Несиелендіруге сұраныс ұлғайған сайын ел ішінде алаяқтық күн санап өсуде. Осыған байланысты Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс ОБ-нің полиция қызметкерлері елді ескертумен келеді. Олардың айтуынша, жедел хабарламалар арқылы жеке деректерді, есепшоттың немесе құжаттарды көшірмесін жіберіп, алаяқтың құрығына түсіп қалмауды сұрайды.
Мысалы, өткенде Қарағанды қаласының полицейлері 27 жастағы Ақтөбе облысының тұрғынын алаяқтық үшін тұтқындаған болатын.
Ол өзінің кездесіп жүрген қызының ұялы телефонын алған. Содан ондағы жақын ағайын-туыстарын не болмаса құрбы-құрдастарына банктік есепшоттардың деректерін смс-хатпен жазып жіберуін сұраған. Олар болса, еш ойланбастан жеке деректерін жібере салған. Сөйтіп, ол олардың атынан онлайн-несие алған. Ал есепшотқа түскен ақшаны "қайын атасына аударып жіберуін" өтінген. Сөйтіп, әлгі алаяқ миллион теңгеден аса ақшаға байып қалған.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу органы 11 жәбірленушіні анықтады. Ал күдікті қамауға алынды.