілердің айтуынша, үй тірлігіне араласатын баланың мектепте үлгерімі жақсы бола­ды. Мұндай балалар өз-өзіне сенімді, ерік-жігері мықты бо­лып өседі екен. Ал бұл оқып-тоқуға өте қажет қасиет. Үйді жи­настырып жүретін ұл-қыз­дар­ есейгенде қоғамға пай­дасы тиер азамат болып өседі екен. Себебі үй тірлігі оларды басқаның мүддесін өзінікінен жоғары қоюға баулиды. Нұр-Сұлтандағы №76 мек­теп-лицейдің директоры Сафура Сейдуәліқызы баланың ең­бекке ерте араласуы оның әлеу­меттенуіне ықпалы зор бола­тынын айтады. «Педагог ретінде жасөспірім жастан еңбекке араласқанды қолдаймын. Еңбекке араласу арқылы қоғамға және өзіне деген жауапкершілігі артады. Баланың әлеуметтенуіне ықпалы зор: қарым-қатынас, талапқа бағыну, өзіне табыс табу. Тек жұмыс берушілер жасөспірімдерді жұмысқа алғанда еңбек шарты, еңбекақысы, қауіпсіздігі, кепіл­діктері заң жүзінде рәсімделуі тиіс», – дейді ол. Әдетте, ауыл-аймаққа қара­ғанда, жалақысы бар жұмысқа қала балалары ерте араласады. Көп жағдайда ол балаларды ата-аналары қолдайды. Мысалы, Талғат Толыбай баласының жұмыс істеуіне қарсы болмаған. «Баланың ата-ананың келісімімен жұмыс істегенін дұрыс деп ойлаймын. Балам сауда орталығында сатушы болып істейді, 4 сағат жұмыс істейді деп шарт жасастық. Өзім де 14 жасымнан ауылдағы қырманда жұмыс істегем. Ерте жастан еңбекке араласудың арқасында бүгінгі жағдайымыз жақсы: үйіміз де, көлігіміз де бар. Бәрін өз еңбегімізбен таптық. Баланы да жұмысқа баулу керек, сонда ғана ол маңдай термен келген ақшаның қадірін білетін болады», – дейді. Ал кезекті респондетіміз Мөлдір Шекердің тұңғышы 16 жасында даяшы болып жұмыс істепті. «Жұмысы сабағына кедергі болмаса ғана рұқсат беремін. Онда да туысымның жанында еңбек етті. Еліміздегі, өзбек, дүнген, ұйғыр халқы баласын 12-13 жастан кәсіпке баули бастайды. Жоғары оқу орнына жібермейді де. Біздің балалар оқу оқып жүргенде олар үйлі-күйлі болып үлгереді», – дейді ол. Еңбекке жастай ара­лас­қандардың бірі – журналист Риза Шайқақ. Ол 2-курсты бітірген соң жазғы демалыста жұмыс істегендер қатарынан. «Басында ата-анам «9 ай оқып, үйге енді келдің» деп қарсы болғанымен, кейін келісім берді. Қатарластарымның көбі жұмысқа ерте араласты. Мен де жұмысты басқалар сияқты даяшы болып бастадым. Ол кезде күніне 2 000-3 000 теңге төленетін. Кейін күніне 5 000 теңге беретін мейрамханаға ауыстым. Ал 4-курста өзімнің мамандығым бойынша сүйікті қызметіме кірістім», – дейді ол.  

Пандемия бала еңбегін қанауды күшейтеді

Біздің елде 14 жастан бастап шарт жасау арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Оның барлығы заңнамада қарастырылғанын жоғарыда айттық. Қазақстан бұл норманы Баланы жұмысқа қабылдау үшін минимал жас туралы Халықаралық еңбек ұйымы конвенциясы (№138) мен Бала еңбегінің ең нашар түрлерін жою бойынша тыйым салу және жедел шаралар туралы ХЕҰ конвенциясына (№ 182) сүйеніп жасаған. Аталған құжат­тарды екі жүзге жуық мем­лекет қабылдаған. Оның ішінде Қазақстан да бар. Біз бала еңбегі үшін маңызды орын алатын қос конвенцияны екі мыңыншы жылдардың басында қабылдағанбыз. Біріккен Ұлттар Ұйымы COVID-19 пандемиясынан туындайтын экономикалық дағдарыс миллиондаған баланы жұмыс істеуге итермелеуі мүмкін деп болжайды. Өйткені күнкөріс үшін балалар ата-анасымен бірге нәпақа табуға көшеді. БҰҰ бұл қауіпті бола түсуі әбден мүмкін деп отыр. Бұл қауіп, әсіресе соғыс өрті тұтанған аумақ­тар мен экономикалық жағ­дайы төмен елдерде күшеюі мүмкін екен. Босып кеткен ба­лалар адам саудасы мен бала ең­бегі­нің құрбанына айнал­масына да кепіл жоқ. Ең сора­қысы, балаларды қарулы жаса­қ­тар мен топтар тыңшы, тасы­мал­даушы және көмекші ретінде пайдалануы мүмкін. Сондықтан БҰҰ 2030 жылға дейін Тұрақты даму мақсатының 8.7-пункті міндетіне қол жеткізу үшін барлық мемлекеттерді 2025 жылға бала еңбегінің барлық түрін жою жоспарын жүзеге асыруға шақырып отыр. 2021 жылды бала еңбегін жоюдың халықаралық жылы деп жариялады. Ал бүгін, яғни 12 маусым – Бала еңбегін қанауға қарсы күрес күні халықаралық онлайн конференция өтеді. Бұл конференцияны онлайн ре­жимде әлемнің кез келген аза­маты көре алады.  

 width=Халима БҰҚАРҚЫЗЫ