Жамбыл облысы әкімінің тағы бір орынбасары орнын босатты
Жамбыл облысы әкімінің тағы бір орынбасары орнын босатты
©автордікі
132
оқылды
Енді ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Шу ауданының әкімі қызметін атқарады. Шырайлы Шу өңіріне жаңа әкімді облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков апарып таныстырды.

 Жергілікті әкімдіктің аппарат жиынында Бекболат Серікбекұлы денсаулығына байланысты өз еркімен орнын босатқан Шу ауданының бұрынғы әкімі Жарылқасын Айтақовқа адал еңбегі үшін алғыс білдіріп, ал жаңа әкім Нұржан Календеровке артылар жауапкершілік жүгі ауыр екенін айтты. Өз кезегінде Нұржан Сәбитұлы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың артқан сенімін ақтауға бар күш-жігерін салатындығын жеткізді.

Жаңа әкімді қызмет орнына отырғызу рәсімінде Бекболат Орынбеков тіпті «Мен сені өз інімдей жақсы көремін. Әрдайым саған тілектеспін» деп облыс әкімінің орынбасары қызметінде бір жылдан аса уақыт бірге жүрген әріптесін жігерлендіруге тырысты.
 Айта кетейік, Нұржан Календеров еңбек жолын 1997 жылы «Арнабол» ЖШС-да қарпайым есепші болып бастап, 2019 жылы облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған. Бір жылдары Тараз қаласы мен Жамбыл, Қордай аудандарын да басқарған. Қаржы басқармасының басшысы, облыс әкімінің аппарат басшысы сынды лауазымды қызметтерді де атқарған.
Осылайша Жамбыл облысы әкімінің тағы бір орынбасары орнын босатты. Енді оның орнына кім келетіні жұмбақ болып тұр.

Саятхан Сатылғанов,

Жамбыл облысы