Елорда әкімдігі 19 маусымнан бастап қалада көлік қозғалысына шектеу енгізілетіні туралы мессенжерлерде тараған шындыққа ақпарат жанаспайтынын мәлім етті.
«Мессенджерлерде тараған 19 маусымнан бастап елордаға кіріп-шығуға тыйым салынатыны туралы хабарлама шындыққа жанаспайды. Тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз, бірінші кезекте қалалық әкімдіктің сайтына назар аударған жөн. Сонымен қатар, қатаң санитарлық нормаларды ұстану керек, яғни, маска тағып, қолды антисептикпен сүртіп, арақашықтықты сақтау қажет», - делінген әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінде.
Осы орайда санитарлық нормалар сақталмаған жағдайда қала бұрынғы қатаң карантин режиміне қайта оралуы мүмкін екендігі айтылды.
«Төтенше жағдай мен карантинге дейін болған бұрынғы қалыпты өмір салтына тезірек оралу әрқайсымызға байланысты», - деп атап өтеді елорда әкімдігінен.
Айта кетейік, мессенджерлерде биыл 19 маусымда Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында азаматтар мен көлік қозғалысына шектеу енгізілетіні туралы қауесет тараған еді. Бұдан бұрын хабарланғандай, таяуда Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиева елордада коронавирусқа қатысты талаптар орындалмаған жағдайда карантиндік шаралар күшейтілуі мүмкін екенін айтты.