«Пандемия халықаралық тауар айналымын жоя алмайды» – «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов
«Пандемия халықаралық тауар айналымын жоя алмайды» – «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов
210
оқылды
Енді карантинді жеңілдетіп, экономиканы сауықтыруға дайындала бастады. Кәсіпорындарды қайта іске қосып, адамдарды жұмысқа шығарудың бірыңғай үлгісі мен мерзімі жоқ. Себебі әр ел, өңір, сала мен бизнес үшін   жеке шешім керек. Десе де, экономиканы қол­дау­да мемлекет­тің барлығы да әмбебап шешімге жүгінеді. Әлем бойынша бизнес пен халықтың төлем қабілетін сақтау үшін тарихта бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданғанына куә болдық.   АҚШ конгресі рекордтық 3 трлн доллар, Еуроодақ қоры 750 млрд еуро бөлді. Қазақстанда, басқа мысалдарды айтпағанда, жұмысынан айырылған әр азаматқа 90 доллар көлемінде көмек бөлінді, мұның бәрі   қолдаудың бер жағы ғана. Пандемияға байланысты көп­­­­те­ген ел нарығын жауып, протек­ционистік шараларды қолға алды. Жаһанданудың аяқталғаны туралы пікірлер де айтыла бастады. Ал шындығында, ұлттық экономиканы қорғау тек  экспорттық-импорттық өндірістік және логистикалық тізбектің басым бөлігін сақтап қалғанда ғана мүмкін екенін шындықтың бетіне тура қарай алатындар түсінеді. Тауарлар мен қызметтерді толықтай отандық ету мүмкін емес. Олай болған күннің өзінде бәсекелестік зардап шегер еді. Жалпы, кез келген дағдарыс – экономикалық саясатты, биз­нес жүргізу моделін талдау мен қайта қарауға, ал азаматтар үшін еңбек нарығындағы өз орындары туралы ойлануға ең оңтайлы уақыт. Бизнес үшін дағдарыс – тиімділікті арттырудың мүмкіндігі. Қазір дағдылық модель мен тұтыну моделі өзгеріп жатыр. Мәселен, цифрлы экономика мен инновациялық технологиялар, соның ішінде дәстүрлі өнеркәсіп саласындағылар да көптеген кәсіпорын үшін дағдарысқа қарсы жауап ретінде тиімділігін дәлелдеді. Сауда, көлік және білім саласындағы компаниялардағы белсенділіктің сақталуы ең алдымен телекоммуникация саласының дамуы мен ондағы инновациялық шешімдердің арқасында мүмкін болып отыр. Қаржы технологиясы секторы да дамудың жаңа мүмкіндігін көрді. Цифрлы экономика өсуін жалғастырып жатыр. Егер әлем осындай дағда­рыспен 10-15 жыл бұрын бетпе-бет келгенде зардабы әлдеқайда ауыр болар еді. Әрине, 15 жыл, тіпті 20-30 жыл бұрын бір елден шыққан пандемия қазіргідей әлем бойынша кең ауқымда тарамас еді дейтіндер болуы  мүмкін. Қалай дегенде де, жаһандану тоқтап, мемлекеттер біржола оқшауланып, экономикалық блок болып топ-топқа бөлінеді деу артықтау. Пандемия халықаралық тауар айналымының өндірістік және логистикалық тізбегін жоя алмайды. Дүниежүзілік сауда ұйымы­ның ең пессимистік деген болжа­­м­­ында биыл халықаралық тауар айналымы шамамен 32%-ға төмендеп, 2008 жылғы деңгейге түседі делінгенімен, осы болжамның тағы бір жерінде 2021 жылы қайтадан 24%-ға өсім болуы мүмкін екені айтылған. Сонымен қатар ДСҰ шетелдік тікелей инвестицияның төмендеп, 2005 жылғы деңгейге түсуі мүмкін екенін жорамалдайды. Бірақ біз бұл көрсеткіштің әрдайым айтарлықтай деңгейде өзгеріп отыратынын білеміз. Мысалы, 2018 жылы шетелдік тікелей инвестиция 2 трлн доллардан асты. Ал 2019 жылы бар болғаны 1,4 трлн теңге болды. Қазіргі уақытта қаржы­ландыру көздері жеткілікті. Осы орайда, Еуразиялық эко­­но­­­­микалық одақ елдері халық­аралық инвестиция үшін бәсекеге түседі. Бұл өсім әлеуетін көрсететін және инвесторларды тәуекелдің төмен кезінде қаражат құюға көндіретін жақсы мүмкіндік. Соңғы жылдары Беларусь, Қазақстан, Ресейде тау-кен секторынан бөлек агроөнеркәсіптік кешен, машина құрастыру және ақпараттық технологиялар, соның ішінде қаржы технологиялары өсті. Осы секторлар Батыс компаниялары үшін де, Қытай мен Азияның өзге елдерінің компаниялары үшін де инвестиция салуға тартымды болуы мүмкін. Сол себепті қазір біз үшін пандемияға қарсы шаралармен күресіп жатқанда ары қарай өсім үшін жағдай жасап, инвесторлар үшін тәуекелді азайтатын және экономиканың перспективалық жаңа секторларына инвестиция салуды ынталандыратын жаңа сенім­ді институттар құру маңызды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы ЕАЭО елдерінің нары­ғына  қызығушылық танытқан халықаралық инвесторларға қолай­­лы орта ұсынады. Екі жылдың ішінде бізге 478 компа­ния мен банктер келіп, өңірге инвестиция салып, әр салада өз жобаларын іске асырып, АХҚО-ның өзге де қатысушыларына қызметтерін көрсетіп отыр. Олардың арасында Goldman Sachs, ICBC, CITIC Securities, CITIC Capital және өзге де қаржы ұйымдары бар. Экономиканың нақты сек­торы да назардан тыс қалған жоқ. Astana International Exchange биржасына жаңа тау-кен компанияларының бағалы қағаздар орналастыруының жаңа қағидасы іске қосылып, оларды қолдаудың арнайы сегменті құрылды. Соңғы 100 жылда тау-кен өнеркәсібі қарқынды өскен Канада, Австралия секілді елдерде кен орындары резервін дәлелдеудің принциптері жасалды. Осы австралиялық және канадалық стандарттар (JORC) бүгінде Қазақстанда пайдаланылады. Қорыта айтқанда, панде­мияның салдарын жеңуге шама­мыз әбден жетеді. Одан да маңыздысы, пандемияға дейінгі бизнес-процестерде болған алдыңғы қатарлы инновациялар мен радикалды оңтайландыру шараларын енгізу арқылы болашақта барынша сенімді және тұрақты дамуға жағдай жасау керек. Әрбір бизнес үшін карантиннен шығу кезінде біртіндеп жүйелі түрде әрекет ету маңызды. Осындай тәсіл дұрыс та нәтижелі болады.