Апаттан зардап шеккен тұрғындармен кездесті
Апаттан зардап шеккен тұрғындармен кездесті
5,225
оқылды

Алдымен Мәулен Әшімбаев облыстың Ордабасы ауданы Төреарық ауылындағы Тәуке хан мектебіне ат басын бұрды. Бұл жерде төтенше жағдайдан зардап шеккен Арыс тұрғындарының бір тобы уақытша орналастырылған. Олармен кездескен партия Төрағасының Бірінші орынбасары апаттың айтып келмейтінін назарға алып, жағдайдың бақылауда екенін және қаланы қайта қалпына келтіру жұ­мыстары жүйелі түрде жүргізілетінін тілге тиек етті.

Сондай-ақ Nur Otan партиясы Төра­ғасының Бірінші орынбасары төтенше жағдайдың Қазақстан халқы үшін үлкен сынақ болғанын айтып, бұл сыннан да сүрінбей өтетінімізге сенетінін жеткізді.

– Бұл төтенше жағдай қазақстандық­тарды одан ары біріктіріп, ұйыстыра түс­кенін көріп отырмыз. Осы жерде өз еркі­мен келіп, қолдау көрсетіп жүрген бел­­сенді азаматтар да өте көп. Бұл – бекем бір­лі­гіміздің жарқын көрінісі. Біздің күшіміз бірлікте. Сондықтан бұл сыннан да мойымай, еңсемізді тік ұстап шыға­тынымызға кәміл сенемін, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар ол Ордабасы ауда­ны­ның Ақжол ауылында орналасқан жедел штабқа арнайы келіп, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Бұл жерде апаттың зардаптарын жою жұмыс­тарын үйлестіру ісі қолға алынған.

Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінен Арысқа қарай гуманитарлық көмектер ағылып келіп жатқаны белгілі. Бұл хал­қы­мыздың бірлігі мен біртұтастығын көр­сетеді. Осы істе Nur Otan партиясы да белсенді әрекет етуде.

Оқиға болған күні партияның барлық облыстық филиалында гуманитарлық көмек қабылдау орындары ашылып, олар тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Алғашқы күннің өзінде партияның мұрындық болуы­мен Арыстағы ағайынға қолдау ретінде Қарағанды облысынан 10 тонна гуманитарлық көмек келді. Бұдан басқа, Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Жамбыл және Павлодар облыс­тары да киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары тиелген жүк көліктерін жөнелтті.

Партия тарапынан ұйымдас­тырылған гуманитарлық көмектің жалпы көлемі 341 тоннаны құрайды. Осы аптаның соңына дейін қалған аймақтардан да автокеруен­дер шығады. Сондай көмектің бір тобын қарсы алған Мәулен Әшімбаев Nur Otan пар­тия­сының бұл бағыттағы жұмыстардың ары қарай да жалғасатынын, зардап шек­кендерге көмек ретінде аударылған қаражаттың ашық әрі әділ жүргізілетінін айтты.

– Қазіргі таңда партияның бастама­сымен еліміздің 9 облысынан гуманитар­лық көмек келіп жетті. Алдағы уақытта бұл жұмыстар ары қарай да жалғасады. Енді біз құрылыс материалдарын және басқа да қаланы қалпына келтіру жұ­мыстарына қажетті заттарды жіберу мәселесін қарастырамыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол жағдайдың тұрақты және Мемлекет басшысының бақы­лауын­да екенін де тілге тиек етті.

– Гуманитарлық көмектен бөлек, партия тарапынан зардап шеккен ата-аналар мен балаларға психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр. Жасотан­дық­тардың белсенділігін де ерекше атап өткен жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі арнайы келіп, жағдаймен танысып шықты. Қазір жағдай толығымен бақылауда. Қаланы қалпына келтіру жұмыстарына біздің партия да тікелей қатысып, жұмыстың жүйелі түрде жүр­гізілуін бақылауда ұстайды, – деді ол.

Бұдан басқа, партия қаржылай да қолдау көрсетуде. Атап айтқанда, Орталық аппараттан бастап барлық, яғни 17 – аймақтық, 230 аумақтық филиалдың қызметкерлері біркүндік еңбекақыларын зардап шеккендерге көмек ретінде аударды.