Жұмыссыз қалған қыз-келіншектерді қолдады
Жұмыссыз қалған қыз-келіншектерді қолдады
©Сурет интернеттен алынды
136
оқылды
Алматыдағы «Бақытты отбасы» орталықтары ТЖ мен карантин кезінде жұмыстарын қарқынды жүргізе бастады. Осы мерзімде 76 мыңнан астам тұрғынға көмек қолын созып, елдің алғысына бөленді. Жұмыссыз қалған қыз-келіншектерді қолдау мақсатында психологиялық және бизнес тренингтер өткізілген. Одан өзге, тігу мен аспаздық секілді 9 түрлі курс оқытылған. «Бақытты отбасы» орталығының басшысы Зүлфия Байсақованың айтуынша, тіпті, Алатау ауданында тіркелген 1280 көпбалалы отбасының мемлекет тарапынан көрсетілген қаржылай көмек алуына да жәрдемдесіпті. «ТЖ кезінде көрсеткен көмегіміз өте үлкен. 8 аудандағы қалалық орталық үлкен көмек берді. Бір күн демалған жоқпыз, тізімдерді жасап, әр ауланы аралап, жан-жақты көмегімізді бердік. Сол аналарға алғысымды айтқым келеді. Өйткені біздің ауданда карантин кезінде аналардың өзі де көмекке шықты. 2000-ға жуық медициналық бетпердені онкологиямен ауыратын балаларға, қарттар үйіне таратты», – деді «Бақытты отбасы» Алатау ауданы орталығының басшысы Ақмарал Басирова. Қазіргі уақытта барлық ауданда «Бақытты отбасы» орталығы бар. Мекеме төтенше жағдай кезінде қызметін онлайн жүргізді. Енді дүйсенбіден бастап қалыпты жұмыс кестесіне оралмақ. Сонымен қатар, үйде отырған аналар онлайн түрде бір-бірімен кездесулер өткізіп, тәжірибелерін ортаға салып жүр.

Мұхаммед ӘМІРЖАН