Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сүйен-сек, әлемде 5-17 жас аралығындағы 152 миллионнан астам бала жұмыс істеуге мәжбүр. Осы балалардың жартысына жуығы денсаулығына қауіпті жерде еңбек етеді. Арасында адам саудасының құрбаны болып, жезөкшелікке жегілгені де жоқ емес. Біздің елде де бала еңбегін пайдаланушылар баршылық. Олар баланы жұмысқа ешқандай шарт жасамай қабылдайды. Ең сорақысы, кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке салу арқылы пайда табуды көздегендер бар. Былтыр дәл сондай баппен 6 бірдей қылмыстық іс қозғалған.
14 жасқа толмаған балаға жұмыс істеуге тыйым салынады
Еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимованың айтуынша, былтыр қыркүйек айында елімізде Балалар еңбегінің ең нашар түрлерін жою жөніндегі 2020-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Аталған жоспарға сәйкес, тоқсан сайын балалар құқының бұзылуын анықтау мақсатында Білім және ғылым министрлігі республика аймақтарындағы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп «Түнгі қаладағы балалар» рейдін жүргізеді. Бала еңбегін пайдалану проблемасына қоғам назарын аудару үшін жыл сайын 1-12 маусым аралығында «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күндік күрес» ақпараттық науқанын өткізеді. «Биыл бірінші тоқсанда республиканың барлық аймағында білім беру органдары ішкі істер органдарымен бірлесіп 5 000-нан астам рейд өткізді, осы кезеңде 12 мыңға жуық нысан – саяжайлар, фермалар, жертөлелер, теміржол және автовокзалдар, ойын-сауық орындары, компьютер салондары, аудандар, базарлар, жанармай құю стансалары мен автокөлік жуу нысандары тексерілді. Нәтижесінде, балалармен еңбек шартын жасамай жұмысқа салғандар анықталды. Мысалы, Жамбыл облысында кәмелетке толмаған баланы даяшы ретінде жұмыс істеткен. Ал Қостанай облысында сатушы етіп жұмысқа алған баламен шарт жасалмаған», – дейді Э.Азимова. Білім және ғылым министрлігі Бала құқын қорғау комитетінің дерегіне сүйенсек, егер 2018 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары тексеру барысында кәмелетке толмағандарды еңбекке заңсыз тарту бойынша 10 фактіні анықтаса, 2019 жылы 3 факт анықталған. Бұл жағдайда жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Баланы жұмысқа шартсыз қабылдау, салыстырмалы түрде азайды деуге болады. Алайда Бас прокуратураның 2019 жылғы құқықтық статистикалық мәліметтері жаға ұстатады. Былтыр Қылмыстық кодекстің 134-бабы «Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту» бойынша 6 қылмыстық іс қозғалған. Биыл дәл осы бап бойынша 1 қылмыстық іс тіркеліпті. Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмағандарды сату» деп аталатын 135-бабы бойынша 6 қылмыстық іс тіркеліп, 2 іс сотқа жолданған. 3 кінәлі азамат жауапкершілікке тартылды. Ал биыл 1 қылмыстық іс тіркелді. Біздің елде буыны бекіп, бұғанасы қатқан бала бау-бақшаға көмектеседі, мал қайырысады. Бұл – біз үшін қалыпты жағдай. Ал егер бала еңбекақы төленетін жұмыс істеймін десе, жұмыс берушіден шарт жасауды талап ету қажет. Заңгер Бауыржан Рахалиевтің айтуынша, Еңбек кодексінде балаларға жұмыс істеуге рұқсат берілген, бірақ еңбек саласы мен бала жасына байланысты шектеу бар. «Мысалы, 14 жастан бастап мектеп оқушысы сабақтан бос уақытында, денсаулығына зақым келмейтін жағдайда жұмыс істей алады. Ол үшін еңбек келісімшартына баланың ата-анасы немесе қамқоршысы, асырап алушысы қол қоюы тиіс. Бірақ бұл жаста ауыр жұмыс істеуіне, денсаулығына қауіпті және зиянды ортада еңбек етуіне тыйым салынады. Атап айтсақ, балаға жұмыс берушінің меншігін күзететін, толық материалды жауапкершілігі бар лауазымдарда жұмыс істеуіне рұқсат етілмейді», – дейді.Еңбек қарым-қатынас жасауды үйретеді
Баланы еңбекке баулудың пайдасы көп. Біріншіден, бала тұлға ретінде қалыптасады. Зерттеушілердің айтуынша, үй тірлігіне араласатын баланың мектепте үлгерімі жақсы болады. Мұндай балалар өз-өзіне сенімді, ерік-жігері мықты болып өседі екен. Ал бұл оқып-тоқуға өте қажет қасиет. Үйді жинастырып жүретін ұл-қыздар есейгенде қоғамға пайдасы тиер азамат болып өседі екен. Себебі үй тірлігі оларды басқаның мүддесін өзінікінен жоғары қоюға баулиды. Нұр-Сұлтандағы №76 мектеп-лицейдің директоры Сафура Сейдуәліқызы баланың еңбекке ерте араласуы оның әлеуметтенуіне ықпалы зор болатынын айтады. «Педагог ретінде жасөспірім жастан еңбекке араласқанды қолдаймын. Еңбекке араласу арқылы қоғамға және өзіне деген жауапкершілігі артады. Баланың әлеуметтенуіне ықпалы зор: қарым-қатынас, талапқа бағыну, өзіне табыс табу. Тек жұмыс берушілер жасөспірімдерді жұмысқа алғанда еңбек шарты, еңбекақысы, қауіпсіздігі, кепілдіктері заң жүзінде рәсімделуі тиіс», – дейді ол. Әдетте, ауыл-аймаққа қарағанда, жалақысы бар жұмысқа қала балалары ерте араласады. Көп жағдайда ол балаларды ата-аналары қолдайды. Мысалы, Талғат Толыбай баласының жұмыс істеуіне қарсы болмаған. «Баланың ата-ананың келісімімен жұмыс істегенін дұрыс деп ойлаймын. Балам сауда орталығында сатушы болып істейді, 4 сағат жұмыс істейді деп шарт жасастық. Өзім де 14 жасымнан ауылдағы қырманда жұмыс істегем. Ерте жастан еңбекке араласудың арқасында бүгінгі жағдайымыз жақсы: үйіміз де, көлігіміз де бар. Бәрін өз еңбегімізбен таптық. Баланы да жұмысқа баулу керек, сонда ғана ол маңдай термен келген ақшаның қадірін білетін болады», – дейді. Ал кезекті респондетіміз Мөлдір Шекердің тұңғышы 16 жасында даяшы болып жұмыс істепті. «Жұмысы сабағына кедергі болмаса ғана рұқсат беремін. Онда да туысымның жанында еңбек етті. Еліміздегі, өзбек, дүнген, ұйғыр халқы баласын 12-13 жастан кәсіпке баули бастайды. Жоғары оқу орнына жібермейді де. Біздің балалар оқу оқып жүргенде олар үйлі-күйлі болып үлгереді», – дейді ол. Еңбекке жастай араласқандардың бірі – журналист Риза Шайқақ. Ол 2-курсты бітірген соң жазғы демалыста жұмыс істегендер қатарынан. «Басында ата-анам «9 ай оқып, үйге енді келдің» деп қарсы болғанымен, кейін келісім берді. Қатарластарымның көбі жұмысқа ерте араласты. Мен де жұмысты басқалар сияқты даяшы болып бастадым. Ол кезде күніне 2 000-3 000 теңге төленетін. Кейін күніне 5 000 теңге беретін мейрамханаға ауыстым. Ал 4-курста өзімнің мамандығым бойынша сүйікті қызметіме кірістім», – дейді ол.Пандемия бала еңбегін қанауды күшейтеді
Біздің елде 14 жастан бастап шарт жасау арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Оның барлығы заңнамада қарастырылғанын жоғарыда айттық. Қазақстан бұл норманы Баланы жұмысқа қабылдау үшін минимал жас туралы Халықаралық еңбек ұйымы конвенциясы (№138) мен Бала еңбегінің ең нашар түрлерін жою бойынша тыйым салу және жедел шаралар туралы ХЕҰ конвенциясына (№ 182) сүйеніп жасаған. Аталған құжаттарды екі жүзге жуық мемлекет қабылдаған. Оның ішінде Қазақстан да бар. Біз бала еңбегі үшін маңызды орын алатын қос конвенцияны екі мыңыншы жылдардың басында қабылдағанбыз. Біріккен Ұлттар Ұйымы COVID-19 пандемиясынан туындайтын экономикалық дағдарыс миллиондаған баланы жұмыс істеуге итермелеуі мүмкін деп болжайды. Өйткені күнкөріс үшін балалар ата-анасымен бірге нәпақа табуға көшеді. БҰҰ бұл қауіпті бола түсуі әбден мүмкін деп отыр. Бұл қауіп, әсіресе соғыс өрті тұтанған аумақтар мен экономикалық жағдайы төмен елдерде күшеюі мүмкін екен. Босып кеткен балалар адам саудасы мен бала еңбегінің құрбанына айналмасына да кепіл жоқ. Ең сорақысы, балаларды қарулы жасақтар мен топтар тыңшы, тасымалдаушы және көмекші ретінде пайдалануы мүмкін. Сондықтан БҰҰ 2030 жылға дейін Тұрақты даму мақсатының 8.7-пункті міндетіне қол жеткізу үшін барлық мемлекеттерді 2025 жылға бала еңбегінің барлық түрін жою жоспарын жүзеге асыруға шақырып отыр. 2021 жылды бала еңбегін жоюдың халықаралық жылы деп жариялады. Ал бүгін, яғни 12 маусым – Бала еңбегін қанауға қарсы күрес күні халықаралық онлайн конференция өтеді. Бұл конференцияны онлайн режимде әлемнің кез келген азаматы көре алады.