Көлік пен пәтерге декларация тапсырсақ...
Көлік пен пәтерге декларация тапсырсақ...
189
оқылды
Мұндай ұсынысы бар заң жобасын қазір Парламент депутаттары қарастырып жатыр. Бұл ақпаратты Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев халыққа есеп берген кездесуінде айтты. Онлайн режимде өткен есеп беру кезінде тұрғындар министрге «Кірістер жөніндегі декларациядан басқа шығыстар туралы есеп беретініміз шын ба? Бұл қалай жүргізіледі?» деп сұрақ қойған. Ерұлан Жамаубаев 2021 жылдан бастап Қазақстан халқы түгел кіріс туралы декларация тапсыратынын атап өтті. Сондай-ақ шенеуніктің сөзінше, қазақстандықтар ірі шығыстары туралы декларация тапсыруы мүмкін. Қазір Үкіметтің бұл ұсынысын депутаттар сарапқа салуда. – Иә, біз ендігі жылдан бастап халық арасында жаппай декла­рациялау жұмысын бастаймыз. Бұл негізінен кірістер бойынша. Ал шығыстар бойынша декларацияны жоспарлап отырған жоқпыз. Бірақ кейбір ірі шығыс болса, мысалы үй, пәтер немесе автокөлік сатып алса, декларация толтыруы керек болады. Бұл сұрақ қазір заң жо­басында қарастырылған. Пар­ла­ментте талқыланып жатыр, – деді Жамаубаев. Дұрыс-ақ. Мемлекеттің басым міндетінің бірі – салық салу­ды анық және сауатты басқару. Халықаралық тәжірибеге көз жү­гіртсек, көлеңкелі экономиканың мөлшерін қысқартуға халықтың кірісі мен дүние-мүлкін жаппай декларациялау шарасы әсер еткен. Жеке тұлғалардың кірісі мен дүние-мүлкін жалпыға бірдей декларациялау туралы ақпаратпен Egov порталында егжей-тегжейлі танысуға болады. Айта кетейік, Қазақстанда биыл­дан бастап 13 млн-ға жуық адам жеке табыс салығы мен мүлік декларациясын тапсыра бастады. Декларацияны Қазақстанның барлық кәмелеттік жасқа толған тұлғалары, этникалық оралмандар, елде тұруға рұқсаты бар тұлғалар және мүлігі мен табысы бар кә­мелеттік жасқа толмағандар, Қазақстанда мүлігі бар немесе компанияларға қатысу үлесі бар шетелдік азаматтар өткізеді.  

Айдар ДӘУІТҰЛЫ