Алакөлдің абаттандырылуына көңіл толмай тұр
Алакөлдің абаттандырылуына көңіл толмай тұр
317
оқылды
Алайда соған қарамастан, емдік шипалы суымен аты шыққан әйгілі көл жағалауының абат­тан­дырылуы көңілден шықпай отыр. Мұны Алакөлдің жаға­лауына арнайы барып, жазғы демалыс маусымына дайын­дығын өзі тексеріп қайтқан облыс әкімі Даниал Ах­ме­товтің өзі де жасырмады. Алакөлдің жағалауын абат­тандыру жұмыстары жыл сайын жалғасын тауып келеді. Мәсе­лен, 2016 жылдан бері бұл мақ­сат­қа 6,2 млрд теңге бөлінсе, биыл бөлінген бюджеттік ин­вес­тиция көлемі – 3,9 млрд  тең­ге. Солай бола тұрса да, инф­ра­құрылымның ұдайы жақ­саруы­на қарамастан, көл жаға­лауы­ның өзі еліміздің туризмді да­мыту картасының ондығына ғана енді. Кәсіпкерлер тара­пы­нан әлі күнге дейін өздері мой­нына алған міндеттеме­ле­рінің то­лық есебі жоқ. Арбатты ара­лаған аймақ басшысы Даниал Ах­метовтің бизнесмендердің жа­ғалаудағы басты көшеге жүр­гізген құрылысына көңілі тол­мады. – Біз мұнда ауқымды абаттандыру жұ­мыстарын жүргізіп жатырмыз. Өткен жылмен салыстырғанда мұнда айтар­лықтай өзгерістер бар. Бірақ мен әр келген сайын кәсіпкерлерге назар аударамын, бізге, ең бастысы, мұнда турист ретінде келетін қазақстандықтарға деген басқаша көзқарас, басқаша деңгей керек. Бизнес­мендер орташа әлемдік стан­дарт­тарға сай қызмет көрсететін түрік жаға­лауларына бәсекелес болуы тиіс. Тамақтандыру сала­сындағы кәсіпкерлер үлкен табыс тауып отыр. Бірақ әлі күнге дейін әлемдік талап­тарға сай қызмет көрсететін не бір мей­рам­хана, не бір кафе жоқ. Оның үстіне, мұн­дай нысандар­дың барлығы орталықта, жағалаудың бойында орналасқан. Олар­дың ешқайсысы да абаттан­дыру, қызметтің сапасы туралы ойланбайды. Бәрінің ойла­ғаны бірінші кезекте табыс, се­бебі олар қандай бағаға болмасын, демалу­шылардың келетінін біледі, – деді облыс әкімі. Алакөлде ең бірінші кезекте кәсіп­керлер тамақтандыру нысандарын ретке келтіруі қажет. Жалпы, көл жағалауында 345 кәсіп­керлік нысан қызмет көрсетеді. Оның ішінде 11,5 мың төсек-орындық 175 демалыс үйі, 36 қоғамдық тамақ­тан­дыру нысаны, 27 дүкен, 104 дүңгіршек, үш дәріхана бар. Биыл сегіз жаңа демалыс үйі салы­нып, он бірі аумағын кеңейтті. Бұл тағы да қосымша 650 төсек-орын қосылды деген сөз. Бұдан бөлек, 200 орындық Alakol Love туристік кешенінің құрылысы мен «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы» бағ­дарламасы аясында тағы да екі жоба – су құбыры мен электр желісінің құрылысы басталды. Ұзындығы 2,5 шақырымдық вело-тротуар жолының құрылысы мен абаттан­дырылуы аяқталып, бес жаңа модульдік сауда павильоны орнатылды. Биыл көл жағасында жаңа әжетханалар, шешініп-киінетін кабиналар, құтқару посты, шағын су кемелеріне арналған қоршауы мен ақпараттық тақталары бар тұрақ салынады. Демалушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін сахна мен би алаңы, аквапарк құрылысы басталды. – Көріктендірудің түйінді сәті Үржар­дағы әуежайды қайта жаңғырту жұмысы болмақ, кез келген ұшақ қонуы үшін ұшып-қону жолағы ұзартылады. Бұл ша­руа келесі жылдың соңында орындалады. Сондай-ақ біз үшін Үржар ауылын кө­ріктендіру де өте маңызды. Бейнелеп айтсақ, Үржар – курортты аймақтың аста­насы. Біз ауыл тартымды болу үшін 2,2 млрд теңге бөлмекпіз. Енді бір үш жылдан кейін сіздер мүлдем басқа Үржарды көре­тін боласыздар, – деді облыс әкімі кәсіп­керлермен кездесуде.  

Маса да мазаны алып тұр

Биыл Алакөлге табан тірегендердің құтын қашырған тағы бір мәселе – маса. Демалу­шылар мен тұрғындар қызыл бөртпе болып жүр. Маса мен шіркей әсі­ресе, кешқұрым уақытта қаптайды екен. Осыған байланысты әлеуметтік желіде желдей ескен фото-бейне ақпараттар Алакөлдегі демалыс базалары иелерінің алаңдаушылығын тудыруда. Маса­ның кесірінен туристер келмей қала ма деген қорқыныш та жоқ емес.   Alakol 1 «Сіздерді маса тосып жатыр» деген анти­жарнама бүкіл Қазақстанға тарады. Маса деген сұмдық. Дезинфекция жұмыс­тары арбатта ғана жасалды. Қалған жаға­лауды не істейміз?» дейді жергілікті кә­сіпкерлер. Олар бұл мәсе­лені облыс әкі­мінің алдына қойды. Өз кезе­гінде масаға қатысты Үржар ауданының әкімі облыс басшысынан тиісті тапсырма алды. – Мәселені орынды көтердіңіз. Маса көп болса, халық қалай демалады? Қанша қаржы керек, сонша бөлейік, – деді Даниал Ахметов осы мәселеге қатысты. Ал аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов дема­лушылар мен кәсіпкерлердің алаңда­уына негіз жоқ деп отыр. Алдағы 10 күннің ішінде дератизация жұмыстарымен айна­лысатын мекемемен шарт жасалмақ. – Маса демалушыларға қолайсыз жағдай туғызуда. Сол себепті 10 күннің ішінде дез­инфекция жасайтын мекемемен келісімшарт жасаймыз. Ол мекеме жа­ғалауда күнделікті жұмыс жүргізеді. Қо­ғамдық жерлерді мемлекет есебінен таза­лаймыз. Бірақ демалыс орындары өздері мекемемен шартқа отырып жұмыс істеуі керек. Ал әлеуметтік желіде тараған ақ­па­раттар жалған, – дейді Үржар ауданы­ның әкімі Нұржан Тоқсейітов.  

Акті болмаса, турист қабылдауға рұқсат жоқ

Бүгінде 175 демалыс базасы бар Алакөл демалыс аймағының он мыңнан астам адамға қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар. Алайда облыс басшысы атап көрсеткендей, қазіргі коронавирус індеті жағдайында тиісті санитарлық талаптарды барынша мұқият сақтау қажет. Мысалы, ондағы 72 базаның екеуінде ғана демалушылар көп шоғырланатын жерлердегі кезекті белгі сызықтар арқылы реттеу жолға қо­йылған болса, 20-сы байланыссыз термо­метрмен, 31-і санитайзермен, 41-і дезинфек­циялық құралдармен қамтылған. Сонымен қатар база аумағында орналасқан ойын және сәулет нысандары  залалсыздандырыл­маған, санитарлық қауіп­сіздікті, демалуға келген адамдармен сауалнама жүргізуді қадағалауға жауапты тұлғалар бекітілмеген. Сапар барысында Алакөлдегі 175 демалыс базасының бірде-біреуі 2020 жылғы туристік маусымға толық дайын екенін растайтын акт алма­ғаны да белгілі болды. Сонымен қатар демалушылар Алакөлге келген кезде экспресс-тесттің немесе ПТР-дің нәтижесін көрсетуі тиіс. Ко­ронавирусқа тестті отбасында бір ғана адам тапсырса жеткілікті. – Демалыс базаларының қызмет­керлері өздеріне жүктелген талаптарды орындамай жұмыстарын бастамайды. Санитарлық талап сақталмайынша, де­ма­лушыларды қабылдауға тыйым салынады. Бір жұма уақыт бар. Бір жұманың ішінде тапсырылған жұмыстарды орындай­тындарыңызға сенемін, – деді Даниал Ахметов Алакөлге барған сапарында.  

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы