Қызылордада Н.Бекежанов атындағы 700 орындық музыкалық драма театры бары көпке белгілі. Әртүрлі жиынға, концертке келген халықтың жартысы орын болмай далада тұрады. Орын болмаған соң билет те болмасы анық. Тіпті, тұрғындар театр табалдырығынан кері қайтып жүр.
Қызылорда облысында халық саны 850 мыңға жетеқабыл. Әрине, Сыр еліндегі өнерсүйгіш қауым үшін рухани-мәдени кешендегі орын саны жетіспейді. Мұны «Абай жолымен» атты жыр додасына келген айтыскерлер де тілге тиек етті. Олар «Айтысқа келген көрермендер сыймай далада тұр. Сыр еліне айтыстың ақ сарайын салып берсе, «Сыр елі – жыр елі» болар еді» деген-ді. Оны тыңдаған экс-әкім Қ.Ысқақов өз басымен алысып кете барды.
Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттар басқармасына Сырдария өзенінің сол жағалауында көлемі 5 000 шаршы метр жер учаскесі «Облыстық қазақ музыкалық драма театр құрылысы» нысанын салу үшін бөлінді. Облыстық бюджет қаражаты есебінен жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіндегі заңдылықтарға сәйкес ТЭН-нің оң қорытындысы алынған соң нысанның жоба-сметалық құжаттамалары әзірленіп,құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады», – деп еді экс-әкім. Алайда 2017 жылы жылды қорытындылап, 2018 жылғы жұмыс жоспарында Сырдарияның сол жағалауындағы алғашқы шағынаудан жыл соңына дейін ашылатынын айтқан-ды. Балабақша салынып, ол берілді. Кезек салтанат сарайына келіп тірелді. 2020 жыл жетті. Сырдария өзенінің сол жақ жағалауындағы аумақта тұрғын үй, әкімшілік-офистік мәдени ойын-сауық, сауда-көрме объектілерін салу үшін жүргізген отандық және шетел инвесторларды тарту мақсатында облыс әкімдігі тарапынан шаралар ұйымдастырып, инвесторлармен тиімді келісім жасалған еді.
Қызылорда қаласы әкімдігі тарапынан заңнама талаптарына сәйкес аукцион ұйымдастырылды. «Темірлан ЖШС» жеңімпаз атанған. Осы мекемемен келісім жасалып, сол жағалауда «Неке сарайы» ғимаратының құрылысы жоспарланған еді. 2018-2019 жыл аяқталды. 2020 жылдың да алты айы таусылды. Сұрастырғанымызда, жобаны соза түскенін байқадық. Бюджет мүмкіндігіне байланысты ғимарат құрылысы кейінге ысырылып келеді.
Қызылордада бір ғана мәдени кешен емес, біршама құрылыс жұмыстарының сұрауы бар. Қызылорда қаласының сол жағалауында физика-математикаға бейімделген 300 орындық жатақханасымен, 400 орындық мектеп-интернаттың құрылысы, ауысымына 100 келушіге арналған емхана, 300 төсектік көпсалалы аурухана құрылысы (онкологиялық бөліммен қоса), 5 000-10 000 донацияға арналған облыстық қан орталығының құрылысы, «Әкімшілік ғимарат құрылысы», «Көгалдағы хоккей алаңы құрылысы» бар. Аталған бірнеше нысан бір-бірден берілуі тиіс еді. Бірақ бәрі «Қожаның көңілі құрт сүйеді, көжесінің қатығы жоқтың» керін кешіп тұр.