Той бизнесіне тықыр таянды: продюсерлік орталықтар жабылып, асабалар өзге кәсіппен айналысуда
Той бизнесіне тықыр таянды: продюсерлік орталықтар жабылып, асабалар өзге кәсіппен айналысуда
© azattyq-ruhy.kz
186
оқылды
Әлемдік пандемияға байланысты карантиндік шектеулер той тойлап, сауық-сайран құрып қалған қазаққа оңай тиіп тұрған жоқ. Бүгінде той бизнесінен нәпақасын айырып жүрген мыңдаған адам жұмыссыз қалған. Әсіресе, тойхана иелері кредитке салынған мейрамхананың шығынын қалай өтерін білмей, Үкіметке өкпесін жиі айтып жүр. Ал, тойдың дәурені жүріп тұрған шақта миллиондап ақша тапқан асабалар енді шаң басқан дипломын шығарып, мамандығы бойынша жұмыс істеуге кіріскен. Azattyq Rýhy тілшісі коронавирустық дағдарыс той бизнесіне қалай әсер еткені туралы мәлімет жинап көрді. Жаңаөзен тұрғыны Гүлнар Жаңбырбаева қызының ұзату тойын мамырдың 20-ына жоспарлаған. Ең алдымен жұртты жинайтын мейрамхананы тауып, алдын ала төлем жасаған. Тойдың тізгінін ұстайтын асаба таңдауда ең мықтысын іздепті. Мықтысын тауып, оған 450 мың теңге төлеуге келіскен. Алайда, той күні жақындағанда карантин режимі енгізіліп, айтулы оқиға кейінге шегерілді.
«Қызымызға 31 қаңтарда сырғасын салып қойды. Тойды күн жылынғанда асықпай тойлаймыз деп келістік. Өйткені, жер шалғай, алыс-жақыннан келіп-кететін туыс бар. Билік карантиндік шараларды жеңілдете бастағанда қуанып отырдық. Бірақ той тойлауға рұқсат бермеді. Тойханаға, тамадаға ақшасын төлеп қойдық. Қызым «Нұр-Шах» дизайнерлік үйінен той көлегіне тапсырыс берді. Онысы да дайын тұр. Ақшамыз босқа күйіп кете ме деп алаңдаймын. Шығынды айтпағанның өзінде қызыма обал. Өміріндегі маңызды оқиғаның осындай жағдайға тап болғаны өкінішті», - дейді Гүлнар Жаңбырбаева.
ТОЙХАНАЛАР ҚАҢЫРАП БОС ТҰР, КОММУНАЛДЫҚ ҚАРЫЗДАРЫ ШАШ ЕТЕКТЕН Той бизнесінің тоқтауы мыңдаған адамның жұмысына кері әсерін тигізген. Карантиндік шектеулер салдарынан бизнесім банкротқа ұшырайды деп жанұшырып жүрген кәсіпкердің бірі – астаналық Берік Жамбаев. 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған бизнесмен Үкіметтен қолдау сұрады.
«Үкімет карантин кезінде кәсіпкерлерге көмектемесіз деді. Олардан қандай көмек болатыны белгісіз. Көктем, жаз мезгіліне белгіленген тойлар өтпейтін болды. Алдын ала берілген төлемдерді қайтарып бердім. Елде төтенше жағдай жарияланғалы «Montebianco» кешені жұмысын тоқтатты. 250 адамға арналған тойхана қаңырап бос тұр. Соған қарамастан, кешеннің коммуналдық төлемдерін уақытында төлеп отырмын. Бүгінге дейінгі 5-6 миллион теңге шығынға баттым. Жинаған қорымдағы қаражат бітуге жақын. Алдағы уақытта қалтамның түбі көрінеді. Сонда қайтемін? Мемлекеттік комиссия рұқсат бермесе, жағдайымыз қиын. Күн көруіміз қиындап барады», - дейді кәсіпкер.
АСАБАЛАР МАМАНДЫҚ БОЙЫНША ЖҰМЫС ІСТЕЙ БАСТАДЫ Той-думанның қызығын келтіріп жүрген асабалар мен жарнамасы жер жарған продюсерлік орталық иелеріне де тықыр таянған. Кейбірі тіпті, жабылып та қалған.
«Өзімнің жеке той орталығым бар еді. Қазірге уақытта жұмысын тоқтатты. Оған карантин тікелей әсер етті. Мүмкіндігімізше алған тапсырыстарымызды орындап жатырмыз. Ал тойын өткізбей, алдын ала төлем жасағандарға қаржыны қайтарып жатырмыз. Бұдан бөлек, әлі де үмітін үзбей, шектеулер алынғаннан кейін қуанышымызды тойлаймыз дегендердің тойларын міндетті түрде өткізіп береміз», - дейді той орталығының директоры Абай Түзелбай.
Ақтау тұрғыны, жас асаба Абай Түзелбай бір емес үш дипломның иегері. Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің түлегі. Маңғыстау гуманитарлық колледжін аударма ісі мамандығы бойынша тәмәмдаған. Сондай-ақ, педагогика ғылымдарының магистрі. Бүгінде қаладағы мектептердің бірінде жұмыс істейді. Өзінің айтуынша, той бизнесі – қосымша табыс, асабалық – хоббиі.
«Той орталығында жұмыс істеген қыз-жігіттердің негізгі өз жұмысы бар. Той мен әр түрлі мерекелік шараларды ұйымдастыру арқылы қосымша табыс табады. Әрине, ондай шаралардан түсетін табыс әлдеқайда көп. Оны жасыратын түгі жоқ. Қазір той бизнесінде жүрген кімге болса да оңай тиіп тұрған жоқ. Бірақ, әлемде болып жатқан құбылысқа қарай бейімделуіміз керек», - дейді журналист асаба.
«ХАЛЫҚ АС ТА ТӨК ТОЙ ӨТКІЗУДЕН БАС ТАРТУЫ ТИІС…» Абай Түзелбай продюсерлік орталықтарға қарызданып той өткізетіндердің барын айтады. Жиған-тергенін тойда шашатын қазақтарға көрпесіне қарай көсілетін уақыт келді дейді.
«Халықтың көбі несиеге той жасайды. Нақты жинақ қаражаты болмаған соң, қарызға ұлын үйлендіріп, қызын ұзатып, басқа да қуаныштарын атап өтеді. Жұрт тойдан түскен сый-сияпат есебінен қарызды жабамыз деп ойлайды. Меніңше, халық ендігі жерде аста-төк тойдың орнына, ықшамдап, шағын ортада қуанышты атап өтуді үйренгені дұрыс секілді», - дейді асаба Абай.
Ал, биліктегілер той бизнесі тұралап қалса да, карантиндік шектеулерді алып тастауға асығар емес. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақталмай той өткізуге рұқсат етілмейтінін кесіп айтты. Еске салайық, бұған дейін танымал әнші «Бүркіт» (Айбек Сейітов) бастаған шоу-бизнес өкілдері Президенттің атына үндеу жариялап, әншілерге қолдау көрсетуін сұраған. Оның айтуынша, мейрамханалар жабылып, той-томалақ тоқтағаннан кейін өнер иелері ақшасыз әбден қиналған.