Лотерея: алдау ма, қолдау ма?
Лотерея: алдау ма, қолдау ма?
227
оқылды
Сәттіліктен үмітті жандарды ло­тереялар несімен жарылқады? Бұл бір бөлек әңгіме, ал еліміз лотерея операторларынан қандай пайда көріп жатыр? Осыған терең үңіліп көрейікші. Қазақстанда заңсыз ұтыс ойын­дарын ұйымдастырған жеке тұл­ғаларға 200 АЕК (530 мың теңге), заңды тұлғаларға 700-2 000 АЕК-ке дейін айып­пұл салынады. Жыл басында Мәжіліс қабырғасында Мә­дениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Қа­зақ­стан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне лотерея­лар және лотерея қыз­меті мәселе­лері бойынша өз­герістер мен то­лық­тырулар ен­гізу туралы» заң жоба­сын та­­ныстырды. Ізін ала осы жаңа­лық әлеуметтік желіде біраз тал­қыға түскен. Негізінде ол заң елі­міз­дегі лотереялық қыз­метті құ­қық­тық негізде жүйелеп, жү­зеге асыру үшін тың ұстаным ретінде қаралған. 2017 жылы Үкімет пәрменімен «Сәтті жұл­дыз» АҚ лотерея операторы ре­тінде танылды. Заңға сәй­кес, бұл ло­терея операторы лотерея билет­те­рін сату, қазақстан­дықтарға ұтыс­тарды төлеу, ел бюджетіне салық төлеу, спортты дамытуға тө­лем жа­сау, сондай-ақ үш мыңнан астам шағын бизнес субъектілеріне қосымша табыс көздерін және жұмыс орындарын құру мәселесін қамтамасыз етіп отыруы тиіс. «Сәтті жұлдыз» лотерея опе­ра­торы ел спортын дамытуға жылына жалпы табысының 15 пайызын ау­дарып отырады. Лотерея опера­тор­ларының спортты қолдау тә­жіри­бесі әлемнің көп елдерінде бұ­рыннан бар. Әсіресе, олимпиада ке­зінде лотерея ойындары жиі ұйым­­дастырылады. Мысалы, КСРО тұсында «Спортлото» 1980 жыл­­ғы Мәскеу олимпиадасын өт­кізу үшін 500 миллиард рубль көле­мінде қаржы түсірген екен. Ал дәл осындай 2008 жылы Бей­жіңде өткен олимпиада үшін жер­гі­лікті лотерея ком­па­ниялары саты­лымнан түс­кен қаржының 30 пайызын мем­лекеттік бюджетке аударған. Ол шамамен 300 миллион долларды құрапты. – Спортқа 15 пайыз қаржы бө­лу міндетті емес. Дегенмен біз бұл стандартты елімізге алып келгеннен кейін оны асыра орындауды құп көрдік. Әр қазақстандық ұтыс билетін сатып алу арқылы ұлттық спорттың дамуына өз көмегін тигізді, – деген бо­латын «Сәтті жұлдыз» АҚ пре­зиденті Александр Тен. Осыдан кейін «спортты да­мытуға бөлген «Сәтті жұл­дыз­дың» 15 пайыз қаржысы аз емес пе?» деген сұрақ туын­да­ған. Бірақ жуырда баспасөз бет­терінде «Сәтті жұлдыз» Ұлттық олим­пиада комитетіне жыл сайын 15 емес, 2 пайыз ғана ақша аударып келгені ай­тылды. Бірақ бұл ақпарат баспасөз беттерінен көп ұзамай жойылған болатын. Біз бұл әңгіменің анық-қанығына жету үшін Мәдениет және спорт министрлігіне хабарласқан едік. – «Сәтті жұлдыз» лотерея операторы жыл сайын тиісті ақ­шаны аударып отыр. Ал қалған қаржылық деректерді сол меке­менің өзінен білесіздер, – деп жауап қатты министрліктің баспасөз хатшысы Нұрбол Қапешов. Ақпаратқа сүйенсек, «Сәтті жұлдыз» 2018 жылы түскен 376 млн теңге табыстың 40 млн тең­гесін Ұлттық олимпиада ко­митетіне аударыпты. 2019 жы­лы 125 млн теңге қаржы құй­ған. Сонда жиналған қара­жаттың 50 пайызы жүлде қорына кетсе, 10 пайызы Ұлт­тық олимпиада комитетіне кетеді екен. «Ал қалған 40 пайыз қайда кетеді?» деген ой келеді. 10 пайыз спортқа жұмсалған жерде, басқа да әлеуметтік мақ­саттарға қаржы бөлінуі керек секілді. «Сәтті жұлдыз» лотерея операторының PR-менед­жері Әсемгүл Сыздықова болса, қаржының қалай жұм­сал­ғанын білмей тұрып, пікір айтушыларға наразы екенін жеткізді. – Жуырда баспасөз бет­те­рінде біздің тек 2 пайыз табысты спортқа бөлетініміз жайлы қауесет шықты. Біз оларды сот­қа бермедік. Бірақ өзімізге хабарласпай тұрып, қаржылық жағдайымыз жайлы жалған сөз тарату –заңсыздық. Әуелде Үкімет табыстың 10 пайы­зын ғана спортқа бөлу жайлы пәрмен берген, бірақ біз 15 па­йызға ұлғайттық. Енді қараңыз, 15 пайыз спортқа, 50 пайыз жүл­де қорына кетеді. 12 пайызға жуық са­лығымыз бар, 6 пайыз агент­тіктерге төленеді. Одан бөлек, жар­нама, тікелей эфирді сатып алу, жүргізуші жалдау, қызметкерлердің жалақысын есепке алғанда «Сәтті жұлдыз» лотерея операторының өзіне бар болғаны 2-3 пайыз ғана табыс қалады, – дейді маман. Қазіргі уақыт – әлеуметтік желінің дамыған заманы. Кі­табын, көлігін, пәтерін, тіпті үс­тін­дегі киімін лотереяға ой­натып жатқандар көбейіп кет­ті. Бұл заң бойынша ком­мерциялық мақсатта деп ай­тылады. Жалпы, лотерея бол­сын, карта болсын, ешкім ұтыламын деп ойнамайды. Бәрі қызығып, үміттеніп қа­ты­сады. Бәрі бірдей ұтысқа ие бола алмайтыны тағы анық. Себебі ойынға қатысып отыр­ғандардың басым бөлігі – қара­пайым халық. Ал лотерея ұйым­­дастырған адамның елге де ти­гізер пайдасы болған жөн. Бүкіл­әлемдік лотерея қауым­дас­ты­ғына толыққанды мүше болу үшін ұйымның арнайы талаптары бар. Соның бірі – өз еліңде спортты дамыту және қоғамға қажетті жоба­ларға қаржы аудару.  

 width=Мадияр ТӨЛЕУ