– Дәурен Әскербекұлы, БАҚ қызметкерлерінің қоғамдағы орны қандай деп санайсыз?
– Ең алдымен, барлық журналистер қауымын «28 маусым – БАҚ қызметкерлері күнімен» құттықтаймын! Қазақстан Президентінің тікелей тапсырмасы бойынша осындай ерекше мереке тағайындалып отыр. Енді бізде, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің барлығында төл кәсіби мерекеміз бар.
Бұл – жай мейрам ғана емес, сондай-ақ осы күні диктофон мен микрофон ұстаған журналистер қауымының ерен еңбегі лайықты бағасын алатын жыл сайынғы өзіндік бір меже. Отандық БАҚ өкілдері тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына, заманауи қоғамымыздың өркендеуіне сүбелі үлес қосуда. Журналистер болмағанда, көптеген оқиғалар жұртшылықтың назарынан тыс қалар еді, жеткеннің өзінде кәсіби көзқараста сараланбай, қауесеттей бұрмаланған сипатта тарауы ықтимал.
Жалпы, журналистерді – мұқтаж жандарға жаны ашитын, жәбір көргенге араша түсетін, елдікті бекемдеп, мемлекеттілікті нығайтатын Қазақстанның нағыз патриоттары деп білем.
– Ел басшылығының тапсырмасымен «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң жобасы әзірленуде. Соның үлгісінде, Президент айтқандай, «БАҚ-тың қоғамдағы маңызды рөлін айқындайтын» журналистердің мәртебесін бекіту жайы қашан пысықталады?
– БАҚ қызметкерлері күнінің арнайы бекітілуін журналистер статусын айқындау жолындағы алғашқы қадам деп есептеуіміз керек. Бұл бағыттағы жұмыс ары қарай жалғасын табады. Жыл соңына дейін біздің министрлік қолданыстағы заңнамаға БАҚ туралы түзетулер енгізуді жоспарлап отыр. Соның ішінде отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға оң әрі соны серпін беретін өзгерістер болады деген сенімдемін.
Оның егжей-тегжейін таяуда ұйымдастырылатын дөңгелек үстел барысында жариялауға ниеттіміз.
– АҚШ, Еуропа, Қытай, Ресей секілді алпауыттар ұлттық БАҚ саласын дамытуға баса мән беруде. Қазақстанда «жетімбұрыш» жағалап жүрген журналистер жетерлік. Үйі жоқтықтан күйі келмеген олардың кәсіби дамуға көңіл бөлуге тіпті де мүмкіндігі болмайды. БАҚ өкілдері арасындағы баспанасыздық мәселесі қалай шешіледі? Кешенді іс-шаралар қолға алынбай ма?
– Бұл сауал жиі қойылады. Мәселен, мұғалімдер, дәрігерлер негізінен бюджеттік ұйымдар қызметкерлері болып отыр. Тиісінше, олар бюджеттік бағдарламаларға енеді. Ал журналистердің басым көпшілігі, шамамен 95 пайызы жекеменшік нысанындағы ұйымдардың қызметкері.
Дегенмен біздің алдымызда БАҚ өкілдері арасындағы баспанасыздық мәселесін шешу міндеті тұр. Дұрысы, біз бүкіл медиасаланың, соның ішінде отандық газет-журналдар, интернет басылымдар, телеарналар, радиотолқындардың дамуын ынталандыруға тиіспіз. Оларға жарнамадан және басқасынан табыс табуы, қаржылық тәуелсіздігінің нығаюы үшін жан-жақты жағдайлар жасалуы керек. Осының арқасында оларда істейтін журналистердің де көптеген түйткілді мәселелерінің түйіні тарқайды деген ойдамын.
– Әңгімелескеніңізге рақмет!