Әйел құқығы: қырық үйден тыйым артық па?
Әйел құқығы: қырық үйден тыйым артық па?
157
оқылды
«Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, феминистердің бас көтеруі орынды. Себебі әйелді кемсітушілер де көбейгені рас. Бұл тұрғыда талас пен пікір сансыз, тоқтам аз. Бұл мәселеде түрлі  көзқарас қайшылығы бар екені де дау­сыз. Біз «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» мәселеге бойлап көрдік.  

Дауды өршіткендер

Жыл басында абайтанушы Омар Жәлел «әйелді затқа, мар­кер­ге теңеп»,  қоғам сынына ұшы­­рағанын білеміз. Бұл дау өр­­шімесе, тоқтаған жоқ. Әңгіме ен­ді ғана басылды дегенде, «Же­зөк­ше» атты қысқаметражды фи­льм қоғамды тағы сілкіндірді. Фильмді Шымкент қаласының Жас­тар ресурстық орталығы тап­сырыспен түсіртіпті. Бірақ ор­талық бейнероликті түсіруге қар­жы бөлмегенін айтып ақтал­ған еді. Әрине, ағалық ақылын ай­тып, қыз баланы жөнге сал­ғысы келген шығар, бірақ ер адам­ның  бұлай сөйлегені көптің көңі­ліне тигені рас. Оның үстіне, киі­міне қарап, адамның ішкі жан-дү­ниесіне баға беру де әбестік. «Әйел десең, әжеңе тиеді» деген ата­лы сөз есімізден шығып кет­кен сыңайлы. Осылайша, бей­неро­ликті «тәрбиеге толы» деп жақ­тағандар мен «әйелді  кем­сітуші» деп тапқан екі тараптың ара­сындағы қырқыс басылмай тұр.  

Әйелдердің еңбек үлесі

Қазақстанда әр салада жүрген әйелдердің үлесі өте көп. Тіпті, ерлерден асып жатады. Мысалы, маңызды деген екі саланы алайық. Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитетінің дерегіне қарасақ, 2019 жылы ел­дегі 339 мың мұғалімнің 81 пайы­зы әйелдер екені белгілі бол­ған. Ер мұғалімдердің үлесі өте аз, көбісі мектеп директоры не­месе денешынықтыру пәнінің мұ­ғалімі екен. Ол аз десеңіз, ме­дицина қызметкерлерінің 70 пайыздан астамы  әйелдер. Сонда біз кімді кемсітіп жүрміз? Қа­зақстан Парламентінің өзі кво­та санын есептер болсақ, 30 пайызы әйелдер болу керек деген ме­же­ні бағындыра алмай отыр. Бір сөз­бен айтқанда, әйелдердің еңбек үлесі ерлерден еш кем түспейді.  

Менталитет кедергі ме?

Көбіне әйел құқын сақтауға  қоғамның жаңашылдықты жа­тырқауы кедергі болып жататын­дай көрінеді. Кейбірінің алға тар­та­тыны – ұлттық менталитет. Шынында, қазақ дүниетанымы әйел құқын шектеді ме? Бұл сауал­ға байланысты болжам көп. Анығы, бұл тұста тағы бір тар­тыс­тың тиегі ағытылады. Ол – жаңашылдық пен дәстүр ке­ліс­пеушілігі. Осыған орай, біз БҰҰ Әйелдер структурасы Еу­ропа және Орталық Азия офисі аза­­маттық қоғам ақылдастар кеңесінің мү­шесі, Сүлейман Де­мирел уни­вер­ситетінің профессоры Молдияр Ергебе­ков­тің пікірін білген едік. – Ең әуелі ұлттық менталитет де­ген нәрсенің өзі күңгірт дүние. Сіз ұлттық менталитет дін деп білуіңіз мүмкін, ал мен ол Абай деп тануым мүмкін. Яғни, белгілі бір қағидасы жоқ. Сондықтан жаңашылдықты да бөліп қарай алмайсыз. Жаңашылдық өз дегенін жасайды. Бірақ өзге­ріс­ке бейімделмеген, жаңа биік­ке шыққысы келмеген адам мен­талитет деген сынды күңгірт дү­ниеге иланып алады да, жаңа­шылдыққа қарсы тұрады. Сол секілді әйел адамның өзгергенін, білімді болғанын қабылдағысы келмейді. Біз жастарды, оның ішінде қыздарды жаңашыл бол­ғаны үшін айыптамауымыз керек. Кей тұстарында тыйым бол­ған жөн. Бірақ жастарға қарсы шы­­ғып, менталитет десек, олар үлкендерді тыңдамайды. Ал ке­рісінше, пікір алмасып, тү­сі­ніс­тік танытсақ, ұтатын едік, – дейді профессор.  

Тәрбие осал ма?

Тәрбиенің ошағы саналатын отбасында да жағдай жетісіп тұр­ған жоқ. Бұлай деуге себеп бар. Қазақстанда әрбір бесінші әйел күйеуінің зорлық-зомбылығына ұшырайды. Жылына 400-ден ас­там әйел күйеуінің кесірінен көз жұмады. Ал ол шаңырақтағы балалар нендей тәрбие көріп жа­тыр? Бұл да өзекті  мәселе. Осы жайында Молдияр мырза қазақ қо­ғамында тек тәрбиенің екі түрі ғана барын, оның нәтижесі бір­дей екенін айтып отыр. – Қазақ тәрбиесінде АНА де­ген киелі атау бар. Бірақ лайықты дәрежесінде ұлықтай алмай жат­қан сыңайлымыз. Отбасында тәр­биенің екі түрі ғана беріліп келе жатыр. Ер балаларға тым қатал тәрбие береміз немесе тым ерке өсі­реміз. Қатал тәрбиемен өскен бала төзімді болар, бірақ белгілі бір қағидаларға сүйеніп өзге адамдардың, болмаса әйелдердің құқын шектейді. Қыз баланы да қатал немесе ерке етіп өсіреміз. Бі­рақ қыз балаға шектеуді көп жа­саймыз. Сосын есейген кезде қыз бала өзі қалаған дүниені мең­геріп, өз мақсатын орындай ал­май жатады. Сондықтан ол біреуге бағынышты болып қа­лады. Мысалы, күйеуіне. Қорыта айтқанда, ауыр болса да бір нәр­сені мойындау керек. Ата-ана­лар баласына тұлға ретінде емес, жай қоластындағы еңбек ат­қарушы ретінде қарайды. Осын­дай түйткілді мәселелер бізде же­терлік, – дейді.     ТҮЙІН:  

Сөз соңында бір сөз еріксіз ес­­ке түседі. «Отан отбасынан бас­талады» демекші, әйел құқығын шаңырақтан бастап қолға алған жөн секілді. Тыйымның күйігін тар­тып отырғандаймыз. Әйтпесе, әйел­ді ана, қарындас, дүниенің көр­кі мен нәзіктігіне теңейтініміз қай­да қалды? Ал сіз, әйел затын қан­шалықты құрметтейсіз?

 

Мадияр ТӨЛЕУ