Той өмірімнің ең басты әрі маңызды бөлшегі болған емес
– Соңғы кезде әншілер төңірегінде дау-дамай көбейіп кетті. Бұдан қандай сабақ алдыңыз? – Ел арасында дүрбелеңге айналған нәрсе Ернар Айдар інімізден басталды. Өнер адамдары – эмоцияға жақын халық. Оларға да адаспау үшін де адасу керек болған шығар. Ол үшін ешкім ату жазасына кеспейді ғой. Бір өкініштісі, осындай дау-дамай кезінде топырақ бәрімізге бірдей шашылып кететіні. Таяқтың бір ұшы маған тигенде ішім удай ашыды. Дәл сол сияқты оқып-тоқыған әріптестеріме де бұл мәселе қатты батты. Әрине, мұның бәрі өнер адамдарына сабақ болғаны рас. Карантиннен түйген тағы бір дүние – бізге көркемдік кеңес қажет. Ол барды бар, жоқты жоқ деп елейтін елеуіш болмақ. Мәселен, Өзбекстанда ән айту үшін үкіметтен қағаз алу керек. Сол себепті өнер адамдарын «төменгі, ортаңғы және жоғарғы» деңгей деп статусқа бөлген дұрыс. Бұл – өнерден біржола кетсін деген сөз емес, даму керек деген сөз. Өскісі келсе, оқып-жетілсін. Концерт ұйымдастырушылар да, той иелері де бәрін жанды дауыста өткізетіндей ыңғайлап, соған қарай әншілерді хабардар етіп, талап қоюы керек. Сонда «бұлар фонограммасыз әнші емес» деген сөз айтылмайды. Екіншіден, әнші әрқашан формада жүреді. «Халық айтса, қалып атпайды», оның да жанды жері бар. Осының аражігін ажыратқан жөн. – Әншілерді асырап отырған той-томалақ екені жасырын емес. Карантинде тойға шектеу қойғанына үш ай болды. Қосымша табыс тоқтады. Сіз де тойға байландыңыз ба? – Той өмірімнің ең басты әрі маңызды бөлшегі емес. Иә, өтірік айтпай-ақ қояйын, осыдан 10-15 жыл бұрын тойға қызыққаным рас. Күндіз-түні той-томалақта жүрген кездер де бастан өтті. Тіпті, жеке театрымды көркейту үшін де той-томалақтан тапқан табысымды салдым. Соңғы кездері байқаудан байқау, гастрольден гастроль деп жүріп, қарбалас болып кетті. Ондай кездерде тойға шақырған адамдар болса, «ренжімеңіз, бара алмаймын» деп бас тартамын. Елордаға көшіп келгеніме бес жылдай уақыт болыпты. Университеттен курс алып, студиямды ашып, әкімшіліктің жобаларымен жұмыс істеп, мемлекеттік тапсырыстарға бет бұрып кеттім. Әйтпесе, жасыратыны жоқ, тойдан тәп-тәуір табыс табатынымыз рас.«Ең бір жұқа құмырадан күйрекпін»
– Жекеменшік театр, мектеп, педагогика, әншілік – бәрі бір әйелдің иығына түсіп тұр. Мұның бәрін қалай көтеріп келдіңіз? – ҚазАқпараттың Instagram парақшасында менің нумерологиямды шығарып қойыпты. Онда «өз-өзіне жеткілікті, толыққанды әрі мықты тұлға. Бір басына жетерлік өктемдігі де, қызбалығы да бар. Бірақ қайтымы да тез. Барлығын өзі басқарып, өзі игеретін әйел», – дейді. Сол сөздің жаны бар шығар... Менің табиғатым – осы. Жаратылыстан жанымыз нәзік болғанымен, өмірдің өзі шыңдаған болар. – Әлсіздік танытқан кезде сізге не күш береді? – Күләш Ахметованың бір өлеңі бар. – Мазалайды сананы бір сансыз мұң. Бәлкім, мұңсыз өткен күн де – мәнсіз күн. Мықтысың деп таңданады біреулер, Мықты емеспін. Әйелмін ғой. Әлсізбін. Біреулерді мықтылыққа үйреттім, Өзім бірақ күш таныттым сирек тым. Бәйшешектің қауызындай жұқамын, Ең бір жұқа құмырадан күйрекпін, – дегендей, «мықтымыз-мықтымыз» деп жұмыстың бабымен жүргеннен кейін мықты болмауға амал қалмайды. Ал бірақ өз-өзіңмен қалғанда бәрібір әлсіз екеніңді білесің. Осыдан 10-15 жыл бұрын бұл сұраққа «қасымдағы құрбыма не анама көз жасымды төгіп, айтып алғанды жақсы көремін» деп жауап берер едім. Бүгінде қиналған-қиналмағанымды, жағдайымның жақсы-жаманын, қиындықты еңсеріп-еңсермегенімді ешкім білмейді. Себебі қазір ешкімге ешнәрсе жайында тіс жармаймын. Өзім дос деген нәрсеге қатты талғампаздықпен қараймын. Санаулы-ақ досым бар, соларға ішімдегі нәрсені айтуым мүмкін. Бірақ «шаршадым, қиналдым» деп жалпы адамзат баласына айтпаймын. Ондай кезде үнсіз тауға, судың жағасына кетемін. Не болмаса, өзіммен-өзім кітапқа кіремін. Жиырма жылда біраз психологияны оқыдық, соның арқасында ішкі эмоциямды, энергиямды реттей аламын. Шаршасам да, таусылсам да, күшті қайтадан өзімнен тауып алатын техниканы меңгердім. Елмен тек шарықтағанымды, қуанғанымды бөлісемін.Қатеңді түсініп, кешірім сұрау – кісілік
– Өмірде жеңілген күндеріңіз көп пе, әлде жеңістеріңіз бе? Жалпы, істеймін деген нәрсенің бәріне қол жеткізе алдыңыз ба? – Жеңілістің ауқымы кең, оны қай жағынан алып қарағанға байланысты шығар. Қатеңді түсініп, оны мойындап, кешірім сұрау – кісілік. Ал өнердегі жеңіліс дегенде ойыма бір оқиға оралады. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің тапсырысымен арыстарымызға арналған «Бабаларым, рақмет сендерге!» деген концерт-спектакльді «Қазақстан» концерт залында өкізетін болдық. Кешкі 6-да басталатын концертке негізі бір күн бұрын кіріп, техниканың бәрін құрастыру керек. Ал LED-тің әр пикселін жинаудың өзіне қаншама уақыт кетеді?! Таңға дейін жасалатын дүниеге басшылық «Жұмыс уақыты бітті. Кешкі 6-да залды босатыңыздар» деп, рұқсат бермей қойды.Өнер – менің өмірім. Сол жерде титтей болса да із қалдырғым келеді. Егер соңымыздан ерген ұрпаққа ештеңе қалдырмасақ, олар бізге «не бітірдіңдер» деп кінә артпай ма? Әу баста бізге тура жолды нұсқаған Нұрмахан Жантөрин, Әнуар Молдабеков, Фарида Шарипова және тағы басқа театр саңөлақтары емес пе еді?! Ертең орта буын мықты болмаса, жас қайда барады, кімге қарайды деген ой туады.
Ертеңінде таңғы 9-да келіп, кешке дейін жанталасқаныммен, техникалық қызметкерлер концерттің басталуына 10-15 минут қалғанда «үлгермейтінін» жеткізді. Сол сәтте аяқ-қолым дір-дір етіп, бір орнымда тұрып қалдым. Барлық құрылғы тұрғызылып үлгергенімен, жарық қосылған жоқ. Зал лық толы. Телевидение түсіруге дайын тұр. Бірақ сахнада жарық жоқ. Сахнадағы үлкен LED экран қап-қара болып тұр. Негізі, концерттің 50 пайызы актер мен әртістердің ойыны болса, қалған елуі экранға салынған ойда еді. Содан бүкіл актерлерді жинап, «күштің барлығы тек бізге түседі. Арттағы сахнада ештеңе жоқ, өздеріңіз алып шығасыздар» дедім. Концерт басталды, жарықты барынша беруге тырыстық. Алайда сахнадағы экран қап-қара болып тұрды. Соған қарамастан кешіміз жақсы өтті. Өмірімде ешнәрсеге мойымайтын едім, сол кезде сынып кеттім. Қатты уайымдағаным соншалық, тілге келместен, он күндей орнымнан тұрмай, бүк түсіп жатып қалдым. Міне, жеңілген кезім сол шығар деп ойлаймын.Кедергінің бәрі адамды шыңдай түседі
– «А.И.» театры ауқымды жобаға жиі баратын секілді. «Қозы Көрпеш пен Баян сұлуды» қою үлкен театрдың өзіне қиын. Тіпті, Айтматовтың шығармаларына бару да оңай емес. Жекеменшік театрдың мұндай күрделі жобаға баруының сыры неде? – «Өнерде жүрген адамдарда білім жоқ» деген стереотип қалыптасып кеткен. Білімсіз адамның бәрі өнерде жүруі керек секілді көрінеді. Бірақ бұл пікірмен келіспес едім. Өнерге келген адамның бәрі қара жаяу емес. Қазақша айтқанда, бәрінің де арқасы бар. Алайда әркімнің өресі әртүрлі. Халық алдында бізді бөлетін де, көрсететін де – артистің білім-білігі. Артистер театрға келген көрерменге ақыл айтпайды, ой салады. Бар болғаны – қоғамдағы өзекті мәселені, ойды қозғайды. Артист саясатқа араласпайды, тек өнерімен сахнада үн қатады. Сол себепті адамның өресін өсіретін қомақты шығарма қойылады. Мәселен, Шыңғыс Айтматов, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов шығармаларына екінің бірі бара бермейді. Шынын айтқанда, «Жан пида» үшін біз де жан пида болдық. Дайындық барысында жантақ та кірді, аяқ та сынды, қол да сырылды, бет те жырылды. Шығарманың энергетикасының өзі өте ауыр болды. Біріншіден, біз дайындық жасайтын орын таппадық. Жастар театрымен әкімдік арқылы келісіп едік, оның өзі күндіз бос емес. Кешкі 6-да кіріп, таңғы 6-да шығып жүрдік. Сағат 9-ға дейін ұйықтап алып, университетке келеміз. Сабақта студенттер де, мен де ұйқылы-ояу, мең-зең болып отырамыз. Оған қоса, актерлердің басым көпшілігі – өз шәкірттерім. Дипломдық жұмысы тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, «сөліміз» шықты. Мұндай жобалар үшін міндетті түрде ізденесің, ол бір шығармамен шектелмейді. Өзім «Жан пидада» қасқырдың рөлін ойнаймын. Оны сезіну үшін қасқырдың табиғатын зерттеп, оған қатысты барлық дүниені ақтардым. Түсінгенім, адамға қарағанда қасқырдың рухы мықты ма деп ойлаймын. Олар табиғатқа қарсы келмейді. Сонымен үйлесімде өмір сүреді. Соңғы деміне дейін кез келген тосқауылға қасқайып қарсы тұрады. – Ал осыншама жанкештілік не үшін керек? – Өмірге келген соң адамның орындайтын бір миссиясы болады. Ішіп-жеп, жылтырап киініп, эфирден атым шығып жатса, сонымен жүре беремін бе? Шынын айтсам, олай «өлгім» келмейді. Өнер – менің өмірім. Сол жерде титтей болса да із қалдырғым келеді. Егер соңымыздан ерген ұрпаққа ештеңе қалдырмасақ, олар бізге «не бітірдіңдер» деп кінә артпай ма? Әу баста бізге тура жолды нұсқаған Нұрмахан Жантөрин, Әнуар Молдабеков, Фарида Шарипова және тағы басқа театр саңлақтары емес пе еді?! Ертең орта буын мықты болмаса, жас қайда барады, кімге қарайды деген ой туады. Бесіктен бейітке дейінгі жолды стратегиялық тұрғыдан қарау керек. Мысалы, жаназаға келгенде де, «жақсы адам еді, қоғамға, ұлтқа осындай дүние жасап еді» демеуші ме еді. Мен де өнерім арқылы үн қатып, революция жасағым келеді. Әрине, мұның бәрі Құдай берген талантым мен еңбегімнің арқасында жүзеге асып жатыр, Аллаға шүкір! Әйтпесе, Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірім театрында әлі де жұмыс істеймін. Үкіметтің берген жалақысын алып, «сен тимесең, мен тиме» деп, рөліңді ойнап, жүре беруге болады. Ондай актриса ретінде өзімді көргім келмейді. Сол себептен де жекеменшік театр аштым. Өнердегі әр тиынымды еңбекпен тер төге отырып тапқанды дұрыс санадым. Өкінішке қарай, Қазақстанда жекеменшік театр өте аз. Онда бар-жоғы 15 актер болады, олар спектакльдің бас-аяғына дейін жүреді. Оған көп адам бара беруге де жүрексінеді. Ойы да, жүрегі де жұмыста болған адамның бос уақыты да болмайды.Жекеменшік театрды ұстап тұру қиын
– Жалпы жекеменшік театрда труппаны ұстап тұру үшін де қаржы керек емес пе? – Бағана айтып кеткендей, актерлерімнің басым көпшілігі – шәкірттерім. Оның ішінде әнші де, актер де, биші де бар. Осы жағынан жолым болды. Гастроль болмағанда, спектакль ойналмағанда актерлер өзінің басқа жұмыстарымен айналысады. Олар бұл жерде байланып отырған жоқ. Бірақ жұмыс басталарда «мына айда жұмыс қызу болады» деп алдын ала бір ай бұрын ескерту жасаймын. Соған қарай олар да жұмысын ыңғайлайды. Жұмыс істеген күндерде мемлекеттік театрдың бір айдағы айлығын бір күнде алып кетеді. 12 айдың 8 айын гастрольде өткіземіз. – Халықаралық театр фестивальдарына қатысуға ұсыныс қалай түседі? – Негізі, «А.И.» театрының іргетасын қалаған, өнердегі әкем – белгілі режиссер, халықаралық Шыңғыс Айтматов сыйлығының иегері Қуандық Қасымов. Сол кісінің демеуімен ашылған театр. Сол кезде Қуандық ағам фестивальға баратын барлық мүмкіндікті қарап, тауып, олармен келіссөз жүргізіп, құжат тапсыратын. Кейін ол кісі жұмыс бабымен Шымкентке кеткеннен бері бұл мәселені әдебиет бөліміндегі Әсем Чапай деген қызымыз реттеп отырады. Фестивальға қатысқанның жөні бөлек. Біріншіден, тіл білмейсің, екіншіден қазылар алқасынан ешкімді танымайсың. Қай күні репетиция, қай күні сахнаға шығатының ғана анық. Осы күнге дейін театр қаншама халықаралық фестивальға қатысты. Қазақстанның түкпір-түкпірін гастрольдік сапармен аралап шықты. Жалпы, қоржында сегіз жүлде бар, оның бесеуі – бас жүлде.Атақтан адам өзгермейді
– Әлеуметтік желідегі парақшаларда кейде орынды-орынсыз сындар жиі айтылып жатады. Бұған қалай қарайсыз? – Әлеуметтік желідегі пікірлерге ренжіп, көңілімді түсіріп, қиналып қалған кезім болған емес. Құдай сақтасын, болмай-ақ та қойсын? Біріншіден, қазір әлеметтік желіде көбіне «боттар» отырады. Оларды ақшасын төлеп, кәдімгідей дайындайтын орталықтар болады. Оның жұмысы – күндіз-түні тек теріс пікір жазып отыру. Сол адамдар өзіне өзі есеп бермей ме? «Ертең жолым қалай болады?» деп ойланбайтын да шығар. Ойланатын адам қаңқу сөзге еріп, өзі білмейтін жанға теріс пікір жаза алмас еді. «Сені ғайбаттаса, сенің күнәң төгіледі. Ғайбаттаған адамның жазасын ақыретте өзім беремін» деп хадисте де жазылып тұр. Бірақ көзі ашық, көкірегі ояу халық мұндайға ереді деп ойламаймын. – Сұхбатыңыздың көбінде «мені әнші деп айтпаңыздаршы, мен әнші емеспін» дейсіз. Сонда өзіңізді кім деп таныстырар едіңіз? – Мамандығым бойынша Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының муздрама бөлімін бітіргенмін. Онда әншілік те, актерлік те оқытылды. Алдыңғы буын Роза Қуанышқызы болса, кішіміз – Төреғали Төрәлі. Өзімді өнердің барлық саласын толыққанды меңгерген артиспін деп есептеймін. Себебі онда әнің де бар, биің де бар, актерлік шеберлігің де, шешендік өнерің мен ұйымдастырушылық қабілетің тағы бар. Ресейде артист дегенге осындай ұғым қалыптасқан. Ал бізде, өкінішке қарай, бәрін бір илеуге салып, өнер адамы деп қояды. Өнер адамы мен өнерпаз – екі бөлек дүние. Не болмаса жалпылама әртіс деп таныстырады. Оған актер, әнші, театр актері, балет актері бәрі кіреді. Бірақ әнші – ол әнші, театр актері театрында ғана ойнайды, балет актері балетте билейді. Шынын айтсақ, өнерде жүрген азаматтардың өзі мұны түсіне бермейді. Мен театр актрисасы ғана емеспін. Менің көтеріп жүрген жүгім жеңіл дүние емес. Оның ішінде телевидение саласы бар, оған жоба мен бағдарламалар кіреді. Әншілігіммен бірге, педагогика мен шеберханам бар. Продюсерлік қабілетім тағы бар. – Артист адамның өмір жолында атақтың көмегі бола ма? Пайдасы ше? – Бір ғана нәрсе – ол сенің үй-ішіңе, ағайын-туысқа керек-ау. Ол атақ анама не балама стимул шығар. Өйткені ұлым да осы салада жүргендіктен, ауыз толтырып айта алу үшін керек шығар. Өзімде одан ештеңе өзгерген жоқ.Әр нәрседен ғибрат алу керек
– 18 жастағы Айгүл мен қазіргі Айгүлді салыстыра алмаймыз. Әрине, ол кезде жастық максимализм басым. Ал қазір ше? – «Болдым, толдым» деп жеткен жетістікпен жайбарақат өмір сүретін адам емес екенмін. Бұл – максимализм бе, әлде өнерге деген құштарлық па, білмедім. Бірақ бұрынғыдай бас-көз жоқ, кіріп кететін менмендік жоқ. Іске келгенде аяғына жетпей қоймайтын, қайтпас мінезім бар. Оның үстіне, қазір көп нәрсені ойлап-пішіп істейсің. Мысалы, қазір өз академиямды ашып жатырмын. Академия міндетті түрде мемлекеттік болуы тиіс деген қағида жоқ. Академияда беретін білімнің деңгейіне байланысты. Ол жеке болса да, онда өз ісінің кәсіби мамандары сабақ береді. Екіншіден, бұл үйірме емес, қалаған уақытында келіп-кетіп жүретін. Бұл – кәдімгі үлкен мектеп. Онда 6 мен 17 жас аралығындағы оқушыларды 1, 3, 5 жылдық курспен оқытады. Түске дейін мектебінде оқыған бала түстен кейін академиядан білім алады. Бір сөзбен айтқанда, Құдай бір маңдайына өнер деген ен салған баланы алып, мәпелеп, оқытып, университетке жібереді. Ал Ұлттық өнер институтына мұндай өнерлі балалар қажет-ақ. – Неден ғибрат аласыз? – Қандай жағдай болсын, өзімді ақтап алуға, біреуді даттауға не болмаса, бірден бас салудан аулақпын. Кез келген сұрақтың жауабын өзімнен іздеймін. Әр нәрседен ғибрат алуға тырысу керек. Осыдан он жыл бұрын бұл сұраққа басқаша жауап берер ме едім, кім біледі? Бірақ осы жасқа келіп түйгенім, басыңнан қандай жағдай өтсін, оның да адамға берер пайдасы бар деп ойлаймын.Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС, Анар ҚОНЫС