Оның айтуынша, үкіметтің бірінші кезеңде коронавирустық пандемиямен күресуі дұрыс болды. Соның арқасында бізде басқа елдермен салыстырғанда пандемия деңгейі айтарлықтай қатты болмады. Бірақ шектеулер алынғалы елді бұл дертке шалдыққандардың да, өлім-жітімнің де саны арта түсті.
«Осы симптоммен ауыратын барлық сырқаттанушыны ауруханаға жатқызудың шұғыл шараларын қарастыру керек. Тіпті, шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарын тексеріп, оларды тегін емханаларға эвакуациялау үшін жедел жәрдем пойызын шығарған дұрыс. Оның ішінде тұрмысы төмен отбасыларға тексерілуі мен емделуі тегін болғаны жөн. Жалпы, бүгінгі жағдайды ұлттық деңгейде қосымша карантин шараларын енгізуді қарастырса деймін», - деді Меруерт Қазбекова.
Сонымен қатар, депутаттар соңғы кезде пациенттерді ауруханаға жатқызудан бас тарту, фармацевтикалық орталықтардағы емдік процедуралардың орындалмауы және медицина қызметкерлерінің өздері үшін қорғаныс құралдарының жоқтығы туралы шағымдардың көптеп түсіп жатқанын тілге тиек етті.