Облыстық сот он күнге жабылды
Облыстық сот он күнге жабылды
5,135
оқылды
Алматы облысында карантин режимінің күшейтілуіне байланысты көптеген ұйымдар қайтадан қашықтан жұмыс істеуге көшірілді. Солардың қатарында алғашында істерді онлайн режимінде қарауға кіріскен, қазіргі кезде жағдайдың күрделенуіне байланысты сот ғимаратын карантинге жауып, барлық қызметкерлерінің жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған Алматы облыстық соты да бар. Елімізде төтенше жағдай алы­нып тас­талғанымен, карантин  шаралары сақталып отыр және жекелеген аймақтарда қалыптасқан жағдайға қатысты қайта күшейтілуде. Алматы облысы мен Талдықорған қаласы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлерінің қаулыларымен облыс орталығы мен Қапшағай қаласында карантин  шаралары  барынша  қатаңдатылды. Алматы облыстық сотының төрағасы Еліс Әбдіқадыровтың айтуынша,  дәл  осындай шақта облыстық соттың қызметкерлерінде  COVID-19 жұқпасының бар-жоқтығына тексеру барысында тоғыз судьяда аталған  жұқпа бары анықталған. Қазіргі кезде олар  оқшауланып, дәрігерлердің бақылауына алынған. Маусымның 19 жұлдызына дейін карантин жарияланып, коронавирус  жұқпасының жайылып кетуіне жол бермеу мақсатында сот ғимараты жабылған. Облыстық соттың барлық қызметкерлері 7  күндік үй карантиніне жіберілген. Қызметкерлердің басым бөлігі қашықтан онлайн режимде жұмыс істеуде. Сот істерін қарау мерзімдері кейінге шегерілген. 9 маусымда барлық сот қызметкерлері тестілеуден өткізіліп, сот ғимаратына екі рет санитарлық тазалау жасалған. Тағы басқа да сақтық шаралары қолға алынған. Облыстағы соттар Жоғарғы соттың карантин  жағдайында жұмыс істеуіне қатысты нұсқамасын орындауда. Аудандық соттар қатаң карантин  режимін сақтай отырып, штаттық тәртіпте жұмыстарын жалғастыруда. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар барынша күшейтілген, сот отырыстары қашықтан жүргізіледі. Мәжіліс  залдарына келуге тыйым салынған. Барлық хат-хабар электронды  нұсқада қабылданады. Соттар төрағаларына санитарлық дәрігерлердің ұйғарымдарын толық орындау міндеттелген. Карантин кезеңінде облыстық сотта Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 107-бабы бойынша  нақтырақ айтқанда, прокурордың тергеу судьясы қаулысын қайта қарау жөніндегі ұсынысы мен  шағымдануына қатысты   істер қалалық сот ғимаратында қашықтан және еш кедергісіз, кешіктірусіз қаралады. Ал облыстық сот судьяларының өндірісіндегі  қалған істердің барлығы уақытша тоқтатылған, кейінге қалдырылған. Мүдделі тараптар бұл туралы хабарландырылған.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы