«Биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 224,7 мың адам Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысты. 184 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 99 мыңы тұрақты жұмысқа тұрды. Субсидияланатын жұмыс орындарына 85,4 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде: әлеуметтік жұмыс орындарына – 12,6 мың, жастар практикасына – 10,6 мың, қоғамдық жұмыстарға – 62,2 мың адам», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінде.
2020 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарына 1,5 мың адам жіберілді, жыл соңына дейін осы шарамен 16,8 мың адамды қамту жоспарлануда. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарлама аясында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 10,4 млрд теңгеге 2 179 микрокредит берілді, оның ішінде 1 963 микрокредит ауыл кәсіпкерлеріне арналды, олар 2 206 жұмыс орнын құрды. Сонымен қатар, бағдарламаға қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 24 мың мемлекеттік грант беріледі. Биылдың 1 маусымына қарай 5,3 мың мемлекеттік грант берілді. Бұдан басқа, 30 мың адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады.