Цифрландыру не үшін қажет?
«Дипломын жоғалтып алыпты», «аттестаты қолды болды» дегенді жиі естиміз. Оның үстіне, жұмысқа қабылданар алдында да түрлі құжатпен қоса диплом көшірмесін өткізесіз. Министрлік 1992 жылдан бастап берілген 2,5 млн дипломды цифрлы форматқа көшірді. Министрлік мәліметіне сүйенсек, 1976-1992 жылдары берілген дипломдар жыл соңына дейін цифрландырылады. Бұл не үшін керек дерсіз? Нәтижесінде, дипломды растауға жұмсалатын уақыт пен ресурс үнемделеді. Жұмыс берушілер жұмысқа орналасуға үміткерлердің біліктілігі туралы шынайы ақпаратпен қамтылады. Бастысы – мемлекеттік үлгідегі жалған дипломдардың айналымы жойылады. Сәйкесінше, түлектер туралы шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету есебінен білім беру сапасы артады. Осыған сай барлық білім беру ұйымына құжаттарды қабылдау автоматты жүйеге көшкен. Диплом мәліметтер базасына енген соң еркін тыныстауға болады. Оның заңды екенін растау үшін нотариусқа барып, ақша төлемейсіз. Жұмыс берушімен араңызда түрлі сұрақ тумайды. Айта кетерлігі, министрлік мәліметтер базасын бәріне бірдей ашып бере алмайды. Әр адам дипломның түпнұсқа немесе жасанды екенін өзі тексере алады. Жұмыс беруші дипломның электронды көшірмесіне Білім және ғылым министрлігі арқылы қол жеткізеді. Әрине, екеуара мәліметтерді таратып жібермеу жөніндегі келісімге қол қойылады. Осы тақырып төңірегінде Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың академиялық мәселелер департаментінің директоры Шәмен Балтабайұлы өз ойын айтты. «Биыл дипломның бәрі министрлік дайындаған арнайы бланкі бойынша дайындалды. Жалпы, ортақ нұсқада дайындап жатырмыз. Келесі жылдан бастап әр жоғары оқу орны өз дипломын табыстайтын болады. Қандай форматта болатынын айту әлі ерте», – дейді ол. Демек, білім жүйесін тағы бір тың жаңалық күтіп тұр.Диплом табыстау салтанаты өте ме?
Бұл сұрақ қазір көпті мазалап жүр. Жоғары оқу орны түлектері мектеп бітірушілер сияқты кештетіп болсын үлкен өмірге «қоңырау» соққысы келеді. Дегенмен соңғы шешімді министрлік қабылдайды. Сол үшін университеттер диплом табыстау салтанатының бірнеше форматын дайындап қойған. Министрлік қандай пәрмен берсе, соны орындауға сақадай сай. Еуразия университеті диплом табыстау рәсімін онлайн режимде өткізуді жоспарлап отыр. Әр факультеттің онлайн-жиын өткізу мерзімін академиялық күнтізбеге сай дайындаған. «Факультеттер онлайн диплом беру салтанатын өткізеді. Университет басшыларын қайта-қайта онлайн байланысқа шақырмау үшін ректор мен проректорлардың құттықтау сөзі жазба түрінде дайындалды. Типографиялық нұсқада әрбір түлекке құттықтауымыз бар. Мұны дипломмен бірге поштамен жіберуді көздеп отырмыз. Дипломның денін поштамен жолдаймыз. Түлек Нұр-Сұлтан қаласында тұратын болса, алдын ала ескертеді. Ол белгіленген күні деканаттан дипломы мен құжатын алып кете алады. Негізгі құттықтау онлайн режимде өтеді», – дейді ЕҰУ-дың академиялық мәселелер департаментінің директоры Шәмен Балтабайұлы. Ал Астана медициналық университетінде арнайы салтанат өтпейді. Түлектер дипломын өздері келіп немесе туысқаны арқылы ала алады. Әрине, санитарлық талапты қатаң сақтауы керек. «Биыл дипломды табыстау кеші өтпейді. Ректор мен декандар арнайы видеоқұттықтау жолдайды. Әлеуметтік желідегі парақшалардан көре аласыздар. Ал дипломға келсек, түлектің өзі немесе туысы (сенімхатпен) университетке келіп, алып кете алады», – дейді Астана медициналық университетіндегі баспасөз орталығының жетекшісі Динара Есенғалиқызы. Бұл сауалды М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетіне де жолдадық. Олар диплом тапсыру рәсімінің бірнеше нұсқасын әзірлеген. Министрліктің арнайы нұсқауын күтіп жүр. «Үш форматта ұйымдастыруды жоспарладық. Әрине, министрлік нұсқауын күтеміз. Біріншісі, офлайн форматта өткізу. Диплом алатын түлек санитарлық талапты сақтап, университетке келіп, құжатын алып кетеді. Екіншісі, әр студентке дипломды пошта арқылы жіберу. Үшіншісі, биыл оқу орнын аяқтаған түлектің дипломын келесі жылғы түлектер кешінде табыстауды қарастырамыз», – дейді КАЗГЮУ университетінің баспасөз хатшысы Назерке Бауыржанқызы. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті де бас санитар мен министрліктің шешімін күтіп отыр. Университеттің оқу ісі және оқу әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры Еркін Нұрсағатқызының айтуынша, 12 маусым күні арнайы жиын өтеді. Алматы әкімдігі, ректорлар мен бас санитар қатысатын жиында осы мәселе талқыға түседі. Егер онлайн форматта өткізу туралы шешім шықса, университет түлектерге барынша қызықты онлайн-шара ұйымдастыруға күш салады.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ