Шығыстағы Күршім ауданында қар жауды
Шығыстағы Күршім ауданында қар жауды
©Сурет автордікі
305
оқылды
Табиғат ана қызық қой. Жер бетінің бір бөлігінде жаздың күні қыс болып жатса, екінші бетінде қыстың күні жаз шығып, жаңбыр жауып жатады. Осындай жағдай кеше Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданының аумағында да тіркелді. Дәлірек айтсақ,  Күршім ауданының Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін паром өткелі аумағында қызыл асықтан қар жауып, жасыл кілем жамылған таулы аймақ бір-ақ сәтте қыс шекпенін жамылды. [embed]https://youtu.be/rusS2Zm1GFI[/embed]
Табиғаттың тосын құбылысын Өскемен – Көкпекті – Күршім бағытындағы күре жолмен қатынаған жолаушылардың көпшілігі ұялы телефондарына түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп жатыр. Жолаушылар қалың қардың жазғы дөңгелекпен жүрген көліктерге де, паром қызметіне де айтарлықтай қиындық туындатқанын айтады. Дегенмен, жолда қалу, паромның кестеден кешігуі сияқты жағдайлар орын алмаған. Алайда, жұрттың басым бөлігі жаңбыр араласқан бұршақ пен қардың қалың түсуінен жайқалып тұрған бау-бақша зардап шеге ме деп қатты алаңдауда.
Жалпы Шығыс өңірінде сәуір-мамыр айларының ішінде қар аралас бұршақ жауатыны үйреншікті жағдай. Әсіресе, Катонқарағай, Күршім, Алтай, Ұлан аудандарында, Зайсан мен Тарбағатайдың таулы бөліктерінде бұл айларда күн суытып, қар жауатынына жергілікті тұрғындар үйренген. Ал мына жағдай – мамыражай маусым айының ортасында қалың қардың басып салуы көптен бері болмаған табиғат құбылысы. Айтпақшы осы маусым айының алтысы күні Зайсан ауданының таулы аймағы – Шүршітсу ауылында да кәдімгідей қар басып салған болатын.
Күршімге өтетін паромға дейін Өскемен қаласынан шамамен 150-160 шақырым. Ол аумақта қар басып жатса, ал облыс орталығында бүгін ауа температурасы 32 градус ыстық. Осылайша, айналасы 200 шақырым радиустың аумағында қыс пен жаз қатар келіп жатыр Шығыста. Бұл да табиғаттың тылсым құпияларының бірі демеске лажың жоқ.
  Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы