Бұл туралы елорданың бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиева хабарлады.
"Кинотеатрларды ашу мәселесі бойынша - барлығы эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Бүгінде әзірше қаулы шыққан жоқ. Бірақ егер қаулы шығаратын болсақ, онда көрермендердің қалай отырғызылатыны және кинотеатрлар ашылғанда қандай шаралар қолдануы керек екені айтылады", - деді Пірәлиева брифингте.
Сондай-ақ, бас санитар қала тұрғындары мен қонақтарынан адам көп жиналатын орындарға бармауды және карантин ережелерін сақтауды сұрады.
"Біздің талаптарымыз бен ұсыныстарымыз сіздердің денсаулығыңызды ойлап жасалып жатыр. Сондай-ақ қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақты ету үшін қолға алынған. Бірге мәселені шеше аламыз. Сіздердің әрқайсыңыздың жауапкершілігіңіз бен түсінігіңізге үміттенемін", - деді ол.
Еске салайық, мұның алдында Қазақстанда 15 маусымнан бастап кинотеатрлардың санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмысын бастайтыны хабарланған болатын.