Әлемдік стандартқа сай бассейн
Әлемдік стандартқа сай бассейн
287
оқылды
Қазір нысанда құрылыс қарқынды. Жұмыстың бірінші кезеңі 80% аяқталған. Бүгінде аумағын абаттандыруға баса назар аударылуда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүргізіліп жатқан жобаның құрылысын облыс әкімі Амандық Баталовтың өзі жиі-жиі тексеріп тұрады. Бұл жолы маңызды нысанды мердігер Bazis Construction ком­паниясының басшылығымен, мамандарымен бірге аралаған өңір басшысы алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстарды ег­жей-тегжейлі талқылады. Ірі ны­санда ұсақ-түйек болмайды. Сон­дықтан ішкі дизайн элементтері, балалар бассейніндегі қабыр­ғалардың жазулары, түс жағынан үйлесімділігі, ғимараттың ішіне де, сыртына да ту тұғырын орнату, сол сияқ­ты ғимаратты жарық­тандыру, тұрмыстық бөлмелерді жабдықтау, кіреберіске тө­селетін плиткалардың түсі мен түрі сияқ­ты мәселелердің барлығы сөз болып, ұсыныстар айтылды. – Бассейн мен «Жастар» сая­бағы және осы маңдағы көшелер өзара бір-бірімен бірыңғай кешен құрап, үйлесімді болуы керек. Бұл мәселелермен бірінші орынба­сарым Лаззат Тұрлашов пен қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов, облыстық Құрылыс басқармасы, қалалық сәулет және басқа да қызметтер тұрақты айна­лысуға тиісті. Байқауымша, аталған ба­ғыт­тағы жұмыстар өте сылбыр. Көбі әлі күнге дейін шешілмеген. Алдағы кезде мұндайға жол бер­меу керек. Келесі кел­генде бүгін жасаған түзетулерімді, қайта да­йындалатын ландшафтық дизайн жо­басын, жалпы абаттандырудың егжей-тегжейлі жоспарын көр­сетесіңдер. Жа­рық шамдарының, орындықтардың, ша­ғын архи­тектуралық формалардың түр­лері сынды нәрселердің барлығы да маңызды. Түгел ойластырып, да­йындап, бекіту керек. Осы ны­санда аптасына екі рет кездесу өткізіп, барлық мәселелерді ше­шуді, жұмысты жандандыруды тапсы­рамын. Екі аптада бір рет келіп, көріп тұрамын, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруіміз керек. Оған қоса әрбір дүйсенбі сайын жұмыстардың барысы, әсіресе, абаттандыру ту­ралы есеп беріп отырасыңдар. Жүзуден түрлі деңгейдегі жа­рыс­тардан өзге бұл жерде бала­ларды, жалпы тұрғындарды жү­зуге үйретеді, су добы­нан, мәнер­леп жүзуден, суға секіруден жа­рыс­тар өтетін болады. Сондықтан күрделі құрал-жабдықтарды ор­натып, оның қыр-сырын жақсы білетін ма­мандар қазір де, бұдан былай да осында жұмыс істесе, жақсы болады. Біз өз та­рапы­мыз­дан алдағы уақытта олардың тұр­мыстық мәселелерін шешуге жәр­демдесеміз, – деген облыс әкі­мі облыс­тық Спорт басқар­масының басшысына мердігер мекемемен бірлесіп кадр мә­селесін кеңінен ойластыруды тап­сырды. Келесі келгенінде абат­тандыруға қа­тысты дизайн жоба­сын көретін болды. Bazis Construction мердігер ком­па­ниясының атқарушы ди­рек­торы Мұс­тафа Афраиловтың айтуынша, құры­лыстың бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Екінші кезеңде іске қосу жұмыстарын қам­тамасыз ету үшін, бассейн­дерді суға толтыру, суды жылыту мен желдету са­пасы тексеріледі. Барлық қажетті ита­лиялық, гер­маниялық құрал-жабдық­тар жеткізіліп, орнатуға дайын тұр. Қа­зіргі кезде ішкі әрлеу жұмыстары жүр­гізілуде. Алдағы аптада компания абат­тандыру жұмыстарына кіріседі. Нысан­дағы жұ­мыстарға 475 адам тартылған, шатырдың өзінде 75 адам жұмыс істеп жатыр. Халықаралық талаптарға сай, әлем­дік стандарттарға толық жауап бере ала­тын бассейннің жалпы алаңы – 27 мың шаршы метр, әлемдік стандарттарға сәйкес 2 бассейні бар. Ұзындығы 50 метр­лік бассейндердің бірі жүзу, аквааэробика, су добы, мәнерлеп жүзу бойынша оқу-жаттығу сабақтарына, екіншісі 5-тен 10 метрге дейінгі биіктіктен суға секіруге арналған.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы