Талқылау соңында құжаттар мақұлданды. Енді оны қос палата бірлескен отырысында бекітуі тиіс. Сонда Парламент қазіргі Үкіметке сенім білдіргенін паш етеді.
Дегенмен, жиын барысында біраз сын айтылды, түйткілді мәселелер тілге тиек етілді. Мысалы, 2019 жылы Өңірлерді дамыту мембағдарламасын жүзеге асыруға 307,5 миллиард теңге жұмсалған. Соның 1 миллиардқа жуығы (997 млн) игерілмепті. Игерілген миллиардтардан келген қайтарым мен пайда шамалы. Қаржыландырылған жобалар өндірістің өсуіне серпін бермеді. Тек қалаларда көшет пен гүлзар отырғызу, шағын сәулет туындыларын орнату секілді ағымдағы абаттандыруға, инженерлік коммуникацияларды қалыпты деңгейде ұстап тұруға шығындалған.
Оның үстіне, ауыл халқын орталықтандырылған ауызсумен қамту 84,4%-ды құрады. Ол ауылдарда 6,5 миллион адам тұрады. Шынында, ауылдықтардың 7,7 миллионы құбырмен үйіне дейін келетін таза суға қол жеткізуі тиіс болатын. Сондықтан сенаторлар осы бағдарламада қойылған «өңірлердегі халықтың әл-ауқатын жақсарту» мақсатына қол жеткізілмеді деген байламға келді. Ал қабылданған шаралар және басқарушылық шешімдер тиімсіз деп танылды.
Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунованың айтуынша, Үкімет мұнайға тәуелділіктің төмендеуіне қол жеткізбеді. 10 жыл бойы өңдеуші сектордың үлесі 11%-дан аспауда. Экспорттың құрылымында минералды өнімдер 70%-ды құрайды.
– Халықтың нақты табысы 5,5%-ға өскен. Алайда халықтың шығысында азық-түлік тауарларының үлесі 50%-ға дейін жетті. Тіпті, Ресей мен Беларусьте тамақ шығыны табыстың бір ширегінен аспайды. Дамыған елдерде одан да төмен. Халықтың банктердегі кредиті өсіп барады. 2019 жылы тұтыну кредиттерінің өсуі халықтың атаулы табысының 15%-ынан асып түсті. Жалпы алғанда, мемлекет көрсеткен айтарлықтай қолдауға қарамастан, соңғы 5 жылда ел экономикасындағы банк секторының рөлі төмендегені байқалады. Оның активтері ЖІӨ-ге шаққанда 2015 жылғы 60%-дан өткен жыл қорытындысында 40%-ға дейін кеміді. Банктердің несие қоржыны ЖІӨ-ге шаққанда екі есеге қысқарды. Берешектің өсуі жалғасуда. Бизнес үшін қолжетімді және «ұзын» ақша бұрын болмады, сол бойы жоқ, – деді Есеп комитетінің басшысы.
Бюджетті жұмсау кезінде 2019 жылы 428 миллиард теңге тиімсіз пайдаланылып кеткен. Бұл алдыңғы жылғыдан 3 есе артық. Мәселен, Қазақстанда «сақалды» жобалар көп. Яғни, басталуын басталып, алайда түрлі себеппен аяқталмаған, әйтсе де халық үшін маңызды жобалар жетерлік. Өңірлерде жалпы құны 52 млрд теңгені құрайтын осындай 43 жоба анықталып отыр. Оларға 34 миллиард салынған. Ал жобалардың қашан аяқталатыны туралы тіпті болжам да жоқ. Жүзеге асырылып жатқанына 10 жылдан асқан 1 жоба, 5 жылдан 10 жылға дейінгі 23 жоба, 5 жылға дейінгі 19 жоба табылды. Оларды аяқтау үшін енді қосымша ресурстар сұралады.